Атамбаев қалай адасты?

21.08.2019
Қаралды: 252

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың өткен 8-тамызда қамауға алынғаны белгілі. Ол Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша ұстау абақтысына жабылды, әзірге онда 26-тамызға дейін отыратыны туралы айтылуда. Одан әрі қарай ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын сияқ­ты.

 

Ауыр айыптар тақты

 

Кешегі аптада А.Атамбаевқа Қылмыс­тық Кодекстің «тәртіпсіздіктер ұйымдастыру», «заңсыз қару айналымы», «тергеу­ге кедергі жасау», «кепілге адам алу», «кісі өлтіру», «адам өлтіруге оқталу» және тағы басқа – барлығы 14 бабы бойынша айып­тар тағылды.

 

Мұның бәрі күш құрылымдарының оны Қой-Таш ауылындағы үйінен тұтқындамақ болған кезінде орын алған оқи­ғаларға байланысты болып отыр. Ал оның алдында Парламент депутаттарынан құралған арнайы комиссия оған Президент болған кезінде жол берген деп бес түрлі айып таққан болатын, оны Бас Прокуратура қолдаған еді. Кейін ол экс-президент мәртебесінен және дербес тиіспеушілік құқынан да айырылды.

 

Сондай-ақ Атамбаевты атышулы қылмыскер Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз шығарған деп те айыптауда. Оны осы іс бойынша куәгер ретінде Ішкі істер министрлігінің тергеу басқармасына үш мәрте шақыртып, келтіре алмады. Өйткені Атамбаев ел заңына, сот жүйе­сінің тәуелсіздігіне, әділдігіне сенбеді. Сосын оны күш қолданып әкелуге арнайы жасақ жіберілді. Осы кезде қақтығыс болып, адам өлімі орын алды. Іс насырға шапты.

 

Достар қалай жауға айналды?

 

А.Атамбаевтың 2011-2017 жылдар аралығында Президент болғаны белгілі. 2017 жылы күздегі кезекті Президент сайлауында ол кезінде Ош облысының губернаторы, Премьер-министр қызметтерін атқарған өзінің досы, қазіргі Президент Сауранбай Жиенбековке ашық қолдау көрсеткен болатын. Жұрт оларды арасынан қыл өтпестей дос санайтын. Атамбаев та Жиенбековтен көп үміт күтті, оны өзінің саясатын ілгері апаратын ізба­сарым деп ұқты. Оған: «Сөке, досым...» – деп жұрттың көзінше төгілтіп тұрып бата берді. Жиенбеков те оған риза сияқ­ты еді, оның да алғашқыда Атамбаевтың саясатын жалғастырамын деп айт­қаны жұрттың есінде.

 

Бірақ өмірде бәрі де басқаша болып шықты. Алғашында Атамбаевты тыңдайтындай болып көрінген Жиенбеков бірте-бірте өз әрекеттерін жасай бастады. Осыдан сезіктенген Атамбаев алғашында оған: «Бауырың депутаттық мандатын тапсырсын», – деген сияқты жайсыз сөздерді жұрттың көзінше айтып, ашық тиісе бастады. Яғни Президенттің туған бауыры Асылбек Жиенбеков бір кездері Парламент спикері болған әрі сол кездері Жогорку Кенеш депутаты еді. Атамбаев бұдан кейін де Жиенбековті кінәлауды жиілетті, кезінде оны қолдағанына өкініп, тіпті «сатқын» деген тұрғыда намысқа тиетін сөз айтып та жіберді.

 

Бұл кездері С.Жиенбеков өз саясатын күшейте бастады. Соның нәтижесінде Атамбаевтың биліктегі жақтастарының көбі (әсіресе Мемлекеттік ұлттық қа­уіпсіздік комитетіндегі, Ішкі істер саласындағы) қызметінен айырылды, өз еркімен кетті немесе үстінен қылмыстық іс қозғалып (мысалы, бұрынғы премьер-министр Сапар Ысқақов), түрмеге жабылды. Бәле-жаладан аман қалған саясаткерлер енді Жиенбековтің қас-қабағына қарап, соған қарай ыңғай бере бастады. Билік басындағы тепе-теңдік бұзылды, Атамбаевтың адамдары аза­йып, Жиенбековтің адамдары бел алды. Атамбаевтың билікке ықпалы әлсіреді.

 

Ықпал мен ресурстардан айырылу Атамбаевты одан әрмен ширықтырды. Ол Жиенбековке қарсы әрекеттерін күшейте берді. Алғашында социал-демократиялық партияға иек артқан еді, кейін партия да өз ішінен бөлініп, бір­шама әлсіреді. Ақырында Атамбаевтың өзі партия төрағасы қызметінен кетті. Осыдан кейін онда 2020-жылы мамыр айында өтетін Парламент сайлауында қатысып, жеңіске жетуге де мүмкіндік қалған жоқ деуге болады.

 

Осының бәрі бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде орын алды, ақырында бұрынғы достар бір-бірімен бітіспес жауға айналып шыға келді. Бұрынғы досына көңілі қалған қазіргі Президенттің кешегі Қой-Таштағы оқиғадан соң: «Ол сотқа бұған дейін куәгер ретінде шақырылып еді, енді ауыр қылмыстары үшін жауап беруіне тура келеді», – деп айтып салуының өзі көп нәрсені аңғартса керек.

 

...Жалпы, бұрын-соңды орын алып жатқан оқиғаларға қарай отырып Қыр­ғызстанда ішкі саясаттың ертең қалай құбыларын болжау оңай емес деп айтуға болады. Мысалы, Атамбаев пен Жиенбеков әу баста осылай жауығамыз деп ойлап па еді? Оларды осындай күйге бір-біріне деген өкпе-реніш, сенбеу­шілік, қорқыныш жеткізген сияқты. Кей жағдайларда менменсіп, астамсып кеткен жерлері бар. Оның үстіне Қырғызстанда «оңтүстік», «солтүстік» деп бөлінетін кландардың ара салмағын да дөп басып ұстап тұру қиын. Кейбіреу­лердің астыртын құйтырқы әрекеттері де өз дегенін істеген болуы ықтимал сияқты.

 

Қалай дегенде де алғашқы екі пре­зидентін тақтан тайдырып, елден қуып шыққан Қырғызстанның үшінші прези­дентінің тағдырында өте өкінішті жайлар орын алып жатыр. Президенттіктен кеткесін тыныш жүргенінде мүмкін бас­қаша болар ма еді?..

 

Н. Әбді.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ