Арыста не жаңалық?

12.08.2019
Қаралды: 208

Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған төтенше оқиғадан бері онда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі жұртты құлағдар етіп отыр. Кешегі аптада газетіміздің электронды почтасына баспасөз қызметінен келіп түскен деректерде төмендегідей жайлар жөнінде айтылады.

 

6,5 мың отбасы үйлеріне кірді

 

Бүгінгі таңда Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталып отыр.  6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөн­делген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді.

 

Көшелер ауқымды түрде реконструкция­ланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20-тамызға дейін дайын болады.

 

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і жөндеуден өткізілді. 67 көпқабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20-тамызға дейін аяқтау жоспарлануда. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыс­тары 20-тамызға дейін бітпек. Осыған орай штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жал­ғасады.

 

60 шақырым жол толық  жөнделеді

 

Қалада жалпы ұзындығы 272,3 шақырымды құрайтын көшеге зерделеу жұмыстары жүргізілді. 17 сектордың 13-де қала ішіндегі 67 көшенің жамылғысында ақаулар орын алғандығы анықталған. Қала көше­леріндегі ақауларды жою бойынша атқарылатын іс-шаралар аясында жалпы ұзындығы 60 шақырымға жуық 67 көшені заманауи талаптарға  сәйкестендіру мақсатында келесідей жұмыстар атқарылатын болады:

 

46,7 шақырым аяқ жол; 68,6 шақырым жолға 2 234 дана жарық шамдарын орнату; 7 шақырым велосипед жолы; 41 текше метр суағар; жалпы аумағы 9522 шаршы метр көшенің жиектерін жөндеу.

 

Жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлан­ған 13 аймақ бойынша 67 көшенің бүгінгі таңда 40 көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Оларды қалпына келтіру жұмыстарына 60-қа жуық арнайы техника мен 110-нан аса жұмысшы тартылған. 

 

3-тамыз күнгі жағдай бойынша келесідей жұмыстар атқарылуда: 4 көшеде асфальт салу жұмыстары аяқталды; 19 көшеде жолдың негізіне құмды-шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде; 15 көшеде аяқжол салу жұмыстары жүруде; 2 көшеде жарықтандыру бағаналарын орнататын ұңғымалар қазылып, бетон құю жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Жалпы жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың тамыз айында толық аяқтау жоспарланған.   

 

 66 әлеуметтік нысанның жұмыстары аяқталуға жақын

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен Арыс қаласында өткен аппараттық жиында баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев меншік иелерінің келіспеу себептері бойынша 75 жеке тұрғын үйде құрылыс жүргізу үшін келісімдер жасалып жатқанын жеткізді.

 

«Арыс қаласында барлығы 66 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 53 білім беру мекемесі, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт, 1 даңқ аллеясы. Барлық объектілер зақымданған, соның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен 62 нысан күрделі жөндеуге және 4 объект толық қалпына келтіруге жатады. 4 балабақшада жұмыстар аяқталды. Қалған 62 нысанда жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді вице-министр Қ.Өскенбаев.

 

Айта кетейік, Арыс қаласындағы шағын және орта бизнестің зақымданған барлық нысандары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Бүгінгі күні 64 кәсіпкерлік субъектісіне 251,5 миллион теңге өтемақы төленген. 

                                       

100 мың теңгені алу үшін карточкалар берілуде

 

100 мың теңге тіркеуде тұрғандарға түгел таратылады. Анықталған 55 мыңнан астам адам 12 тамыздан бастап қаражатқа қол жеткізеді. Бүгінгі таңда екі ауылдық елді мекен мен Арыс қаласындағы 17 секторда банк карточкалары таратылуда. Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қаласынан «Халық банкінің» 120 қызметкері Арысқа арнайы келіп жұмыс жүргізуде.  

 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев ақшаны алудың тәртібін түсіндірді. «Осы уақытта 33 мың банк карточкасы жасалды. Еліміз егемендігін алғаннан бері дәл бұлай, бір айдың ішінде осыншама құжат жиналып, 33 мың карточканы дайындау деген болған емес. Қазіргі таңда сол дайын болғандары таратылып жатыр. Бірақ әзірге ақша салынған жоқ. Яғни 100 мың теңгені 12-тамыздан бастап ала алады. Ал қазіргі негізгі жұмыс – карточканы тарату. Демек, барлығы түгел қол жет­кізгенде ақшаны түсіреміз. Ең көп 9 секторда 3771 құжат жиналған. Қаланы көше-көшеге бөлдік», – деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Аман­баев.

 

Елді сабырға шақырған жауапты басшылар тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жа­уап беретін арнайы комиссия жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Ал тізімге кірмей қалған оқушылар мектептер арқылы анықталып жатқаны белгілі болды.

 

Айта кетейік, өтемақы қаржыны республика көлемінде «Халық банкінің» кез келген банкоматынан алуға болады. Қаржының түскен немесе түспегенін анықтау үшін карточканы банкоматта 3 реттен артық қолдануға болмайды. Себебі 3 реттен артық қолданған жағдайда банктік комиссия төлемі ұсталады.

 

Сонымен қатар сот шешімдерімен қарыздары болған азаматтарға төлем карточкалары ашылмайды. Мұндай жағдайда азамат нотариалды сенім білдіре отырып, өтемақыны сенім білдірген өкілі арқылы алуына болады. Ал үйлерінде болмаған азаматтар карточкаларын 2019 жылдың 15-тамызынан бастап Арыс қалалық «Халық банкі» филиалдарынан алуына болады. Карточкаға түскен қаржыдан банктің комиссиялық төлемдері ұсталмайды.

 

Жалпы, бүгінде таңда Арыс қаласында халық банкінің 12 банкоматы қойылған. Сонымен қатар қосымша тағы 7-8 банкомат орнатылмақ.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ