Бірыңғай форма елдің бәріне ыңғайлы ма?

20.08.2019
Қаралды: 134

Ата-аналардың келе жатқан жаңа оқу жылына байланысты азын-аулақ қаржыны қалтаға басып, базар аралауға көшкені белгілі. Жасалатын сауданың басы оқушы балаларға мектеп формасын алудан басталады. Соңғы жылдары әрбір білім ордасы жаппай бірыңғай форма киюге өтіп жатыр. Соған байланысты ата-аналар әлгі мектептің белгіленген форма үлгісін бір ғана нүктеден алуы тиіс. Бұл форманы сатып алар кезде ондағылар қандай баға қойса да алушы ата-аналар соған келіседі деген сөз. Өйткені «сенен алмасам басқадан алармын» дей қоятын таңдау да жоқ.

 

Әрине, ондағы бағалар шарықтап тұр деп айтуға келмейді, дегенмен мектептің бірыңғай формаға өтуі көпбалалы жанұялар үшін әжептеуір салмақ болуда. Мәселен, Шымкент қаласындағы бір емес, бірнеше мектепке киім үлгілерін ұсынып отырған «Алтын адам» дүкендер желісінде қыздар белдемшелері – 3500-4000 теңге, күз-қыс мезгілдеріне арналған жемпір – 5000 теңге, шалбар, ақ жейде, жакет – әрқайсысы 3000 теңге шамасында. Сонда бір баланың бастан-аяқ түгелденген формасы 15.000 теңгенің шамасына шығып тұр. Үлкен баланың сыймай қалған киімін немесе былтырғысын киеді дейтіндей емес, мектеп бірыңғай формаға көшіп жатқан соң оны ата-ана балаларының бәріне бірдей сатып алуы қажет.

 

 

Иә, біреулер 15.000 теңгені қымбатсынбауы да мүмкін, бірақ бірнеше баласы бар отбасылар үшін бұл аз ақша емес. 

 

«Мен форма туралы мектепте болған жиналысқа қатыспадым және оны алмаймын да. Үш балам мектепке барады. Оның бәріне бірдей әпере алмаймын. Тап­қанымды кигіземін. Форма алмадың деп мектептен шығарып жібермейтін шығар», – деп ашынады Гүлсана Темірханқызы. Гүлсананың төрт баласы бар, өзі жал­ғызбасты ана. Базарда тауарын жүре сатып тапқан тиын-тебенімен әйтеуір өлместің күнін кешіп жүр.

 

Осылай күнелтіп жүрген жалғыз Гүлсана емес, ол сияқтылар жетіп-артылады. 40-50 мың теңге кіріспен тіршілік кешіп жүрген көп балалы отбасыларды да білеміз. Олар қайтпек? Мектепке қажетті заттардың тізімі тек формамен ғана толықпайтыны белгілі жайт. Оған дене шынықтыру пәніне киетін спорттық киім, аяқ киім, сөмке, қағаз-қаламдары сияқтыларды қосар болсақ, бір баланы бастан-аяқ мектепке дайындау үшін кем дегенде 60-70 мың теңге жұмсалады екен. Ал енді 6-7 демей-ақ қояйық, 3-4 оқушы баласы бар отбасыларға ұл-қызының жоғын түгендеу үшін үшін қанша қаражат кететінін есептей беріңіз.

 

Әрине, бірыңғай мектеп формасының болуының жақсы тұсы да жоқ емес, ол оқушылар арасындағы әлеуметтік шекті болдырмайды. Бірі қымбатын, бірі арзанын алыпты деген әңгіме жоқ, мектепте бәрі бірдей жүреді. Бірақ әр білім ордасы әр түрлі үлгіні таңдайды. Бала ойда-жоқта бір мектептен екіншісіне ауыса қалса қайтадан форма алуы тиіс болады. Меніңше, Кеңес Одағы кезінде бүкіл мектептерде бір түсті көйлек киіп, ақ фартук таққаны сияқты форма тек бір мектеп бо­йынша ғана емес, еліміздегі барлық білім ордалары бойынша бірдей болуы тиіс секілді. Сонда ата-ана да бір дүкенді айналшықтамай, бәсекелестік орнаған соң оларға сапа жағынан да, баға жағынан да таңдау болар еді.

 

Форма сатып алуда көп балалы отбасылар үшін жеңілдіктер де керек-ақ. Жеңілдік болмашы тиын-тебен емес, ата-анаға аз да болса сеп болатындай болуы қажет. Әйтпесе «төрт баланың киімін түгендеймін деп шашым ағарып кетті» деп бір туысым айтпақшы, талай ата-ананың шашы ағарып жатқаны белгілі. Бірыңғай форма аламыз деп бас салып жар салмас бұрын  бір сәт ата-ананың да жағдайын ойлап қойған дұрыс болар. 

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ