35 мың теңгемен адам қайтіп күн көрер...

14.08.2019
Қаралды: 245

Доллар бағамы тағы көтерілді, доллармен бірге баға да қымбаттады деген сөз. Бұл жағдайда бәрінен де қиналатыны – айлығы шайлығына жетпей жүрген қарапайым халық.

 

Айлық демекші, елімізде ең жоғарғы орташа айлық жалақы Атырау облысында көрінеді. Оның мөлшері 300 мыңнан сәл асса, екінші орында 300 мыңға жуық орташа жалақымен Маңғыстау облысы тұр деседі. Ал еліміздегі ең төменгі орташа айлық жалақы алатындар Түркістан облысының тұрғындары екен. Бұл 109 мың теңгенің шамасын құрайды.

 

Орташа айлық жалақы көлемі осындай дегенмен өңірде 30-40 мың теңгемен бір ай күнелтіп жүргендер қаншама. Мәселен, бір туысым мұражайда бухгалтер болып қызмет атқарғанына біраз болды, жалақысы 50 мың болғанымен қолына тиетіні 40 мың теңге. Сол сияқты мектептің қарауылы болып істейтін бір кісі 40 мыңға жетер-жетпес айлық алатынын айтатын. Тағы бір танысым мемлекеттік мекемеде еден жуа­ды. Алатыны – 35 мың теңге. Киоскіде газет сататын бір апай екі апта істеп, екі апта демалатын. Ол кісінің жалақысы небәрі 15 мың теңге болатын. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Осындай болмашы ақшамен дүкенге бір кіріп шыққан адамның жағдайы да белгілі, қалтасының түбі тез-ақ көрініп қалады. Себебі ақшада құн жоқ. Азық-түлік қымбат. Баға барған сайын өсіп барады.

 

Әнеугүні базарға барсам, «Сиыр етінің килосы 2000 теңгеден, фарш – 2150-ден» деп саңқылдайды ет сатушы жігіт. «Неге қымбат?» – деген сұрағыма: «Жиырма күннен бері осындай жағдай ғой», – деп қояды. Үндемей кете бардым. Сөйтіп ет мен алуы тиіс азық-түлік тізімінен амалсыз шығып қалды.

 

Жалпы, қалада азғантай жалақымен өмір сүру мүмкін бе? Есептеп көрейікші. Мәселен, он келі ет алдыңыз, дереу 20 мың теңгеден қағылдыңыз. Басқа картоп, пияз, күріш, макарон, ұн, қант дегендерді былай қоя тұрайық та,  ай сайын 15 мыңның шамасында шығатын коммуналдық төлемді қосайық. Содан соң интернет желісіне, телефон тарифіне төленетін ақы тағы бар. Ол әркімде әрқалай. Егер бір интернет желісіне бірнеше гаджетті қосу бақытына ие болғыңыз келсе, айына 6000 теңгеге жуық төлеуге тиіссіз. Осы тізімнің өзіне 40 мыңнан астам қаражат кетіп қалғанын байқау қиын емес. Ал енді оған адамдардың күнделікті нан пұлын, жұмысқа барып-келу жолкіресін, түскі асын, бас­қа да жүріп-тұруларын, ауырса алатын дәрі-дәрмегін қосыңыз. Одан қалса, киім-кешек, бала-шағаға бөлінетін қаражат тағы бар. Қазақтың баратын той-томалаққа беретінін, келетін туған-туысқа жаятын дастарханын да айтпай кетуге болмайды. Қалтадан шығын шығатын болған соң тойға шақырыпты десе жұрттың ұнжырғасы түсетіні де содан болып кетті. Енді есептей беріңіз, қалада орташа өмір сүру үшін біз жоғарыда айтып кеткен 30-40 мың жалақы былай тұрсын, 100 мың теңгенің өзі де түкке жетпей қалады.

 

Иә, мұнайға бай мемлекетпіз деп мақтанамыз, қалтамыздың түбі көрі­ніп, әмиянымыз бос тұрса, жастарымыз жоғары жалақыны көздеп шетелге қашып жатса, елде парақорлық пен жемқорлық жайлап тұрса, ақша үшін ұрлық-қарлық, алаяқтық, адам өлтіру көбейсе, баланы баға алмаймын деп тастап кетіп жатса, жетіспеушіліктен жанұялар ажырасып жатса құр мақтаннан не пайда?! Бұлай кете берсек, болашағымызды ойлаудың өзі қорқынышты. Халқымыздың шекесі шылқитын күн қашан туар екен осы?!

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ