Қайырымды істі жар салмай жасаған жөн

20.08.2019
Қаралды: 72

Елімізде жыл сайын тамыз айында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтеді. Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы жанұялардың балаларын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау.  Бұл акция биыл да жүрді.

 

Иә, аталған шаралардың ұмытылып кетпей ұйымдастырылып тұрғаны жақсы-ақ. Базар бағасы шарықтап тұрған заманда мұндай қайырымдылық тұрмысы төмен отбасылар үшін әжептеуір көмек. Оған атсалысып жүрген демеушілерге де мың алғыс!

 

Дегенмен осындай шараларды өткіз­генде ол туралы жаһанға жария қылудың қажеті не деп ойлаймын. Тіпті есеп беру қажет болған күннің өзінде акцияның ұйымдастырылғаны туралы азын-аулақ ақпарат айтылса болды емес пе? Бізде керісінше, мектеп керек-жарақтарын балаға ел алдында ұсынып,  оның суреттерін әлеуметтік желіге жарқыратып жариялап қояды. Тұрмысы төмен отбасы ретінде өздерінің әлгіндей суретін желіде көрген баланың, ата-ананың көңіл-күйі қандай болмақ? Онсыз да жарымжан көңілі одан сайын құлазымай ма? Ата-ана бала-шағасын мектеп құралдарымен қамтамасыз ете алмағанына, ал бала құрбы-құрдастарының алдында намыстанады. Бұл туралы ойлап жатқан ешкім жоқ. 

 

Бір ауылдың балаларын жаппай мектеп формасымен қамтамасыз етіп жатса бір сәрі, ұсынылған екі сөмке мен санаулы қағаз-қаламды алтын бергендей етіп айтқанды қояйықшы! Шариғатта да «Оң қолың істеген жақсылықты сол қолың білмесін» дейді. Ондай нәрселерді үйіне апарып беріп, үн-түнсіз ғана жасаған әлдеқайда дұрыс болар еді. Сонда бұл берген адамға сауапты іс, ата-ана мен балаға қуаныш болар еді. Әйтпесе құр есеп пен мақтангершілікке құрылған қайырымдылықтан не пайда?

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ