Тоқаев өз Жолдауында не айтады?

19.08.2019
Қаралды: 84

Бүгінде жұрттың көкейінде «Президент Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында не айтар екен?» деген сұрақ жүр. Өйткені кешегі аптада Мемлекет басшысының алдағы 2-қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауын жариялайтыны туралы белгілі болған еді.

 

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Твиттердегі» парақшасында бұған қатысты былай деп жазды: «Жолдауда Парламент пен Үкіметке есірткі саудасын жүргізуге, педофилияға, сексуалдық негіздегі және басқа да ауыр қылмыстарға қолданылатын жазаны қатаңдатуға қатысты тапсырмалар беріледі».

 

Әрине, қазіргідей күрделі кезеңде Жолдауда айтылатын жайлардың мұндай тапсырмалармен ғана шектеліп қалмасы белгілі. Ауқымды, нақты, нәтижесі қатаң қадағаланатын жұмыстар бағыты көрсетілетін шығар. Өйткені Тоқаев өзі Президент болған аз ғана уақыттың ішінде елімізде бұрыннан қордаланып келе жатқан көптеген проблемалардың бар екенін көрді емес пе?

 

Сондай-ақ бүгінде жұрт арасында «Тоқаев мен шаршадым, орныма Сенат төрағасы Президент болсын» деп айтады» деп «сәуегейлік» жасап жүргендер де жоқ емес. Кім біледі... Президент тағына отырған аз уақыттан бері ол кісіні шаршататын жұмыстардың аз болмай жатқаны да рас қой. Билік басына саяси, экономикалық тұрғыда өте күрделі кезеңде келді, оның үстіне еліміздің ана жақ, мына жағынан қолайсыз жағдайлар қайта-қайта бой көрсетіп жатыр, қымбатшылық қысып барады. Халықтың талабы күшеюде. Осының бәрін реттеймін, халыққа адал қызметімді хал-қадерім келгенінше соңына дейін апарамын десе, онда ол кісінің шын мәнінде нағыз батыр, елін, жерін сүйетін, ұлтжанды, патриот адам болғаны.

 

Ал әзірге Сенат төрағасының орны бос тұр. Оған төрайымдық етіп келген Дариға Назарбаеваның депутат ретіндегі өкілеттігі кешегі аптада аяқталғаны, Президент Тоқаевтың Назарбаеваны депутаттыққа қайта тағайындағаны белгілі.

 

Енді не болса да алдағы күндер көрсетеді.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ