«21 мыңнан» үмітті үзген жанмын

14.08.2019
Қаралды: 71

Бүгінде 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмектің төңірегінде әңгіме көп. Жұрт жәрдемақыны алатындар және алмайтындар болып екіге бөлінеді.

 

Атаулы әлеуметтік көмекке қолы жеткендер айына әр балаға 21 мың теңгеден алып, жаны кіріп жатқан болар. Ал 21 мыңды алмайтындардың өзін «үмітін мүлдем үзгендер» (мен секілді күрессіз берілгендер) және «әлі де баратын жерге баратындар» деп бөлер едім.

 

Ерінен айырылып, төрт баламен қалған келіншекке: «Ата-енеңмен тұрасың, зейнетақылары жетеді, саған берілмейді», – деп шығарып сал­ғанын естіген соң мен бұған «түсімде де көрмеспін тіпті, қоя салайын» деп қолды бір-ақ сілтегенмін.

 

Өз басым зейнетақысы бәріне жетіп, жетісіп өмір кешіп жүргендерді көрмеппін. Немерелерін киіндіру керек, той-томалағы бар, тағы басқа шығындары жоқ емес қой. Тіпті мына заманда ауылды жерде бір үйдің бүкіл адамдары аузын ашып, ата-анасының зейнетақысына қарап отырғандар қаншама?

 

Жарайды, оны қойшы, сол 21 мың теңге жрдемақыны алып, өмір бойы мәз болып тағы отырмайсың. Бұл ақша бір балаға бір айға жетеді деп ойламаймын. Оқыту, өз алдына үй қылу дегендей... кете береді.

 

Аузыңды ашып қарап отырсаң мына үкімет аузыңнан бұрын құлағыңды әдемілеп майлайын деп тұр. Әрі-беріден соң «алып жүрген ақшаң заңсыз, қайтсең де қайтар!» деп жегеніңді желкеңнен шығарып жатса, тағы да сорлап қалғаның. Одан да көп нәрсеге білек сыбанып, өмір үшін өзің күресіп бағып, өз күшіңмен жетуге тырысқан дұрыс шығар.

 

Гүлжазира АРЫНБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ