Өзі де, өмірі де ерекше адам

21.08.2019
Қаралды: 345

Биыл 50 жасқа толған Амангелді Еңсебайұлы –  дертті жандарға жәрдем беруді қолға алған емшінің бірі. Таяуда біз ол кісіге жолығып, емшілік жолға қалай түскені жөнінде сұраған едік.

 

Аян берілген екен

 

– Мен Талдықорған облысы, Алакөл өңірінде өмірге келгенмін, – дейді ол. – Әкем шөп дәрілермен айналысқан кісі. Анам құмалақ салған, бала көтермеген әйелдерді емдейтіні де есімде.

 

Анам – 12 құрсақ көтерген жан. Мен – әкемнің 71 жасында, шешемнің 50-ге таяғанда көрген кенжесімін. Сол күні әкеме түсінде бір ақсақал келіп: «Бізде жеті нәрсе бар. Сол жеті қасиетті осы балаға бересің», – деп бұйырыпты.

 

Анам ертерек қайтыс болды. Өзінің кететінін алдын-ала білді. Мені шақырып алып: «Мен жақында дүниеден өтемін. Біраз жыл әкеңмен тұрасың.  Кейін әкең де қайтып, жалғыз қаласың. Бауырларыңның ешқайсысы саған қамқор бола алмайды. Балам, көрер бей­нетің көп. 28-ге келгенше азап шегесің. Шыда бәріне», – деді.

 

Анам 8-наурыз күні өмірден өтті.  Әкем екеуміз бір-бірімізге серік болып қала бердік. Ол маған шөппен емдеуді, қан алуды, көне халық емдерін, өзінің емшілік қасиетінің қыр-сырын үйретті.

 

Анам секілді әкем де үнемі өмірім сынаққа толы болатынын ескертіп отыратын. Ол кісі 102 жасқа қараған шақта өмір­ден өтті. Қайтыс боларынан 3 күн бұрын бата бере отырып: «Шырағым, сен қорықпа, мен шындығын айтып ке­тейін. Мен кеткен соң 1 жылдан кейін жағдайың қиын болады. Сен аянмен туылған баласың. Алладан берілген қа­си­етті ұста. Баста ешнәрсені түсінбейсің. Намазға жығылып, Аллаға жақындасаң, ақырындап өзі же­телейді. Кісі қарайсың. Кейін халықтың ішінде боласың, көп­шіліктің адамына айналасың. Айтқанды істе, әйтпесе олар екіншің перзентіңді – қызыңды алып кетеді», – деді.

 

Мамырдың 15-інде әкем өмірден өтті.

 

Қасиетті қууға болмайтынын білдім

 

Әкем қайтқан соң 1 жылдан кейін өмірім шынымен де мүлде өзгеріп кетті. Қайта-қайта ауырып, жатып қала бердім. Түсініксіз нәрселер көремін. Ауруханаға барамын, тексері­лемін, болмайды. Жүрек тұсым шаншиды. Зиратты көремін. Мешітке барсам, бо­йым жеңілдейді.

 

Көп ұзамай менде алдағыны көру деген нәрсе пайда болды. Әсіресе таңғы 3 пен 4-тің арасында аяқ астынан алда болатын нәр­селерді көремін. Намаз оқып отырғанда да тәспіні ұзақтау тартып отырып қалсам қалғығандай бір сезім болады да, көз алдыма үзік-үзік суреттер келеді. Ескерту айтсам, дос-жаран, туған-туыс жын ұрып кеткендей шошына қарап, жақтырмайды. Біреу жынды деді. Біреу бақсы деді. Ел менен қашатын болды. Сол ескертуді тыңдамағаннан өмірден өтіп кетіп жат­қандар да болды.

 

Бір жылдан асқанда өмірге қызым келді. Ол кезде мен тылсым дүние жетегінде жүр­генмін. Ұйықтамаймын, ал көзім ілінсе болды, айқайлап оянамын. Бойымды бірдеңе қысады. Дереу зират­қа – әкемнің басына кетемін. Сол жаққа барып, құран оқысам, бойым жеңілдейді. Сосын ме­шітке барамын. Жұмыс істей алмадым, жағдайым күннен күнге нашарлай берді. Жұмысқа шықсам 10 күн істеймін, 1 ай ауруханада жатамын. Дәрігерлер қалай емдейтіндерін білмейді. Қысылған сайын ата намаз оқы дейді. Ақыры қайта-қайта келіп, жолға түс дейтін аталарға менен аулақ жүріңдерші деп ұрсып тастадым. Содан ба, 4 айлық қызым қолымда шетінеп кетті. 1,5 айдан соң жолдасым кетіп қалды. Жал­ғыз қалдым. Денсаулық жоқ. 1 жыл 8 ай ешкіммен, тіпті бір жанмен араласпай, жабайы адам сияқты жалғыз өмір сүрдім. Мешітке барсам ғана жаным жай табады. Бірақ кешке ол жақты жа­уып қояды. Сонда түнде зиратқа, әке-шешемнің жанына барып жатамын. Дел­құлының күйін кешкен кез еді ол.

 

Ұстаздарым көп нәрсе үйретті

 

Бірде айдалада адасып, су ортасында қалдым. Қанша жүрсем де жағалау жоқ, белуардан балшық су кешіп, қамыс арасынан жағалау таппай, өлуге айналдым.  Денемді су сорып тастады, қатты әлсіредім. Азық, тіпті су жоқ. Аштық та әл-дәрменді әкетіп барады. Өлеріме көзім жеткенде Аллаға жалбарынып, шын өкініп жыладым. Жолға түсуге, қасиетті мойындауға уәде бердім. Көп ұзамай жанымда – 50 метр жерде жағалау пайда болды. Үш жарым күн дегенде үйге аман-есен жетіп, Құранды құшақтай құладым.

 

Жолға түсу – қасиетті түсініп, қа­былдау оңай нәрсе емес. Бұл ретте маған Алла мықты ұстаздар жіберіп отырды. Құмар деген емші болатын. Құмалақты шашып тастап, сөйлетіп отырушы еді. Сол кісі: «Ұстамасаң болмайды. Болып қапсың ғой. Енді ұстамасаң асылып өлесің мына түріңмен. Байжұма әулиенің басына бар. Мал сойып, түнеп қайт», – деді. Түнедім. Түсімде ата: «Босағамнан 41 тас ал. Ертең осында тағы бір түнейсің. Содан кейін батамды беремін. Сенің шешең құмалақ ұстаған адам.  Сен де 4-5 жыл құмалақ салып жүресің. Сол құмалақ сені жетелеп алып шығады. Одан кейін, тәжірибе жинаған соң шөппен емдеуге көшесің. Содан кейін түпкілікті батаңды аласың», – деді. Айтқанын істедім. Бір жарым айдай құмалақты шашып тастап, соны сөйлетуді үйрендім. Одан кейін шөптермен емдеуге көше бастадым. Ауырып қалған кісі болса, емі қайдан табылатынын айтамын. Іздегенге жол сілтеймін.

 

Түркістаннан Серік деген кісі іздеп келді. Аянмен кеудемде айдың ізі барын білген. Қасында Әбдікерім деген молда бар. Бұл екі ұстаз маған қасида үйретті. Дұғалармен емдеуді меңгердім. Өкпемен қағу тәсілін қабылдадым.

 

Аягөзде емшілік, көріпкелдік қасиеті өте мықты кісі бар еді. Зар айтып, жылап отырып бата берді. Содан бойыма қобыздың сарынын сіңірдім.

 

Зинаш деген молда ата екі өзеннің қосылған жеріне апарып, 40 күн шілдеге отырғызды. Таң бозарып ат­қанда беліме, аяғыма құйрық май жағып тастайды да, суға түсіреді. Су сондай суық. Сол жерде «Ясинді» 41 рет тоқтаусыз оқып, түс ауа судан шығамын.

 

Бірде «Ясин» оқып отырғанда сәлде оранған үш ата келді. Сол кезде қол-аяғым істемей қалды. Аузым ашылмайды, сөйлей алмаймын. Сол үш ата батасын берді.

 

«Ясинмен» кемінде 3 мың адам емделді

 

Мен қазір негізінен «Ясинмен» жұмыс істеймін. Қазақстанда соңғы 10-15 жылда көтеріліп ауырған (жын тиген, эпилепсия, шизофрения болған) жоқ дегенде 3 мың адам менен емделіп шықты. Аузы қисайып, аяқ-қолы тартылып қал­ған, аурухана ештеңе істей алмаған талай адамға Құран шипа болды. Бұдан бөлек, онкологияға шалдыққан бірнеше адамды «Ясин» құдіретімен ауруынан айық­тырдым.

 

Қояншық (эпилепсия) 1-ші сатылы болса, ол – аурудың ауыр түрі, оны ем­демеймін. Өйткені ем жасап жатқанда оларға ауыр тиеді, дұға күші мен энергетиканы қабылдай алмай, ауырсынып, бірден құлап қалады. 

 

Елордада жатыр мойны қатерлі ісі­гінің  асқынған түрімен ауыратын апай болды. Оны шөппен емдедім, 80 күн дұға оқыдым. Жазылып кетті. Емі жоқ деген псориаздың шөп тұнбасы арқылы 2 айда жазылған кезі бар.

 

Қайбір жылы 12 жыл төсекте жат­қан әскери лауазымды кісіні емдедім. Бір аяғы қатты ісіп кетіпті. Баста жамбасы ұршықтың басынан сынып кеткен екен. Мәскеу­де ота жасатып, темір салған. Әдетте жамбасқа, жалпы денеге бөгде зат қой­ғанда ол жерге сары су жиналады. Оның ағзада қалып қоймай, сыртқа шығып кетуі үшін түтікше қояды. Бұл кісіні ұшаққа салып жатқанда сол түтіктің ұшы бір медбикенің қалтасына ілініп, жұлынып кетеді. Айтса ешкім тыңдамай, Қазақстан­ға аттандырып жіберген. Үйіне келеді, мұнда да дәрігерлер сөзіне мән бермейді. Содан сүйектің ішінен ағып тұрған сары су сыртқа шықпай, денеге тараған. Оған сүйектің рагі деген диагноз қояды. Мен ол кісіні 10 күн ішінде аяққа тұрғызуға уәде бердім. Аяғындағы өзім көздеген нүктеге арнайы инені сұғып алдым. Ірің аралас сары су атқылады. 18 литр – 2 шелекке жақын сары су алдым. Осының бәрі бір аяқтан шықты. 12 күнде аяғынан тік тұрып, балдақпен жүре алатын болды. Мұндай оқиғалар менде өте көп.

 

Емдік құралдарым – қобыз, тәспі, қамшы, пышақ. Тамыр ұстаймын. Сол кезде барлық аурудың себебі мен емі белгілі болады. Емдеу тәсілім – ішірткі, дұға, дем салу, ұшықтау. Екі алақанмен ұстап отырып энергетика жіберемін. Көтерілгендерді қамшымен, қобызбен аластап емдеймін. Медицинада себебі ашылмай жатқан белгісіз ауруларды дұға мен биоқуатпен, ал қотыр, жара сияқты түрлі тері ауруларында Алладан тілеп, дем салып, ұшықтап, сосын шөптен  дәрі беремін, инесін саламын. Негізінен деммен емдеп отырамын.

 

Онкологияның ауыр сатысын, ашық түрлі туберкулез, жұқпалы ауруларды емдемеймін. Гепатитті қарамаймын. Со­қырішек болса, оны бірден анықтап, дереу ауруханаға жіберемін.

 

Бүгінде «Қасиет» деген емшілер қо­ғамының прези­дентімін. Қатарымызда сынақтан өткен, тәжірибе жинаған 84 емші бар. Жанына шипа іздеген жұртшылыққа қызмет көрсетіп жүрген жайымыз бар.

 

...Біз Амангелді Еңсебайұлымен ұзақ сөйлестік. Оның бізге айтқаны бір төбе десек, айтпағаны мың төбе екенін ұқтық, адам қасиетті емес, қасиет адамды таңдайды екен-ау деген ой түйдік.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ