«Әлі де шешілмеген мәселелер баршылық», – дейді Арыстың тұрғыны

12.08.2019
Қаралды: 69

Арыс қаласында оқ-дәрі жарылысы болғаннан бері бір жарым айдан асты. Онда қалпына келтіруге қатысты көптеген істер атқарылғанымен шешімін күтіп тұрған шаруалар әлі де аз емес сияқты. Кешегі аптада әріптесіміз, белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызының Арыс қаласында екі күн жүріп түсірген тікелей эфирінде бұған қатысты біраз жайлардың беті ашылды. Осы орайда біз сол күні журналистерге үйлерді аралатып көрсетіп жүрген арыстық Убайдулла Сүйінбаевпен хабарласқан едік.

 

«Бүгінде қаладағы құрылған 17 штабтың кез келгеніне барып, таңертеңгі сағат 9-дан 12-ге дейін отырып көріңізші, талай әңгіме естисіз. Оған барушылардың бірі цемент, тақтай бермей жатқанын, екіншісі өзін алдап жібергенін, енді бірі үйін сүріп тастағанымен құрылысын бастамай отырғанын айтады. Біреулеріне жөндеу жұмысын өзің істеп ал деп айт­қанын, енді біріне жұмыс жүргізуге адам жоқ дегенін естисіз. Мамандар жетіс­пейді», – дейді ол кісі.

 

Осы орайда У.Сүйінбаев мысал ре­тінде Мұса есімді мүмкіндігі шектеулі бір азаматтың басындағы жағдай туралы айта кетті.

 

«Мұса деген жігіт бар. Қоларбамен жүреді. І топ мүгедегі ретінде Шымкенттегі оңалту орталығынан ем алып тұрады. Сол жігіттің үйін сүріп тастағанына 22 күн болды, ал орнына үй салуды әлі бастаған жоқ. «Жобасы жасалмаған» дейтін кө­рінеді. Не үй тұрғызып бермейді, немесе қаржы бермейді, болмаса оларға осы жақтан уақытша тұратын үй тауып беруді де ойламайды.

 

Олар бір үйде оншақты адам тұратын. Әкесі де мүгедек. Қазір амал жоқтан Шымкентте пәтер жалдап тұрып жатыр. Екіге бөлініп, екі пәтер жалдапты, 50 мың теңгеден төлейді. Үйлері дайын болмағандықтан, бұл жақта жағдайлары болмайтындықтан амалсыздан солай етіп жүр», – дейді У.Сүйінбаев.

 

Осындай күйде жүрген Мұсаның үй мүліктері ауласында жиналыпты, қазіргі күннің ыстығында қаңсып, жарамсыздыққа ұшырау алдында тұр екен.

 

У.Сүйінбаевтың айтуынша, осындай әрі-сәрі күй кешіп жүрген адамдар аз емес сияқты. Мысалы, бүгінде «Стадион» шағын ауданы жақтағы негізгі мектепте бірталай адам уақытша тұрып жатыр екен. Олар – қару-жарақ қоймасына таяу тұста тұрған үй иелері, баспаналарының быт-шыты шыққан. Өз үйінде тұруға мүмкіндіктері жоқ.

 

«Олар үйлері салынып бітпеген немесе жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқандықтан мектепті паналап отыр. Іштерінде 35 бала бар екен, солар үшін арнайы екі күтуші жалдап, балабақша ашып қойыпты», – дейді У.Сүйінбаев бұл жөнінде.

 

Ол кісі күн суытпай тұрып үйлерін өз күшімен жөндеп алуға тырысып жат­қан тұрғындардың да бар екенін айтты. «Ағайынды екі жігіттің өз үйлеріне жөндеу жасап жатқанын көрдік. Кіш­кентай балалары, дімкәс аналары бар екен. Екеуі әрекеттеніп, жөндеу жүргізіп жатыр», – дейді ол кісі.

 

Бүгінде жасы 60-ты алқымдап отырған Ұбекең қоғам белсендісі ретінде осындағы оншақты үйдің қажет­ті­лік­терін түгендеп отыруға бекітілген екен. Сондай жұмыстарды атқарып жүрген азамат әлі де шешілмей жатқан мәселелерді көргесін шыдамай, бұған ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілер арқылы көпшіліктің назарын аударуды шешіпті.

 

«Істелініп жатқан жұмыстардың бәрін бірдей жоққа шығармаймыз. Басшылар жөндеу жұмыстары 90 пайыз аяқталды деп мәлімдеп жатыр ғой, мүмкін ол бүлінген үй шатырларының жөнделуіне ғана қатысты айтылған сөз шығар деп ойлаймын. Әйтпесе қазір қалада жаңағы айтылған жайлардай шешімін күтіп тұрған мәселелер аз емес», – дейді ол кісі.

 

У.Сүйінбаевтың өз үйі де  апаттан зардап шеккен екен. Қабырғалары жарылғанын, бірақ сүрілуге жатқызылмай тұрғанын айтады. Қорасына екі снаряд түскен екен, монша, әжетханасының быт-шыты шығыпты.

 

«Бүгінде үйімнің шатырынан бастап апат зардабының куәсі болып тұр. Оны жөндетпей, мұражай етіп қоямын-ау», – дейді Ұбекең.

 

Қысқасы, бұл кісі Арыста үйінің жөндеу жұмысы бітпегендер, құрылысшылармен тіл табыса алмай жүргендер аз емес екенін, сүріліп тасталған кей үйлер мен нысандардың құрылысы енді басталып жатқанын айтады.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ