Асабаның алуан түрі бар

09.08.2019
Қаралды: 154

Той тізгінін ұстайтын асабаның да түр-түрі бар. Біз бірнеше асабамен тілдесіп: «Той иелері неге сізді таңдауы керек деп ойлайсыз?» – деген сауал қойдық. Сонымен қатар тойда қызмет көрсету құнын да сұрап білдік.

 

Өзін «Томпи тамада» деп атайтын Талғат Күзенбаев өзі туралы былай дейді:

 

«Мен ауылдан шыққан бала,

Өзі томпақ, өзі дара.

Басқалардан ерекшемін,

Қарапайым, көзі қара», – деп бастайын. Жасым – 30-да. Студент кезімізде жетісайлық Марат деген жігіт маған «Томпи» деп лақап ат қойған еді. Уни­верситеттің алдына шығып «Томпи-и-и!» деп айғайласа ұялатынмын. Кейіннен «Машинаның мықтысы российский «Комби», тамаданың мықтысы шымкентский Томпи!» – деп жүре беретін болдым. Салмағым 113 келі болған соң диета ұстағым келеді, бірақ ел: «Осы томпақтығың өзіңе күшті жарасады», – десе бір күн диета ұстаймын да, қайта тамақ жеп қоямын. Тамаққа шыдай алмайтыным рас енді.

 

Мектеп кезінен қазақша «КВН-де» ойнағанмын, концерттерді жүргізгенмін. Қаржы мамандығын оқығаныммен он жылдан бері асабалық қызметтемін. Шардараның тумасымын, бірақ жеті жылдан бері Алматы қаласында тұрамын. Қазіргі таңда «Шаншар» театрының бұрынғы әртісі Ғалымжан Қаппаров осыдан бірнеше ай бұрын негізін қалаған «Қызық» театрының актерімін.

 

Мен тойды жалғыз басқармаймын. Жанымда кезінде «Мафия мен тақия» театрында ойнаған Мақтааралдың мақтанышы Бауыржан Бакиров бар. Екеуміз он жылдан бері біргеміз. Біріміз толық, біріміз арық болған соң кейде бізді «Тимон мен Пумба» деп атап та жатады.  Ә.Әлқожаның «Тәтті ару», Рахымжан Жақайымның «18 бен 25», «Жүрегім менің молодой» әндерінің бейнебаяндарына да түстік. Ара-тұра «Той-Думан» телеарнасында «Әзіл кезек» бағдарламасына шығып тұрамыз. Екеуміз тойды әзіл-қалжыңмен, ойындармен басқарамыз, жаттанды сөз айтпаймыз. Арасында секіріп билейтінім бар. Сол кезде Бауыржанның өзі: «Томпи, өзіңді қалай жеңіл сезінесің?» – деп таңданады. Осы бір ерекшеліктеріміз халыққа ұнайтындықтан да бізді шақыратын болар. Қызмет құнымыз  Алматы қаласы бойынша – 400 мың, басқа қалаларға 600 мың теңге», – дейді Талғат.

 

Әлия Ербосынқызы да – шырайлы Шымкенттің сұранысқа ие асабасы. Ол кісі өзін көбіне бесік тойға, тұсаукесерге, қыз ұзатуға көп шақыратынын айтады.

 

«Біз адамзат баласының туған кү­нінен бастап 100 жасқа дейінгі қуаныштарының бәрін басқара береміз. Мені бесік тойға, тұсаукесерге, қыз ұзатуға көп шақыратын себебі, ер адамдар мұндай тойлардың қыр-сырын біле бер­мейді. Мен бесікті адыраспандап, қыз балаға айна-тарағын, ұл балаға қамшысын қойып, баланы салып, «ұйқысы тыныш, күлкісі күміс болсын» деп үстіне тоғыз түрлі жабу жабамын. Мұнда алдымен бала «иманды болсын» деп жайнамаз, содан соң «несібелі болсын» деп дастархан жабудан бастаймын. Тыштымасы бар, дастархан ашуы бар – барлық жөн-жоралғыны рет-ретімен өзім жасап шығамын.

 

Қазір әжелеріміз орыс секілді болып кеткен. Сенсеңіз, бесік жырын айта алмайтын да әжелер бар. Ал ер адамдар мұны тіпті істей алмайды. Содан соң ежелден келе жатқан сәукеле кигізу салты қазір ұмытылып бара жатыр. Қыз ұзатуда ұзатылып бара жатқан қызға анасы тойдың соңында сәукеле кигізеді. Ер асабалар мұны да біле бермейді. Тұсаукесер тойында да ақ киізді не үшін жаяды, ала жіп не үшін керек, не үшін қайшымен емес, пышақпен кеседі – барлығын түсіндіріп айтып шығамын. Ер асабалар бұл нәрселерден бейхабар болуы мүмкін.

 

Тағы бір артықшылығым – мен алдын-ала даусымды басып қойып, «плюспен» сөйлемеймін. Жанды дауыста жүр­гіземін. Мені сол үшін де көп шақырады. Мендегі осындай қызмет көрсету құны қымбат емес, 40 мың теңге», – дейді Әлия.

 

Өзін әлеуметтік желіде «позитивті жігіт» деп суреттеген кентаулық Берік Алибаев мақтанатын түгі жоқ екенін айтады. Сөйтсе де оның домбыра, баян тартатыны, тек жанды дауыста ән айтып, би билейтіні туралы біліп қалдық.

 

«Менде қатып қалған сценарий жоқ, барлығы импровизация. Мені тойларға сол үшін шақыратын шығар. Бір өзім екі күндік құдалықты беташарымен бірге басқаруға шамам келеді.  Содан соң басқа тамадалар не істеп жатыр екен деп ғаламторды аңдымаймын, орнына кітапханада кітап оқимын. Қазір, өкініштісі сол, микрофон ұстағанның барлығы тамада, «әу» дегеннің бәрі әнші болып кетті. Салт-дәстүрден хабары жақ асабалар көбейді. Болмашы «Басты не үшін тартады?» деген сауалдың да жауабын білмейді. Бірнеше өлең, екі анекдот жаттап алады да, ұра береді. Тойдың мәні кетіп қалды. Адамдар тойға ойнап-күлуге емес, алған ақшасын қайтару үшін келеді. Ашынатын нәрселер көп. Сол үшін келген халықтың көңілін көтеруге тырысамыз. Парақшама «Позитивті жігіт» деп жазғаным да сондықтан. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша тойды 40 мың мен 70 мың теңгенің арасындағы сомада басқарамын. Жұрттың жағдайымен де санасамын. Қазақстанда миллионға да, 500 мыңға да шығатындар бар. Бірақ олай деу үшін соған лайық қызмет көрсету керек деп ойлаймын», – дейді Берік мырза.

 

Қысқасы, әлеуметтік желіні ашсаңыз қалаған той басқарушыны таба аласыз. Бірі: «Тойыңыз болса, замандас, смело маған хабарлас!» – деп айқайласа, тағы бірі: «Әзілмен қайыратын, тойды айыратын, бәрін шок қылатын, тойды от қылатын тамадамын!» – деп жар салуда.

 

Асабадан таңдау көп болса, той жасаудан шаршамайық, ағайын! 

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ