Әкімді мақтауға жүздеген миллион теңге жұмсалған ба?

19.08.2019
Қаралды: 160

Шымкент қаласына екі мәрте әкім болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымовтың күтпеген жерден лауазымынан босатылуы жұртшылықты әрі-сәрі күйге түсіргені рас. Көп адам неліктен аяқ астынан бұлай бола қалғанына  таңырқаған. Бұл шешімге қатысты әртүрлі болжамдар айтылып жатты.

 

Әкімді тәуір көріп қалған жұртшылықтың да аз емесі бұл күндері әлеуметтік желі арқылы байқалумен болды. Дегенмен сол желіде журналист Зәуре Мырзақожаева өзінің әшкерелеу материалын жариялап, жұртты ойландырып қойды. Осыдан кейін біраз нәрсенің беті ашыла бастаған сияқты.

 

З. Мырзақожаева бұл жолы «Фейсбукте» былай деп жазды: «Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Данат Жумин жайында жазғанымды жалғас­тырсам ба екен деп жүргенде кей достар «оны неғыласың, жайына қойсаңшы» дегендей тұрғыда телефон шала бастады. Сосын зор өкілеттіктер иеленген кейбір бейтаныс жандардан «сәлем» жетті. Ал жақын күндері астана жақтан біздің «тамаша баланың» «Сол жақ жағалаудан» жайлы орын көздеп, іздеп жүргені туралы естідім. Содан тағы басталды да  кетті.

 

Бүгін мен біздің керемет Ғабидулла Әбдіра­хымовымыз әкім болып тұрғанда ақшаны қалай шашқаны туралы айтамын. «Зың» әкім мемлекеттің миллиондаған қаржысын өзіне пиар жасатуға және адамдардың миын айналдыру сияқты нәрселерге шығындаған. Бұл оның шын берілген досы әрі орынбасары Данат Жумин құрылтайшысы болып табылатын «АРЕХ-consult» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы да жасалған.

 

Мысалы, тек 2017 жылы ғана Жуминнің серіктестігі Шымкент әкімдігінен мемлекеттік тапсырыс бойынша 97 миллион теңге қаржы алған. Бұл деген – 300 мың доллар шамасы!

 

Бұл тек Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы арқылы бөлінген ақша. 2018 жылы бұл сома біршама аз – 56 мың доллар болған. Есесіне ЖШС үшін 2016 жыл олжалы болыпты.

 

Бұл туралы кейінірек, қазір 2017 жылдың тендері туралы. Бір қызығы, 2017 жылғы 10 лоттың 7-еуі Жуминнің фирмасына іс жүзінде ешқандай баламасыз түрде берілген. Қандай тұжырымдамамен берілгенін қараңыз: «жағымды имидждік материалдарды жариялау», «...қала брендтерін асқақтатып таныту туралы»...

 

Әбдірахымовтың мемлекет есебінен жасалған мұндай әдеттен тыс мәрттігі туралы ұзақ жазуға болады. Пиар мен жарнамаға жұмсалған осыншама адам нанғысыз шығындарға тіпті есалаң жаннан да Эйн­штейн жасап шығаруға болар еді.

 

Тағы да айтарым: «Зыңның» таяудағы саяси әшкере болуынан кейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен кейбір блогерлер оған жанашырлығын, адалдығын білдіріп-ақ жатыр. Мен олардың бұл әрекетін түсіне алар емеспін. Ақшаның қалған бөлігін өтеп жатыр ма, әлде оның қайтып келуінен үміттене ме, мүмкін ақылы асып тұрғасын менменсиді ме – білмедім».

 

Журналист бұл жолғы жазбасын: «Ұзақ уақыт бойы «Зыңды» әшкерелеу» папкасының түзілуіне көмектескен барша жандарға, соның ішінде «Kompra» контрагенттерді тексеру сервисіндегі дос­тар мен Aіgerіm Oraz-дың жеке өзіне рахмет! Ынтымақтастық үшін алғысымды білдіремін!» – деп аяқтапты.

 

Осылай деп жазғанына қарағанда, З. Мырза­қо­жа­­е­­­ва­ның қолында бұл мәселеге қатысты әлі де біраз материалдар бар көрінеді. Қалай десек те бұл төңіректе бір «шиқан» жарылғалы тұрған сияқты.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ