Жәйремде жұрт неге жағаласты?

19.08.2019
Қаралды: 182

Қарағанды облысындағы «Жәйрем» тау-кен комбинатында шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында төбелес орын алды. Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда, қақтығыс тұрмыстық түсініспестік салдарынан туындаған сияқты.

 

Біреулер бұл төбелеске комбинаттағы шетел­діктердің (түріктер екен) желіде жергілікті бір қыздың жалаңаш суретін жариялауы себеп болған дегенді айтады. Енді біреулер шетелдік жұмысшыларға жалақы көп төленеді, жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмайды, жұрт соған наразы дейді. Жергілікті жастардың көбі басқа жақтардан вахталық жұмыс іздеуге мәжбүр екен.

 

Бүгінде жастардан құралған топтың жеке меншіктегі өнеркәсіптік аймаққа барып, төбелес шығарғаны, жанжал кезінде бірнеше шетелдіктің жеңіл дене жарақаттарын алғаны туралы айтылуда. Олар жататын вагондарға зақым келген. Төбелес шығарғандар түріктің 6 азаматын өздерімен бірге әкетіпті.

 

Оқиға орнына шұғыл түрде полиция келіп жеткен. Облыс әкімі Ерлан Қошанов барып, кездесу өткізгесін жағдай тұрақталыпты.

 

...Жәйрем – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Қаражал қаласына қарасты елді мекен. Онда кеңестік кезеңнен бері кен өндіріледі. Аумақтың тұрғындарға экологиялық жағынан жайсыздығы жөнінде айтып жүргендер бар. Мысалы, «Ескі Жәйремнің» 1200 тұрғыны таяуда ғана өздерін басқа жаққа көшіруді немесе экологиялық ахуалға орай өтемақы төлеуді талап еткен екен.

 

Жалпы, Жәйремнің халқы 10 мың адамнан асады. Бұл өңірден барит, түсті металл, темір-марганец қоспалары алынып, өңделіп, бірқатар шетелдерге экспортталатын көрінеді. Түрік жұмысшылары Жәйремде кен байыту комбинатына қажетті құрылыс салып жатыр деседі.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ