Ақылды адамға ақылы ақылдың қажеті қанша?

21.08.2019
Қаралды: 160

Әлеуметтік желілерде психология мәселесі маңызды тақырыпқа айналғалы қашан! Соған байланысты өздерін рухани лектор, психолог деп атайтын біраз жандар бүгінде психология аясында мың сан ақпараттар айтып, елге танымал болып жүр. Жер-жерлерде ақылы семинарлар мен тренингтер өткізіп, адамдарға  отбасылық қарым-қатынас, баюдың, бақытты болудың жолдары деген секілді түрлі тақырыптарда лекция оқиды. Алайда мұндай тренингтерге әркімнің көзқарасы әрқалай.

 

Әлия Құдайбергенова: Сондайлардың бірі Шымкентте өткен кездесуінде жиналған қыз-келін­шектерге: «Неге сен «бишкекский» көйлек киіп жүруің керек? Неге сен шешеңе мың доллардың беш­пентін кигізе алмайсың? Неге сен бренд сөмке ұстамауың керек? Неге, айтшы?! Соған лайықсың ба, сонда? Бүгін үйіңе бар да, қимылда. Бүкіл ескі, арзанның бәрін таратып таста да, қымбат киім ал. Естідіңдер ме?!» – деп зәре-құтын алғанға ұқсайды. Психологияны енді бастапты.

 

Кеше бір журналист қыз: «Әпке, дәл сол «жиналыстан» соң кей әйел күйеуін жек көріп, өміріне өкініп, түңілген күйі ажырасып кетпесе игі еді. Ана кісінің айқайы жаман екен», – деп күйіп-пісіп хат жазыпты. 

 

Аты-жөнін айтпады. Шамамен жобалап отырмын. Адамда ақыл-ес болмаса қиын екен ғой. Түк көрмегендік қой. Дүниенің бәрі соған тіреліп тұрғандай.

 

Қызғалдақ Қасымова: Қазір бәрі бай және бақытты болғысы келеді. Соны үйрететін тренингтер де, тренинг жүргізетін ақылшылар да көп. Негізі түсіне білген адамға бақыттын ең үлкен шыңы – денсаулық. Ең бастысы, денсау­лық болып, рухың мықты болса, адам қаласа үлкен жетістіктерге жете алады. Адамды бай ететін – еңбек, еңбек және еңбек. Ал бақытты ететін – жан дүниесінің қа­лауы мен тыныштығы. Егер бай болғыңыз келсе, 100 пайыз еңбек етуге дайын болыңыз. Мотивация­лық кітаптарды оқып алып, «мен қаласам бай боламын, ойша елес­тету керек» десеңіз, қателесесіз. Өзіңіздің жүрегіңізге жақын істі тауып алып, сол жолда еңбек ете білсеңіз, ерте ме, кеш пе, сіз міндетті түрде бай боласыз. Таза еңбекпен тапқан табыстың адалдығынан бөлек, адамға сыйлайтын рахатын айтсаңызшы!

 

Ал қазіргі көп тренинг жүргізу­шілер айтып жүргендей бәрін ойша елесте берсеңіз, түбі жарға жығыласыз. Әр адамның бойында күш те, қажыр-қайрат та көп. Өкінішке орай, соны білмей және өзімізден таппай жатамыз. Содан соң ешқашан біреудің ақшасын санап, жетістіктеріне іштарлықпен қарамау керек. Мейлінше жан-дүниелерінізді таза ұстауға, адал болуға тырысыңыздар. Ешкім ешкімге міндетті емес. Біреудің өмірін әңгіме еткенше, өз өмірлеріңізді гүл етуге тырысыңыздар. Ақша табамын, еңбек етемін деген адамдарға негізі мүмкіндік мол. Тек жалқау және жаман пейілді адам болмайықшы.

 

Гала Бақтыбай: Айнұр Тұрсынбаева «Facebook»-те жиі талқыға түсіп жүр. Бұл жерде Айнұрдан көретін ештеңе жоқ, ол бар бол­ғаны қоғамның жан-дүниесі жетпей жатқан нәрселердің кілтін тапты. Айнұрмен араласқаным үшін араша түсіп мақтамаймын да, даттамаймын да, тек өз ойымды айтқым келеді. Үйде төрт қабырғаға қамалып отырған қаншама қыз-келіншектер бар. Олар үшін Айнұр – керемет баға жетпес жан. Қоғаммен араласып жүрген, көзі ашық жандармен ортасын толтырып жүргендер үшін Айнұр – кәдімгі Айнұр.

 

Өткен қыста Теміртауға бардым. Сыныптас келіншек үйіне шақырды, екі баласы бар. Өзін қанша жылдан бері көрмегенмін, қуанып, үй ішін, бала-шағасын сұрап отырсам, ол маған аузының суы құрып: «Айнұр туралы айтып берші! Айнұрдың эфирін күнде үзбей көремін, марафондарына қатысамын», – деп мәз. Күйеуі де, келіншегі де сыныптасым болғандықтан күйеуі екеуміз ауылдағы балалықты айтып мәз болып отырсақ, келіншегі: «Астанаға барып, Айнұрды көзбен бір көрсем ғой!» – деп «жетінші аспанда» отыр. «Ойбай, кел! «NL»-дің кеңсесіне апарамын. Кімді қалайсың, соны көресің. Әзірге баптап шайыңды құй», – деп қалжыңдадым. Бірақ мен қайтқанша бар ойы Айнұрда болды. Тіпті: «Амандасқанда беттен сүйіп амандасасыңдар ғой, иә? Қандай бақыт!» – деп қояды. Күлейін десем, шын ниетімен айтып отыр.

 

Мен өзім Айнұрдың эфирін кейде ашып қараймын, кішкене тыңдаймын, адамдардың жазып жатқанын оқимын. Өзіме керек жерлері болса, санама түртіп қойып отырамын. Бірақ Айнұрды уақыт санап күтіп, онсыз таң атпай, күн батпай қалатындай оған табынатындар бар. Ол Айнұрдың кінәсі емес, «рамкіде» өмір сүріп жатқан қоғамның кінәсі. Бір жағынан жақсы да, үйінде отырып-ақ армандаған кісісімен тікелей сөйлеседі. Сондықтан да Айнұр жолын тауып жасап жатыр екен, тек қана сәттілік! Қолдарыңыздан келсе сіздер де жасап көріңіздер.

 

Аягүл Мәнтай: Адамның ақыл-ойы дамыған сайын психологты, «рухани лекторды», яғни өзіне ақылы жетпей жүріп біреуге ақыл үйрететін адамдардың ақылын қажет етпейді. Интеллектісі дамыған, ІQ жоғары адам біреуге еш­қашан тәуелді болмайды. Интел­лектісі төмен адам қашанда бі­реудің «сауынды сиыры». Ақылы дамыған адамға біреудің ақылы мотивациясы керек емес. Бес-он мың теңге төлеп, өзін-өзі «рухани лектор» атағандардың лекциясына бармай, сол ақшаға балаларыңа екі пакет азық-түлік апаршы, болмаса ойын-сауық орталықтарына апарып, соларды қуантып, қуаныштарын сырттай бақылап тұршы, сол мотивация, сол шабыт береді. 

 

«Рухани лекторларға» ағылып барып жатқан адамдарға қарап бізде тобырлық сананың өте үстем екенін, тобырды басқару билікке қаншалықты жеңіл екенін, неліктен биліктің білгенін істейтінін пайымдауға болады. Олар «рухани лекторларының», «рухани көсем­де­рінің» өзіне білім, рухани лектор, психолог керек екенін пайымдай алмайды. Ақылы шектеулі жұртқа ақылы ақыл айтып, мотивация беріп, өзін ақылды санап жүрген сол «рухани лекторлардың» ақы­лы, білімі шектеулі. Бірақ адамның басын қалай айналдыруды, қулық-сұмдықты, кешіріңіз, сайқалдықты жақсы меңгерген. 

 

Адам білімді, ақылды болған сайын біреуге ақыл айтудан тыйыла бастайды. Білімі, ақылы шек­теулі адам ғана өзін ақылды, білімді санап, ақыл айтудан жалықпайды. 

 

Кітап дүкендеріндегі «Қалай баюға болады?», «Қалай ақылды болуға болады?» деген және тағы басқа мотивациялық дүниелерге көзім түссе, жүрегім айниды. Рас, осыдан он жыл бұрын жүрегім айнымай қарай алатынмын. Адам сол кітапты сатып алып оқығаннан ақылды болып, не байып кетпейді. Адам ақылды, бай болу үшін алдымен интеллектісін дамытуы керек. Ол үшін көркем әдебиетті, философияны көп оқуы керек, шамаң келсе, физика мен математиканы жақсы меңгер. Тісің батса, ғылыми еңбектерді оқы. Адам анадан интеллектуал болып тумайды ғой.

 

Интеллектісі дамыған адамға психолог та керек емес. Рас, өте саналы, интеллектісі жоғары адамдар депрессияға түседі, оларға психолог керек емес, себебі өз­дерін өздері құтқара алады. Ақыл-ойы шектеулі адамдар депрессияға түспейді, түссе де оны па­йымдай алмайды. 

 

Біздің қоғамның бір бөлігі, жоқ, үлкен бөлігі өздерін өздері «рухани лектор», «рухани көсем» атаған мақтаншақ, даңғойларға барудан тыйылғанда рухани жетілу болады. Қоғам рухани жетілгенде билік өзгереді. Қоғамда өзгеріс, даму болады. Әйтпесе бәрі бекер.

 

...Пікірлер осылай дейді. Рас, психология ғылымы адамға керек-ақ. Оны жарамсыз етуге болмайды. Оның тек қажеттісін ғана ала білген дұрыс. Біреудің дегені дөп екен деп бәрін бастан-аяқ жұта бермеген де жөн шығар.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ