Бұл деген барша әкімге ескерту ме?

06.08.2019
Қаралды: 95

Шымкент қаласы әкімінің шұғыл түрде ауыстырылуы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Дұрыс болды деушілер де, бұл шешімді құптамайтындар да, оның астарынан қандай да бір саясат іздеп жатқандар да бар. Ал белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров бұл оқиғаға қатыс­ты мынадай сараптама жасапты:

 

«Облыс және республикалық бағыныстағы қала әкімдері әзірге ерекше маңызды тұлғалар сияқты. Олар өңір бюд­жетін өздері  қалыптастырады, адамдардың, ірі жобалардың тағдырын шешеді. Президент Тоқаевтың сөзі дұрыс: олар өздерін жергілікті деңгейдегі патша сезі­неді. Кейде олардың өкілеттігі жауап­кершілігінен асып түсіп жататын. Кейбірі өмірдің немесе «ағалардың» еркесі болды. Өңірдің проблемаларын шешерде билік солардың пікірінен бағдар алатын. Олар осы жүйенің ұстындары сияқты еді. Кейбірінің «жарамдылық мерзімі» әлдеқашан өтіп кетті, кейбірі моральдық жағынан ескірді, бірақ олар әлі отыр, бас­қарып отыр. Жаңа билік әзірге бұл бағытта «күрделі жөндеу» жүргізген жоқ.

 

Уақыт өзгерді... Ғ.Әбдірахымовты лауазымынан шұғыл түрде босату – басқа әкімдерге жасалған ескерту. Таптырмас қызметкер жоқ, енді ешкім оның жеке байланысына қарамайды, қолтығына алып, қолдау жүйесі жұмыс істемейді. Енді ешкім тиісе алмайтындар жоқ.

 

Бұл қадам – қоғамға берілген белгі: Билік азаматтарды естиді, тыңдайды. Әкімдер менменсіген емес, сыпайы, зия­лы, ұстамды болуы керек, «байдың» қылығын, өзінің «шексіз билігін» көр­сетпегені жөн. Билік өкілдерінде тек  зия­лылық қана емес, жоғары интеллект, терең мәдениет болуы тиіс.

 

Енді әр әкім қоғам мен орталықтың қадағалауында болады. Қ.Тоқаев қоғаммен қоян-қолтық жұмыс істеудің жаңа парадигмасы мен моделін қалыптастырып жатыр. «Тыңдайтын мемлекеттің» мәні осыған келіп саяды. Халықтан түскен әрбір дабыл қабылданады, зерт­теледі және оған байланысты шешім жасалады».

 

Саясаттанушы халықтың жылдар бойы қақсап айтып, аңсап күтіп жүрген мәселелерін қысқаша сараптамасына осылай деп сиғызыпты. Сөздерінің қисыны жоқ емес сияқты. Президент өз дербес саясатын жүргізіп жатса, оның халыққа, қоғамға берері бар болса, бұған қуану керек шығар.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ