Химиялық піштіру жазасына кесті

06.08.2019
Қаралды: 165

Кешегі аптада Шымкентте педофил деп танылған адамды піштіру жөнінде алғашқы рет үкім шықты. Ол екі мәрте кішкентай қыздарды зорламақ болғаны үшін 15 жылға сотталды, сонымен қатар химиялық кастрациядан өткізу жазасына кесілді.

 

Дегенмен сотталушы өзіне тағыл­ған айыпты мойындамады. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ. Яғни ол апелляциялық шағым түсіруі мүмкін.

 

Бұл адамның жасы – 39-да. Әйелі, баласы бар. Өзі бұрын   осындай бір қылмысы үшін 10 жылға сотталып, жазасын өтеп шыққан екен. Биылғы мамыр айында Шымкенттің Гагарин кө­шесінде 9 жастағы қызды қалтарыс жерге апарып, қорқытып, зорламақ болыпты. Бірақ оған қашып құтылудың сәті түсіпті. Зорлықшы бұдан кейін 12 жастағы қызды зорламақ болғанда айқай-шу шығып, көмекке жеткен адамдар оны ұстап алып, полицияға тапсырған.

 

...Жалпы, балаларға жыныстық зорлық көрсететін педофилдерді ауыр жазаға кесу мәселесі елімізде кейінгі бірер жылдан бері қатты талқыланып келгені белгілі. Өйткені сондай сұмдық оқиғалар көбейіп кеткен болатын. Ашу-ызаға берілген халық мұндай қадамға барғандарды аяусыз азаптап өлтіру керек деген пікірде.

 

Ал 2018-жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде педофилдерді химиялық кастрациялау туралы заң қолданысқа енген болатын. Өткен жылғы күзде жарияланған мәлі­меттерде  сондай жазаға кесілген 9 адамның үкімнің орындалуын күтіп отырғаны туралы айтылған еді.

 

«Кастрация» деген сөз қазақ ұғымында піштіруді білдіреді. «Тарт­қызып тастау» деп те айтылады. Яғни ол – еркекті жыныстық қатынасқа жарамсыз ету деген сөз.

 

Дегенмен қазіргі жыныстық зомбылыққа барған қылмыскерлерге қолданылатын кастрация оның химиялық түрі. Яғни оған жыныстық қозуды болдырмайтын дәрі беріледі немесе егіледі. Жарияланған деректерге қарағанда, ол тестостерон бө­лінуін тежейді, жыныстық қуатты тоқтатады.

 

Педофилді химиялық кастрация­лау мәселесі сот-медициналық, психиатриялық тексеруден соң шеші­леді. Яғни оны сотталушыға қолдану мәселесін дәрігерлер медициналық сараптау нәтижесінде шешеді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ