Серікжан Біләштің сотына 500-дей адам барды

06.08.2019
Қаралды: 121

Қытайда қысым көрген қазақтардың құқын қорғаумен айналысатын «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің биылғы наурыз айынан бері «үй қамағында» отырғаны белгілі. Оны Алматыдан түннің ішінде ұстап әкетіп, астанаға жеткізген болатын. Құқық қорғаушыға «ұлт араздығын қоздырды», «жиһадқа шақырды» деген күдік келтірілген еді.

 

Содан бері бірнеше сот отырыстары болып өтті. Тиісті сараптамалар да­йын болған жоқ деген сылтаумен сот процесі басталмай, үнемі кейінге шегеріліп келді. Ал С.Біләш пен оның адвокаты Айман Омарова соттың Алматыда өткізілуін, «үй қамағының» жеңілірек бұлтартпау шарасына алмас­тырылуын және істің қылмыс құрамы жоқ деп танылуын сұрап бірнеше мәрте арыз түсірген болатын.

 

Бұл мәселеге қатысты кезекті сот отырысы кешегі дүйсенбіде Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық №2 сотында болып өтті. Ашық түрде өткізілген процеске 500-дей адам жиналды. Сот залынан басқа бөлмеге орналастырыл­ған, дәлізде, сыртта күткен адамдар аз болмады. Олар «Серікжанға – бостандық!» деген сияқты жазуы бар плакаттар алып жүрді, «Бостандық!» деп ұран көтергендер болды. Ал бұқаралық ақпарат құралдарына оқиғаны бастан-аяқ жариялауға мүмкіндік берілді. Сот үкім шығару үшін емес, алдын-ала анықтау сипатында жүргізілді.

 

Бұл жолы сот С. Біләш пен оның адвокаты А. Омарованың шағымдарын ішінара қанағаттандырды.

 

Сонымен, ендігі сот Алматы қаласының Әуезов ауданында, С. Біләш қылмыс жасады деп көрсетілген аумақта өтетін болды. Ал «үй қа­мағы» шарасы өзгертілген жоқ.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ