Алмазбек Атамбаев қамауға алынды

09.08.2019
Қаралды: 79

Көршілес қырғыз елінде болып жатқан оқиға бүгінде бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударып отыр. Кешегі бейсенбі күні Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев қамауға алынды.

 

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласынан 20 шақырымдай жерде орналасқан Қой-Таш ауылындағы резиденциясында жатқан Алмазбек Атамбаевты ұстау үшін күшті құрылымдар тарапынан бірнеше рет шабуыл ұйымдастырылды. Бұл оқиға барысында арнайы операцияға қатысқан жасақ сарбаздарының ішінде қаза тапқандар мен бейбіт халық ішінде жарақат алғандар баршылық.

 

Бұған дейін Қырғызстан Парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент ретінде оның ерекше мәртебесінен айырған болатын. Сөйтіп оны бір қылмыстық іске қатысты куәгер ретінде жауап беруге шақырған еді. Алайда А. Атамбаев өз аргументтерін алға тартып, жауап беруге барған жоқ. Ол мұның бәріне заңсыз, Конституцияға қайшы деген баға беріп, өзіне тағылғалы отырған айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеген болатын. Ал мұның соңы ақырында осындай сорақы оқиғаға алып келді.

 

Атамбаевты тұтқындау 8-тамыз күні оның резиденциясына екінші мәрте жасалған тікелей шабуыл кезінде іске асты. Бұл жолы оны қорғауға 500-ден аса адам жиналды, күш құрылымдарымен қақтығыс болды. Тағы да бірнеше адам жарақаттанды. 

 

Атамбаевтың бекінген бөлмесіне тікелей шабуыл кезінде арада келіссөздер жүргізілді, кейін ол күш құрылымдарына берілді, тұтқындалып, Бішкекке жеткізілді.

 

Сол күні Бішкектегі «Алатау» алаңында жүздеген жақтастары жиылып, Атамбаевты босатуды талап етті. Осындай талаппен адамдар Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының алдына да жиналды. Олар арнайы жасақтың күшімен таратылды.

 

Дәл қазір Атамбаев Ұлттық қауіпсіз комитетінің арнайы орнында қамауда отыр. Аталған мекемеге судья арнайы шақырылып, тергеу амалдары біткенге дейін бұрынғы президентті қамауға алу жөнінде үкім шығарды. 

 

Қысқасы, қырғыз елінде қазір тыныш емес. Бүгінгі президент, А. Атамбаевтың кешегі досы - Сауранбай Жиенбековті бұл оқиғаға орай кінәлаушылар да аз емес. Олар елдің бұрынғы президентіне террорист сияқты қарап, қарулы жасақ арқылы тұтқындауға барғанына наразы. Сол себепті Атамбаевтың жақтастары халықты Бішкектің көшесіне шеруге шығуға шақыруда. Бұл елде кезекті, үшінші революция болып кету қаупі бар деген болжам айтушылар да жоқ емес. Не де болса, құдай ақырын берсін деп тілейік.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ