750 бала тәрбиелеп өсірген

20.08.2019
Қаралды: 201

Бүгінде өзге түгілі, өз баласынан безіп жүргендер қаншама. Тастанды сәбилер де сол жауапсыздықтың нәтижесі. Десе де елімізде жетім-жесірлерді қанатының астына алып, әрбірі аяқтанып кеткенше қамқорлық танытып жүрген Тұяқ Есқожина туралы айтпай кетуге болмайды.

 

Тұяқ апа Алматы облысы, Талғар қаласының тұрғыны, бүгінде 75 жаста, қажы. Ол кісі жиырма жылдан бері «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің директоры. Балалар үйі жекеменшік мекеме, себебі Тұяқ апа мұны ашу үшін өзінің тұрып жатқан үйін сатқан. Қазіргі таңда мұнда 50 бала тәрбиеленуде. 20 қызметкер жұмыс істейді. Балалар үйінің бүгінгі жай-күйі туралы Тұяқ Есқожинаның өз аузынан білуге тырыстық.

 

«Мен өзім жетім өскен баламын. Кеңес Одағының қызымын. Көшеде нан сұрап, тентіреп жүрген жетім балалар көп ойландыратын еді. Кейіннен жолдасыммен ақылдаса келе осы шаруаны қолға алдық. Осылайша «Нұр» қайырымдылық балалар үйі өз жұмысын 1998 жылы 25-тамызда бастады. Әуелгіде 120 бала жиналды. Біреуі аяқтанып кетіп жатса, орнына тағы бірі келіп жатты. Сол жиырма жылдың ішінде 750 баланы тәрбиелеп шығардық. Әрқайсысы жоғар­ғы оқу орнын тәмамдап, бас құрап, аяққа тұрып кеткенше қолымда болды. Барлық салт-дәстүрді сақтап, қыздарымды өзім қолдан ұзатып шығарып салдым, ұлдарымды да үйлендірдім. Қазір бәрі жан-жақта, біразы Алматы қаласында, шетелге кеткендері де бар. Олар кетсе де байланыссыз емес, хабарласып, көмектесіп, келіп тұрады», – дейді қажы апа. Тұяқ апа әзір де сол ұл-қыздары «құда келеді» дегеннен-ақ қамдана бастайтын көрінеді.

 

Бүгінде мұндағы тәрбиеленушілердің ең кішісі 2 жаста болса, үлкені 17-де. 20 қызметкердің барлығы Тұяқ апаны «мама» деп атайды екен. Апа балалары әбден аяқтанып кеткенше балалар үйінен ешқайда кетпейтінін айтады. Жоғары білім алуы үшін оларды алдымен колледжге, содан соң жоғары оқу орнына ауыстырады екен. «Әйтпесе балаларым тиісті балды жинай алмай, оқуға түсе алмай қалып жатады», – дейді ол кісі.

 

Апаның жолдасы Әнуар Байсарин «Нұр» қа­йырымдылық балалар үйінің директорының орын­басары. Жолдасы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсі­ріпті. Үшеуі де балалы-шағалы. Тұяқ апа үш ұлымен бірге бір шаңырақ астында тұрады. Береке-бірлігі жарасқан бұл отбасыда үш келіні де, екі ұлы да ұстаздық қызмет атқарады екен. Тұяқ апа әулетінде мұғалімдердің көптігімен мақтанады. Апаның өзі де білім беру саласында елу жыл қызмет еткен. Балалар үйінің қазіргі қаржылық жағдайы жеке тұлғалар мен демеу­шілер, еріктілер тарапынан жасалған қайырымдылық есебінен толығуда. Осы үйде тәрбиеленіп өсіп, аяқтанған ұл-қыздар да өздерінің ұшқан ортасына жәрдем беруді ұмытпайтын көрінеді. 

 

«Адал ниет болса бәрі де болады. Көз қорқақ, қол батыр. Осы сәтті пайдаланып мен бізге ұдайы қол ұшын созып, жәрдемдесетін халқыма, демеушілерге, еріктілерге, студенттерге, қажыларға қолдаулары үшін алғыс айтамын!» – дейді апа.

 

Аталған балалар үйіне барар жер, басар тауы жоқ, күйеуінен қорлық көрген, балалы немесе аяғы ауыр келіншектер де көмек сұрап келеді екен. Сондай 19 келіншекті Тұяқ апа Алматыдағы Аналар үйіне орналастырыпты.

 

Иә, апаның мейірімі де, қамқорлығы да бәріне жеткілікті. Жетімнің басынан сипаған мұндай жандардың арамызда болғаны қандай жақсы!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ