«Әкесі соғыста қаза болған балалар» санатын ендіруді сұраймын

09.08.2019
Қаралды: 143

Осыдан біраз бұрын елімізде «Соғыс уақытындағы балалар» санатын ендіру және осы санатқа жататындарға үстеме жәрдемақы тағайындау жөнінде мәселе қозғалған еді. Алайда ол сөз күйінде қалып қойды. Естуімізше, оның қабылданбауына Ұлы Отан соғысының біздің ел аумағында жүргізілмегені себеп болыпты.

 

Біздер, майданда қаза болған жауынгерлердің артында жетім қалған балалар әкеміз тірі болғанда жетімдіктің тауқыметін тартпаған болар едік. Тәрбиеміз де, алар біліміміз де басқаша болар ма еді деген өкініш өзекті өртейді. Біз жетімдіктің, жоқшылықтың тауқыметін тартып өстік. Тоя тамақ жемедік, бүтін киім кимедік.

 

Бүгінде, Құдайға шүкір, сол қиындықтар артта қалды. Бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Еліміз тәуелсіздік алып, өсіп-өркендеп келеді. Демек, осындай молшылық заманда соғыс жылдарында әкесіз қалған жетімдерге мемлекет тарапынан өтемі болуы керек қой.

 

Мәселен, бүгінде, бейбіт күнде қандай да бір жағдайда қаза бол­ған әскери адамның отбасына әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сол сияқты кезінде Отан қорғау жолында қаза тапқан жауынгерлердің балаларына да қолдау білдірсе, бүгінде 70-тің төріне шыққан қарияларға қуаныш сыйлаған болар еді. Мен осы туралы 2014 жылы Парламент Мәжілісіне хат жазғанмын.

 

Айтайын дегенім – Қазақстанда «Әкесі соғыста қаза болған балалар» санаты туралы Заң қабылданса, соған орай бұл санатқа жататындарға үстеме ақы тағайындау жағы қарастырылса немесе бұл санаттағыларды тыл ардагерлерімен теңестірсе, соған орай жеңілдіктер берсе екен деймін.

 

Келесі жылы Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Осы мереке қарсаңында Мәжіліс депутаттары «Әкесі соғыста қаза болған балалар» санаты туралы Заң қабылдауын сұраймын.

 

Менің бұл пікірімді бүгінгі замандастарымның бәрі де қуаттайды деп сенемін.

 

Ендеше, үн қосыңыздар, әкесі майданнан оралмаған замандастарым!

 

Менің бұл пікірім Үкіметке, Парламент Мәжілісінің депутаттарына ой салар деген үміттемін.

 

Бегәлі Әбдуәліұлы ИМАНӘЛІ,

«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.

 

Бегәлі Әбдуәліұлының байланыс телефоны: 8-701-348-35-32.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ