Үкімет байлар байып, кедейлер кедейлене түссін деп отыр ма?

27.08.2019
Қаралды: 163

Биылғы көктем жауын-шашынды болды. Егін бітік шықты. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, тұнып қалды. Бірақ соны оратын техника тапшы.

 

Арпа-бидайдың орып жиып алар уақыты өтіп кетсе де әлі күнге орылмай жатқан егіс алқаптары бар. Мақсарының пісетін кезі жетті. Арпа-бидай толығымен орылып бітпей жатып комбайндар мақсары оруға кірісіп кетті. Техниканың бәрі жекеменшік, оның өзі аз. Бұрынғыдай колхоз-совхоздар жоқ.

 

Биыл жем-шөп бітік шыққанымен бағасы арзандаған жоқ,  шарықтап тұр. Оның себебі анау мыңдап бордақы байлайтын фермерлердің әсері. Кәсіпкер атанып алған солар жем-шөптің бағасына қарамай жиып алатын болды. Соның әсерінен былайғы шаруа халыққа мал ұстау тиімсіз болып барады.

 

Ал сол фермерлер (кәсіпкерлер) онсыз да үкіметтен субсидия алып отыр. Субсидияны «қайтарымсыз, жеп кетерге берілетін ақша» деп айтады біздің жақта. Қарапайым шаруаның техникасы болмағасын өзіне тиесілі азын-аулақ жерді игеруі қиын, қымбатқа түседі, кеткен шығыны өзін ақтамайды.

 

Қарап тұрсаң, біздің өкіметтің саясаты байлар байып кете берсін, кедей кедейленіп қала берсін дейтін сияқты. Мұны мен ғана емес, ел іші түгел біліп алған, айтып та жүр.

 

Ел ішіндегі дәл осындай мәселелерді біздің әкім мырза комбайнға мінген кезде білді ме екен? Әй, қайдам-ау... Себебі ол кісі төңірегінде қолпаштап жүрген кәсіпкерлерге қарап халықтың жағдайын жақсы деп түсінген болар.

 

Сонымен, биылғы егін бітік шыққанымен арпа-бидай килосы 75-80 теңге, кебектің килосы  60-65 теңге, шроттікі – 110, престелген жоңышқаның бір данасы 450 – 500 теңгеден болып тұр. Фермердің мал басы өсіп жатқанымен, былайғы қара халықтың қолында ұстап отырған мал басы жылдан жылға кеміп барады.

 

Ал Қазақстанда фермер көп пе, қара халық көп пе? Есебіне өзіңіз жете беріңіз.

 

Сіз жақта жем-шөп бағасы қандай?

 

А. ЛАШКЕРҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ