Лондонда түсірілген видеодан соң Шымкент әкімі қызметінен босады

06.08.2019
Қаралды: 54

30-шілдеде Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың жаңа әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалды. Жаңа әкімді облыс активімен Президент Әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев таныстырды.

 

Ерлан Айтаханов 1971 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданында туған. Шымкент қаласының әкімі қызметіне дейін Отырар ауданының әкімі болған. Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметтен алынғаны туралы хабарды айт­қан Көшербаев: «Әбдірахымовқа артылған сая­си сенім сарқылды», – деді. Көшербаевтың сөзінше, басшылар «халық қызметшісі болып, өздерін лайықты ұстауы керек». 44 жастағы Әбдірахымов Лондондағы Пикадилли көшесінің бойындағы «Ритц» қонақүйі маңында түсірілген даулы видеодан соң қызметінен кетті. Экс-әкім алты күн бұрын «Іnstagram»-да жариялаған  видеода өзін «Отанымның патриотымын» деп атап, «жастарды Қазақстанда сәтті жұмыс істеп, әлемді аралап, саяхаттауға» шақырады. Қазақстандық әлеуметтік желілерде Әбдірахымовтың бұл видеосы сынға қалып, көпшілік экс-әкімнің «шенеунікке жат қылық жасағанын» жазған. Желіде Әбдірахымовтың сөзін келеке еткен бірнеше видео пайда болған.

 

Экс-әкімнің бұған дейін де бірнеше мәлімдемесі қызу талқыға түскен. Арыстағы жарылыстан соң Шымкентке босқандар наразылыққа шыққанда көптің ортасында тұрған экс-әкім: «Әйелдеріңе ие болыңдар!» – деп ашулана сөйлеген. Қазақстандық белсенділер шенеунікті «сексист» деп айыптаған.

 

Қала әкімі қызметіне 2015 жылы тағайындалған Әбдірахымов 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының xатшысы қызметіне ауысқан еді. Бірақ биыл 20-маусымда Әбдірахымов Шымкент әкімі болып  тағайындалды.

 

Облыстардың, республикалық мәртебесі бар қалалар мен астана әкімдерін Президент тағайындайды. Былтыр маусымда Шымкент республикалық мәртебесі бар қалаға айналған. Бұған дейін қала облыс орталығы еді.

 

Дилара ИСА.

(«Азаттық» радиосы).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ