Кей азықта ағзаға зиян бояғыштар бар екен

22.08.2019
Қаралды: 215

Кейінгі кездері кей азықтардың кесірінен ауру-сырқау көбейіп кеткені туралы ескертіп жүргендер бар. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының бірі – Жолымбет Мәкіш таяуда осындай бір жазбамен бөлісті. Онда бүгінде дүкен сөрелерінен табылатын 15 түрлі азықтың тізімі келтіріліпті.

 

«Балалар емханасының педиатры Ринат Асхатұлы Мұратов мына ақпаратты таратуды сұрайды:

 

Кеше жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде бір бала жан тапсырды. Демалыс күндері ол шыны ыдыстағы «Тархунды» ішкен. Ағзада билирубині көбейіп, уланған, екі күн комада жатты, құтқару мүмкін болмады. Балаларға айтыңыз, түсіндіріңіз. Ол жерде өткен жұмадан бері ситро ішкен (шыны ыдыста, маркасы есінде жоқ) бір қыз инелі тамызғыш арқылы дәрі қабылдап жатыр. Абырой болғанда, жансақтау бөліміне түскен жоқ.

 

Дәрігердің айтуынша, ол жердегі бөлімшеде емделуші науқастардың жартысынан көбі қуаттандырғыш (сергітетін, энергетикалық) сусын ішкеннен осындай күйге ұшыраған. Таратыңыздар және ескертіңіздер!

 

Балаларға арналған азықтардың «қара тізімі» мынадай:

 

1. «Тархун» сусыны. «Росинка» маркалы,  Украинанда шығарылған.

2. «С вкусом лайма» алкогольсіз сусыны. «Оболонь» маркалы, Украинада шығарылған.

3. «Дюшес» кәмпиті. «Полная чаша» маркалы, Украинада шығарылған.

Бұлардың құрамында қауіпті «Е-102» бояғышы бар.

4. «MіlkyWay» шоколадты батончигі. Ресейде, «Марс» компаниясы шығарған.

5. «Schweppes» алкогольсіз сусыны. «Пряна Журавлина» («Кока-кола» компаниясына қарайды), Украинада шығарылған.

6. «Гусиные лапки» кәмпиті. «Полная чаша» маркалы, Украинада шығарылған.

Бұлардың құрамында қауіпті «Е-129» бояғышы бар.

7. «Барбарис» кәмпиті. «Полная чаша» маркалы, Украинада шығарылған.

8. «Фруктберри» печеньесінің құлпынай және шие дәмді екі маркасы. «АВК» маркалы, Украинада шығарылған.

Бұлардың құрамында қауіпті «Е-122» бояғышы бар.

9. «Апельсинные и лимонные дольки» мармелады. «Полная чаша» маркалы, Украинада шығарылған. Құрамында қауіпті «Е-102» және «Е-110» бояғыштары бар.

10. «Морские камешки», драже. «Полная чаша» маркалы, Украинада шығарылған. Құрамында «Е-102» және «Е-122» қауіпті бояғыштары бар.

11. «M&Ms», балаларға арналған драже. «Марс» компаниясы, Ресей. Құрамында 5 түрлі қауіпті бояғыш бар.

12. Алкогольсіз, шырыны бар «Fanta» сусыны. Украинада шығарылған, («Кока-кола» компаниясы). Құрамында «Е-104» қауіпті бояғышы бар.

13. Диабетпен ауыратындарға арналған «Розмай» мармелады. Украинада шығарылған. Құрамында «Е-102», «Е-122», «Е-124» бояғыштары бар.

14. Құрамында құлпынай салмасы бар «7 days» орамасы (рулет).  «Chіpіta» маркалы, Ресейде шығарылған. «Е-124» қауіпті бояғышы бар.

15. «Сицилийский красный апельсин» шырынды сусыны. «Сандора» маркалы, Украинада шығарылған. Құрамында «Е-110» бояғышы бар.

 

...Таяуда Ресейдің ақпарат құралдары бұл елдің медицина ғылымдары академиясы қызметкерлерінің «Растишка» балалар йогуртынан бауыр мен асқазан жарасын туындататын аса қауіпті канцероген – этиленгликоль тапқаны жөнінде жариялаған еді.

 

Жасөспірімдердің ауырмай-сырқамай, кенеттен жан тапсыру оқиғалары Ресейде осыдан он жылдан аса уақыт бұрын басталған болатын, бірақ мамандар бұл сұмдық үрдістің нақты сырын еш түсіндіре алмады, сондықтан бұл ақпарат жарияланбай, құпия сақталып келді. Сөйтсе, «Растишка» балалар йогурты құрамындағы канцерогендер ас қорыту жүйесінің, тіпті жүйке жүйесінің жұмысына да аса ауыр әсер етеді екен. Бұған қатысты Ресей медицина ғылымдары академиясының қызметкері А.Соловьевтің: «Балаларға арналған азықта осындай аса қатерлі әсері бар удың болуы мүмкін екені ойымызға кіріп те шықпаған еді», – деген сөзі бар. Яғни мамандар бұл улы затты осы уақытқа дейін басқа азықтардан іздеп келген екен».

 

...Әлеуметтік желі арқылы таралған осы жазба соңы: «Ақпаратты көшіріп, барлық чаттарға жолдаңыз немесе онымен бөлісіңіз. Өзіңізді, туыстарыңызды қорғаңыз!» – деген сөздермен аяқталыпты. Айтылған ақпараттардың шындыққа қаншалықты жанасатынын білмедік, дегенмен қаперде ұстағанның пайдасы болмаса, зияны тие қоймас деген ойдамыз.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ