Болашаққа деген ойдың құнсызданғанынан қорқамын

14.08.2019
Қаралды: 34

Біз қашан өз ұлттық болмысымыздың болашағына қатысты ыстық ақылмен шешім қабылдар екенбіз? Ұлт үшін мемлекет, еркіндік деген ұғымдардың мәні не? Рухани жаңғыру не үшін шарт? Ұлт, мәдениет, өркениет, дін, мемлекет, адам сияқты институттарды қалай тұтас ұғынамыз?

 

Мен осы тұрғыдан бүгінгі биліктің үш тұғырлы тіл деген саясатын құптамаймын. Білім беру, бұл – өте қауіпті әрі өте нәзік саяси мәселе. Бүгінгі білім беру процесі ертең қандай құбылыс туғызады? Мен соны сезіп отырмын...

 

Мектеп 50/30/20 па­йыздық тіл қатынасымен білім беруді иектеп отыр. Ағылшын-орыс-қазақ тілдері ретінде насихатталып келеді. Керек десеңіз, Сағадиев осы процесті жылдамдату мақсатында мұғалімдерді топтап өтірік кесте жасап, ағылшынша оқытып, босқа қыруар ақша желге кетті. Ақшаның желге ұшқанына емес, мына егемен елдің болашағы деген ойдың құнсызданғанына қарным ашады. Білім берудегі осы ұран ертең ұлттық болмыстың өлуіне апарып соғады.

 

Неге менің тілім білім, ғылым, техника тілі болмауы керек? Неге мен әлемді өз ана тілімде танып-білмеуім керек? Сонда не, математика қазаққа жат па? Жоқ әлде қазақ физиканы ағылшын тілінде оқыса ғана дами ма? Неге қазақ философия, психологияны ағылшынша не орыс тілінде оқуы керек? Неге әлем тарихы мен мәдениетін, әдебиетін орыс тілінде оқуымыз керек?

 

Рас, кеше кеңестік отар кезінде амал жоқ, орыс тілі біз үшін «әлемге ашыл­ған терезе» болды. Бүгін егемен ел ретінде өз тереземізді неге өзіміз әлемге өз тілімізде аша алмаймыз?

 

Тіл – ең негізгі рухани болмыстық қабат. Осы тіл арқылы болмыс сақталады.

 

Қысқасы, біз осымыз дейміз, бірақ басқамыз. Өткенде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің өз әлеміміз бар», – деп қуантып еді. Бұл – сөзбен ғана емес, іспен нығарлайтын мәселе. Ал бізде сөз басқа, іс басқа.

 

Мектеп – егемен елдің, ұлт болмысының кепілі. Оған үш тұғыр емес, бір ғана ұстын керек. Ол – қазақ тілі!

 

Досай КЕНЖЕТАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ