Қытайда әйелдер жетіспейді екен

09.08.2019
Қаралды: 76

Әлемдік ақпарат құралдарының бетінде Қытай тақырыбы үнемі қозғалып тұрады. Әсіресе оның демографиялық өсімі туралы. Кешегі аптада онда әйелдер жетіспей жатқаны туралы жарияланды.

 

Ресми деректерге қарағанда, Қытайда ерлер әйелдерден 34 миллион адамға артық екен. Бұл әсіресе 15 пен 29 жас аралығындағыларда айқын байқалады. Есеп бойынша қазір 100 әйелге 280 еркектен келіп отыр.

 

Осыған орай Қытайда Оңтүстік, Оңтүстік-шығыс, Солтүстік-шығыс Азия елдерінен жұмыс іздеп барған әйелдерді алып қашып кету, ұрлау оқиғалары жиі тіркелуде екен. Өзге елдерден қыз-келіншектерді алдап апаратындар да бар. Қытайда заң қатаң болғанымен онда әйелдерге байланысты адам саудасын тоқтату қиын болып тұр.

 

Қытай 1970 жылдары халық санының жедел өсуін «Бір отбасы – бір бала» заңын ендіру арқылы тежемек болған. Соның салдарынан құрсақтағы баланың жынысын ертерек анықтап, қыз болса, жасанды түсік тастау етек алған. Ұл туғанға дейін өмірге келген қыздарды аман-есен өсіргендер де бар, бірақ олар ол үшін үкіметке айыппұл төлеп келген. Енді біреулері дүниеге келген қызды жасырып ұстаған. Осы себепті Қытайда еш жерде есепте жоқ қыздардың өзі 60 миллионға жеткен деседі. Ал мұндай жандарда ешқандай да құқық болмайды, олардың қылмыскерлердің жемтігіне айналу қаупі жоғары.

 

Қытайда ғалымдардың ұлт қартайып барады деп дабыл көтергеніне бірнеше жыл болды. Соның нәти­жесінде 2015 жылдан бері онда отбасында екі бала өсіруге рұқсат берілді. Бірақ бұл да проблеманы шешуге жарамай тұр. Қытайда әйел жыныстылардың еркектерден аздығы жылдан-жылға қатты білінуде.

 

Кешегі 1-тамыздағы онлайн-статистикаға жүгінсек, осы күні сағат 15.45-те ондағы халық саны 1 миллиард 405 миллион 508 мың 540 адамға жеткен. Ал жыл басынан осы күнге дейінгі санақ бойынша 8 айда онда 10 миллион 140 мың 50 бала өмірге келіпті. Осы уақыт аралығында 5 миллион 706 мың 800 адам өмірден өтіпті.

 

Яғни Қытай халқының табиғи өсімі жылына кемінде 6-7 миллион адамды құрайды деген сөз. Өмірге кел­гендердің жартысынан азы еркек жынысты болғанның өзінде Қытайда әйел жетіспеушілігі әлі де бірнеше жыл­ға созылуы мүмкін.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ