«Солтон Сары» жайлауындағы жанжал

12.08.2019
Қаралды: 224

Қырғызстанның Нарын облысына қарасты «Солтон Сары» жайлауында қырғыздар осындағы алтын кенішін игеріп жатқан қытайлықтарға қарсы көтерілді. Кеніштегі техникалардың көбінің әйнектері қиратылған, кейбірін айдап, басқа жаққа апарып тастаған. Төбелес кезінде 28 қытайлықтың жарақат алғаны туралы айтылуда. Негізі тас пен таяқ қолданылған төбелесте майып болғандар саны одан да көп сияқты.

 

Бұл оқиға жөнінде әлеуметтік желілерде бірнеше видеожазба жарияланды. Оның бірінде бір қырғыз азаматы: «Қытайлар бізге атака жасап жатыр! Мә, қытайлар!» – деп қыр үстінен қаптай атойлап келе жатқан топқа қарай құлаштай тас лақтырып, өзі қашып барады. Жол жиегінде иесіз көлік тұр. Біршама қашық тұста тағы бір адамның жылыстап бара жатқаны, ал қырдағы топтың алды жүгірген бетте жолға келіп жеткені көрінеді.

 

Видеожазбаның тағы бірінде қолдарына ту алған аттылы-жаяулы қырғыздар жол үстімен ұзына бойы тізбектеле өтіп жатқан қытайлықтарға қарап айқайлауда. «ОМОН»-дар әкетіп бара жатыр», «Әй, тоқтат!» деген сияқты дауыстар естіледі. Топырлай жиналған жергілікті тұрғындар мен қытайлық жұмысшылардың арасында күш құрылымы қызметкерлері тұр, қытайлықтарды кеніш аумағынан басқа жаққа күзетпен әкетіп барады.

 

Кеніш төңірегіндегі елді мекендерден жинал­ған жұрттың қарасы көп. Жаяу-жалпы жеткен, атқа мінгескендер жүр. Әр тұста желбірете ту ұстағандар көрінеді. Жұртшылық қытайлықтардың жұмысты доғарып, өз елдеріне кетуін талап етуде. Алтынды өзіміз де өндіре аламыз дейді.

 

Бұл оқиғаға «Солтон Сары» жайлауында біраз малдың белгісіз дерттен өлуі себепкер болыпты. Яғни жұртшылық оған осында алтын өндіріп жатқан қытайлар кінәлі деген пікірде. «Кеннен алтынды шайып алуға көп су жұмсалады. Алтын шайған су кейін өзенге жіберіледі. Су, топырақ уланып жатыр, оны ішкен мал мен адамға зиян келуде», – деп айтып жүргендер бар. Бұл жөнінде желіде видеожазба жариялан­ғаны да отқа май құя түскендей болды.

 

Өткен 3-тамыз күні жергілікті тұрғындар мен қытайлық жұмысшылар арасында қақтығыс болыпты, Оттук деген ауылдың бір тұрғыны ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Бұған байланысты милиция кейін қытайлық 12 жұмысшыдан жауап алған, кінәлілердің жазаланатынына уәде еткен. 4-тамыз күні малшылар жиналып, пикет өткізген, кінәлілердің қатаң жазалануын талап еткен.

 

Ал оқиға орнына арнайы келген мемлекеттік комиссия, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері мал судан уланған, топырақта ешқандай да улы зат жоқ, радиациялық деңгей де өз қалпында деген қорытынды жасапты. Бірақ жергілікті жұрт бұған сенбейді. Олар барлық бәле қытайлардан келді деген пікірде.

 

Сөйтіп төңіректегі ауылдардан жиналған халық алтын кенішінде салынып жатқан комбинатқа беттеген. Жолда олар қытай жұмысшыларына ұшырасып, арада төбелес басталып кеткен.

 

Бүгінде бұл оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қытайдың Бішкектегі елшісі жергілікті тұрғындарды кінәлап отыр, тиісті тексеру жүргізіп, кінәлілерді қатаң жауапқа тартуды, қытай жұмысшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, алдағы уақытта мұндайға жол бермеуді талап етті.

 

Ал негізінен Қытай инвесторларына, бұл елден алынатын қыруар несиеге тәуелді қырғыз билігінде мұндай талаптарды дұрыс деп қабылдаудан басқа лаж жоқ. Өйткені ондағы қытайлық компанияның «Солтон Сары» кенішін игеруге қатысты 2012 жылы алған лицензиясы бар. Тау-кен комбинатын салу келісіліп қойған, тиесілі жер 2030 жылға дейін жалға берілген.

 

Ал «Солтон Сары» кенішінен алтын 1990 жылдардан бері өндірілуде екен. Алтын құнының арзандауы, оны өндірудің қиындығы салдарынан жұмыстың тоқтап қалған кездері болған. Кейін кеніш Қытайдың «Жонг жи Мининг» деп аталатын компаниясына беріліпті.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ