88 түлектің 80-і грант иегері атанды

21.08.2019
Қаралды: 286

ҰБТ тапсыру кезеңі аяқталып, жоғары балл жинаған көптеген оқушылар бүгінде қалаған оқу орындарына түсіп жатыр. Әрине, оған мектептердің де қосқан үлесі зор.

 

Мысалы, биылғы тестілеудің нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша үздік көрсеткіш көрсеткен оқу ордасы – №90 жалпы орта білім беретін мектеп болыпты. Жыл сайын жақсы нәтиже көрсететін аталмыш білім мекемесі биыл да сол дәстүрден жаңылмаған екен. Бұл туралы мектеп директоры Арман Орынбеков былай дейді:

 

«2018-2019 оқу жылында 88 бітіруші түлек  ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Қуантарлығы, 6-тамыз күнгі жинақталған  мәліметтер бойынша мектебіміздің 80 түлегі мемлекеттік грант иегері атанып отыр.

 

Биыл біздің мектеп­тің тесті­леу­дегі орташа көрсет­кіші 107 балды кұрап отыр. Былтырғы оқу жылымен салыс­тыр­ғанда қала мек­тептері арасында ең үздік нәтижеге жеттік. Біті­руші­леріміздің көпшілігі ақпараттық технологиялар, менеджмент және басқару, әуе кө­лігі және технологиялары, фармацевтикалық өндіріс технологиясы, жалпы медицина, электр техникасы және энергетика мамандықтарын таңдаған. Сөйтіп әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Л.Гумилев атындағы «Еуразия» ұлттық университеті, Сүлейман Демирель атындағы университет, Азаматтық авиация академиясы секілді еліміздегі беделді жоғарғы оқу орындарына оқуға түсті. Мұның барлығы талапшыл пән мұ­ғалімдері мен ықыласты ата-аналарымыздың еңбегі деп білемін. Бітірушілерге мамандық таңдауда мектеп тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп, мемлекеттік грант иегері атануына мүмкіндік жасалып отырады. Сондықтан да болар, жеті жыл көлемінде 500-ден астам түлектеріміз ЖОО-ның грант иегерлері атанды».

 

Мектептің жетістігі мұнымен шектелмейді екен. 2018-2019 оқу жылында Шымкент қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша ІV республикалық пәндер олимпиадасында 10-сынып оқушысы Бекзат Ералиев «Қазақстан тарихы» пәнінен І-орын иеленіпті. Ол осы олимпиада қорытындысы бойынша бұрынғы Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинованың ІІ дәрежелі дипломымен, күміс медалімен, сондай-ақ Қызылорда облысы педагогикалық қызмет­керлердің біліктілігін арттыру институты директоры Б. Елеусіновтің І дәрежелі дипломы және ақшалай сыйлығымен марапатталған. Бекзат сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу мәртебесіне де ие болған.

 

Осы байқауда 9-сынып оқушылары Ақбота  Қуандықова мен Мейірбек Бақтияр математика және Қазақстан тарихы пәндерінен І орынды иеленген.

2018-2019 оқу жылы мектеп үшін өте сәтті болыпты. Оқушылардың үздік көрсеткіштері аз емес. «Алтын Қыран» республикалық зияткерлік олимпиадасының қорытындысы бойынша мектептің 179 оқушысы жүл­делі орын алса, «Алтын Ұрпақ» облыстық байқауынан 10 оқушы тағы да жүлдемен оралған. Сондай-ақ «Бәйтерек» байқауынан Қазақстан тарихы пәні бо­йынша байқаудан 3 оқушы жүлделі орын иеленген. Шымкентте химия пәнінен өткен ХІІІ Д. Менделеев олимпиадасынан Кәмила Қасымбек те ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталыпты.

 

Сондай-ақ бұл мектепте сыныптарда, асханада, спорт залында бейнебақылау орнатылыпты. Яғни директордың өзі сыртта жүрсе де сабақтың барысын ұдайы бақылап отыра алады екен.  Ата-аналарға да осы бейнекамера арқылы ортақ чаттан балаларының сабақ үл­герімін қадағалауына мүмкіндік жасалған. «Бейнекамера орнатылған соң «баламды ұрды, соқты» деген сияқты орынсыз шағымдардан құтылдық, мұғалімдердің де сабақ өтудегі жауапкершілігі арта түсті», – дейді директордың өзі. 

 

Ендеше, алдағы уақытта да бұл білім ордасы бізді тек жақсы жаңалығымен қуанта береді деген сенімдеміз.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ