«Қарағанды оқиғасына» кінәлілер жазасын алды ма?

12.08.2019
Қаралды: 188

Биылғы жылдың басында, Жаңа жыл мерекесі түнінде Қарағандыда қазақтар мен армяндардың арасында қақтығыс орын алғаны ел есінде. Сол кезде Рақымжан Жансейіт есімді 23 жастағы жігіт қаза тапқан болатын. 

 

Содан бері жеті айдың жүзі өтіпті. Іс немен аяқталды, қылмыскер ұсталды ма, кінәлілер жазаланды ма – бүгінге дейін бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Жуырда әлеуметтік желі бел­сендісі Ержан Тұрғымбайдың қақтығыста қаза бол­ған Рақымжанның әкесі Бақытжан Жансе­йітпен болған видеосұхбаты жарияланды. Онда істің барысы қалай болып жатқаны туралы айтылады.

 

Бақытжан мырза бұл туралы былай дейді:

 

«Қыста армяны бар, әзір­байжаны бар, оның ішінде қазақ та, өзбек те бар – барлығы 13 адамды түрмеге жап­қан болатын. Олар қа­мау­да әлі жатыр. Бұл іс әлі тергелуде. Содан соң, өз­деріңіз де білесіздер, кісі өліміне қатысы бар деп айып тағылған Нарек Гурурянды  елге әне әкелеміз, міне әкелеміз деп жүрді. Сол адам әлі  жеткізілген жоқ. Әнеугүні барып сұрасақ: «Оның азаматтығы Армения­да, ұсталған жері Ресейде, қылмыс Қазақстанда болды. Айналып келгенде, оның ісі қиын», – деп жауап берді. «Жіберген қағаздар алдымен Ресейге, содан соң Арменияға барады, одан кейін Қазақстанға келеді, солай айналып жүр», – деп түсіндірді. Іс қалай болды, солай тұр. Жақында ғана іс қайтадан прокуратураға кетті, одан кейін сотқа өтеді.

 

Осылай деген Бақытжан мырза ешкімге кешірім бермегенін, ешкімнен ештеңе алмағанын, өзіне тек әкім­діктен ғана да көмек болғанын, осыны ешкімге түсіндіре алмай келе жатқанын айтып ашынды.

 

«Көмек әкімдіктен болды. Біз бірнеше жылдан бері көп балалы отбасы ретінде үй кезегінде тұрған едік. Сол пәтерді берді. Ақшалай көмек жасап жатқан да әкімдік. Ал армяндардан ешқандай ақша алынған жоқ. Оны мен кез келгеніне айта аламын. Оның бәрі өтірік, жалған. Бізде бір сөз шықса болды, қосып алып кетеді ғой. Шындығында мен армяндардан ештеңе алған жоқпын және алмаймын да.  Кейбіреулер «Ой, мынау алып алған деп» теріс ойлайды. Бір рет сырт­тағы бір кісі: «Алатыныңды алып алдың ғой, енді тыныш қана жүрмейсің бе?» – дейді. Айналайын-ау, алсам үкімет берді, үкімет көмектесті. Мен армяндардан бір тиын алып жатқан жоқпын ғой. Мен соны әрқашанда ашық айтып отырамын. Мен соны эфирге шығып айтқым келеді. Бірақ бәрі өшіріліп қалады. Бізді сыртымыздан жамандап жатады, бұл дұрыс емес қой», – деді.

 

Сол оқиғадан кейін Қарағандыдағы жағдайдың біраз дұрысталып қалғанын да сөз етті.    

 

«Қазір бізде басқа ұлттың адамдары бұрынғыдай емес. Қазақтың жері екенін біледі. Бұдан бұрын бәрі орысшаланып, қазақтарды басынып, сондай болған. Міне, Жаңа жылдан кейін, қазақ көтеріл­геннен кейін Құдайға тәуба, қазақтар бір-біріне мейірімді болып, бір-бірін қолдай бастады. Әйтпесе жалтақтап тұратынбыз. Бізде Қазақстанда келімсектер көп қой. Со­ның бәрі байып алып, қазақ елінде шіреніп жүретін. Қазір көкіректері басылды, енді білетін болды. Бізде Қарағандыда солай. Бір жерге бар­ған кезде де жылы қарап, дұрыс болып қалды. Елімізде жүргенімізді көрсеттік. Ұлым қаза болған соң ел болып, жалғыз Қарағанды емес, қазағымыз мені қолдап әрбір облыстардан келді. Ел болып қолдағаннан кейін мен қалай тыныш жатамын? Мен қазір жер мәселесінде, тағы бас­қада болсын белсенділік танытуға тырысып жүрмін», –дейді Бақытжан мырза.

 

Белсенділік танытып жүрген Бақытжан Жансейітті жақында Мұхтар Жәкішевтің сотына бара жатқан жолда біреулер соққыға жығып кетіпті. Олардың кім екені және не үшін ұрғаны әзірге белгісіз. Түрлерін анық көрмегендіктен, Бақытжан мырза құқық қорғау органдарына шағымдануды жөн көрмепті. 

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ