Серікжан Біләш бостандыққа шықты

27.08.2019
Қаралды: 75

Биылғы наурыз айында «үй қамағына» алынған белгілі құқық қорғаушы Серікжан Біләш бостандыққа шықты. Оған 110 мың теңге айыппұл салынды.

 

Сот үкімімен С.Біләшке Қылмыстық Кодекстің  «көпшілікке жария түрде және бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып ұлтаралық алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылды. Қылмыстық Кодекстің бұл бабында (174-бап, 1-бөлігі) кінәлі адамды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Дегенмен сот барысында прокурормен процессуалдық келісімге келуіне байланысты С.Біләшке бас бостандығынан айырудан өзге жаза қолданылды. Айыпталушының өзі мұнымен келісті.

 

С.Біләштің айтуынша, оның бұлайша бостандыққа шығуына Президент Қ.Тоқаевтың Мақсат Ысқақов есімді  кеңесшісінің көмегі тиген көрінеді. Яғни оның өзі соттан шыққасын прокурормен келісімге келуіме сол адам ықпал етті деп айтты.

 

Ал адвокаты Айман Омарованың С.Біләш ісінде ешқандай да қылмыс құрамы жоқ деп әу бастан айтып келгені белгілі. Ол өзінің осы ұстанымында қалды. Сот үкімін заңсыз деп атап көрсетті. «Серікжан процессуалдық келісімге келердей еш негіз жоқ», – деді А.Омарова. Кейін адвокат Айман Омарова осы оқиға бойынша Президент Қ.Тоқаевқа тікелей бейнеүндеу жариялады.

 

...«Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің Қытайдағы қазақтар мен бас­қа да азшылық ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қысымды әшкерелеуде көп жұмыс атқарғаны белгілі. Ол биылғы наурызда қамауға алынған еді. 10-наурызда оны арнайы қызмет өкілдері Алматыдағы қонақүйден түн ішінде ұстап, Астанаға жеткізген болатын. Алғашында «ұлтаралық араздықты қоздырды», «жиһадқа шақырды» деген күдік келтірілген ол «үй қамағына» алынды. Содан бергі уақыт аралығында С.Біләш өзінің кінәсіздігін айтып, тағылған айыпты мойындамай келген еді.

 

С.Біләштің соты  кінәсін дәлелдейтін деректер жиналып жатыр деген себеппен бірнеше мәрте кейінге шегеріліп келді. Сөйтіп өткен 29-шілдеде болған сот оның өзі мен адвокатының сот отырысын қылмыс жасалынды деп көрсетілген жерде, яғни Алматы қаласында өткізу жөнінде берген талабын қанағаттандырды. Сот 16-тамыз күні сағат 10.00-де Алматының Әуезов аудандық сотында өтеді деп белгіленген. Алайда ол айтылған  уақыттан көп кешіктіріліп, түнге қарай өткізілді. Осы процестен соң С.Біләш сот залынан босатылды.

 

Жалпы, С.Біләштің босатылуында ол қамал­ғалы бері бірнеше мәрте наразылық акцияларын жасап, оның босатылуын талап еткен жақтастарының, адвокаты Айман Омарова мен қоғам белсенділерінің үлкен еңбегі бар. Олардың әрекеттерінің арқасында оқиғадан халық­аралық адам құқын қорғаушы ұйымдар да хабардар болып, С.Біләштің босатылуына өзіндік ықпалын тигізді десек болады.

 

Ал өзіне тағылған айыптан процессуалдық келісім жасап құтылған С.Біләш енді 7 жыл бойы қоғамдық ұйым жұмысын басқара алмайтын болды. Оған тыйым салынды.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ