Үржарда бір той өтті дүрілдеген

20.08.2019
Қаралды: 280

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында дүрілдеген бір той болып өтті. Елбасының інісі Болат Назарбаев 1 жасқа толған Еркежан есімді қызының тұсаукесерін жасады. Осындай бір ерекше тойдың болғалы жатқаны туралы біз «Заманада» бұған дейін де жазған едік. Сол сөз рас болып шықты.

 

«Ютуб» желісінде осы тойдан түсірілген видеолар жүр. Онда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлар, көркемделіп жасалған үлкен сахна, төңірегінде тойға жиналған адамдар көрінеді. Сахнаға қарай асфальт, оның үстіне ұзыннан-ұзақ кілемше төселген. Мерекені жүргізуші қыз бен жігіт той иелерін мақтай таныстырып, тұсаукесері болып жатқан баланың анасы сол елдің қызы екенін айтып, кішкентай жиен мен оның ата-анасын қошеметтеп сахна төріне шақыруда.

 

Қошемет көрсеткен жұрттың ортасымен, кілем үстімен қызын көтеріп Б. Назарбаев және  оның әйелі өтіп барады. Бәрі де қызыл түсті киініпті. Б. Назарбаевтың үстінде қызыл түсті костюм-шалбар, аяғында қызыл туфли бар. Көзілдірік таққан. Әйелі қызыл қамзол, үкілі қызыл тақия киіпті. Балада да қызыл көйлек, үкілі қызыл тақия.

 

Бұл видеожазбада тойда атқарылатын іс-шаралар тізімі мен оған жұмсалатын қаржы сомасы да көрсетілген. Шығын сметасы 45 миллион 272 мың теңге (120 мың 800 доллар) деп жазылыпты. Яғни фото-видеотүсірілімдерге, ЛЕД-экранға, киіз үйлер мен шатырларға, қыруар адамға арнап жайылатын той дастарханына, жүргізушілерге,  арнайы шақырылған 5 әншіге, диджейге, тағы басқаларға шығындалған миллиондаған қаржыдан бөлек, 1000 тегін лотерея ойнатылып, оған түрлі тұрмыстық заттар мен жиынтық сомасы 21 миллион теңгені құрайтын 7 «Лада Гранта» автокөлігі тігілген. 20 минутқа созылған салют атудың өзіне 4 миллион теңге жұмсалғаны туралы айтылады. Сойылатын малдың өзі (ту бие, сиыр, 5 қой) 775 мың теңгеге сатып алыныпты. Тойдың өзі 7-9-тамыз арасын, яғни толық екі күнді қамтыпты деседі.

 

Қысқасы, Үржар ауданының Көктерек ауылында дүрілдеген бір той өтті. Жұрт бүгінде бұл тойда көрген-білгендерін жыр қылып айтып жүрген шығар. Әлеуметтік желіде жарияланған видеосының өзін қысқа уақыттың ішінде мыңдаған адам көріп, өз пікірлерін білдірген.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ