Жирафтың жалына жармасқан

06.08.2019
Қаралды: 323

Таяуда Шымкент хайуанаттар бағында бір тосын жай орын алды. Зообақты тамашалаушылардың бірі осындағы керікке, яғни жирафқа мініп алды. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде әуесқой бейнетүсірілім кеңінен таралуда.

 

Табылса, айыппұл төлейді

 

Бұл видеода хайуанаттар бағын тамашалап жүрген топ адамның бірі биік қоршаудан сыртқа мойнын созып тұрған керікке жақындайды. Жұрттың «қой» дегеніне қарамай ішкі қоршауға өтіп, сым шарбақ арқылы жоғары өрмелейді. Сосын жанына келген керіктің мойнынан сипалай бастайды. Керікке мұндай массаж ұнайтын сияқты. Осыны пайдаланған жігіт ұмтылып барып оның мойнына жармасады, тырбаңдай әрекеттеніп, оған мініп алады. Қоршау сыртындағылар оған таңырқай қарап, біреулері «қой енді» дегендей сақтандырып та жатыр.

 

Керік шарбақтың екінші жағына қарай алшаң баса беттегенде үстіндегі жігіт өзінің ептілігін көрсеткісі келіп қолдарын екі жаққа жая көтереді. Оны жатырқады ма, әлде бірдеңеден үрікті ме, керік осы кезде тоңқып кетіп, үстіндегі жігіт жерге жалпасынан құлайды. Тұра салып шарбаққа өрмелегенде керік оған жақындап келеді. Жігіт тағы да мойнынан сипалай отырып оған мініп алады. Керік бұл жолы да үш-төрт адым жүргесін тоңқып кетіп, оны жерге атып ұрады.

 

Керіктен екінші мәрте құлаған жігіт орнынан тұра салып, шарбаққа беттейді. Ал жираф оның артынан келе жатыр. Мұ­ны көрген сырттағы жұрт жігітке тезірек қа­шып шығуды ескертуде. Ол шарбақ қор­шауынан өрмелеп, сыртқа аман-есен шығады.

 

Бұл жігіттің жолы болды десек, артық айтқандық емес. Себебі керік ашуы келген немесе өзіне жақындаған адамды жау тұт­қан жағдайда оны алдыңғы аяқтарымен тебуі мүмкін. Соққысы сұмдық ауыр, дөп тиген жерінің сүйектерін талқандап жі­бере алады.

 

Аты – Астана, жасы – 9-да

 

Біз осы оқиғаға байланысты хайуанаттар бағына телефон шалған едік. Мекеме қызметкерлері хайуанаттар бағындағы тәртіптің бұзылуына орай Шым­кенттің әл-Фараби полиция басқармасына шағымданғандарын жеткізді.

 

Бүгінде видеодағы «батыр» іздес­тірілуде екен. Табылса, оған қомақты мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.

 

Ал зообақтағы керік туралы білгеніміз – бұл керіктің жасы қазір 9-да. Еркек жынысты. Ол 2010 жылы Алматы зообағында өмірге келген. Туған күні 6-шілде болғандықтан оған Астана деген ат беріліпті. Мойнын қоспай есептегеннің өзінде бойы 2 метрден асады. Шымкентке ол 2011 жылы жеткізіліпті.

 

Жалпы, керіктер жыныстық жағынан 4 жасында жетіледі екен. Яғни қазір Астананың дер шағы, сондықтан оған жар болатын жұп әкелу жағы ойластырылып жатқан көрінеді.

 

Бойы – 6 метрге, салмағы 1200 килоға дейін жетеді

 

Осы орайда табиғаты ерекше керік жануары туралы қысқаша танымдық деректер бере кеткенді жөн көрдік.

 

Ересек керіктің бойы 5,5 метрден 6,1 метрге дейін жетеді, оның үштен бір бөлігі жануардың мойнына тиесілі екен. Ал салмағы 900-1200 килограмм аралығында болады. Мойнының салмағының өзі 250 килоға дейін жетеді. Жүрегінің салмағы 12 кило тартады, себебі ол айналымдағы қанды оның басына дейін жеткізуі керек. Тілінің ұзындығы жарты метрге дейін барады, ол керікке ағаш басындағы жапырақтарды, жеміс-жидектерді қиналмай алып жеу үшін керек. Керіктің есту, көру, иіс сезу қабілеті өте күшті.

 

Ол тәулігіне 16-20 сағатқа дейін жа­йылады, 30 килоға дейін азық жейді. Күндігіне 10 минуттан 2 сағатқа дейін-ақ ұйықтайды. Орташа алғанда ұйқы уақыты оларда 1 сағаттың төңірегін қамтиды. Оларда «құс ұйқы», яғни «қатты ұйықтауының» өзі бірнеше минутқа ғана созылады. Көз шырымын алғанда басын сауырына қойып жатады. Бірақ бұл өте сирек кездеседі. Сондықтан керіктердің ұйықтап жатқанын көру бақыты екінің біріне бұйыра бермейді.

 

Керік түйе сияқты ұзақ уақыт су ішпей жүре береді, дегенмен қаталаған кезде бір ретте 38 литр суды бір-ақ сіміре алады. Олардың жаулары аз, тек ашыққан арыстандар ғана кей-кейде керікке шаба алады, онда да оны олжа етуі сирек. Керік көбіне су ішіп жатқан кезде әлсіз. Өйткені ол алдыңғы аяқтарын бүгеді немесе оларды барынша талтайтып тұруға мәжбүр. Әйтпесе аузы суға жетпейді. Міне, осылайша өзіне өте қолайсыз «позада» су ішіп тұрғанда оған арыстан шабуыл жасау қаупі бар.

 

Керік жауына оңайшылықпен беріл­мейді. Оның негізгі қаруы – алдыңғы аяқтары. Диаметрі 25 сантиметрге дейін жететін тұяғы тастан қатты, сүйекті опырып жібереді. Оның өзіне шапқан арыстанның басынан теуіп, пәршелеп жібер­генін бейнетаспаға түсіргендер бар.

 

Ал негізінен Африканың жыртқыш аң­дары­на көп жағдайда керіктің төлі жем бо­лады. Жабыла шапқан жыртқыштар ана­­сын алаңдатып тұрып лағын олжалап кетеді.

 

Керік баласын түрегеп тұрып туады. Яғни өмірге келген төл жерге 2 метр биіктен түседі, бірақ ешқандай да жарақат алмайды. Оның туғандағы бойының ұзындығы 180 сантиметр, ал салмағы 50 кило болады. Ол бір сағаттан кейін тұрып, жүруге жарайды, бірнеше сағаттан кейін анасына еріп шауып жүре алады. 1,5 жылдан кейін оның «балалық дәурені» аяқталады, ол анасынан ажырайды. Кейін ұрғашылары топтанып, еркектері жеке өмір сүре бастайды.

 

Олардың жұптасу науқаны шілде – қыркүйек айларының арасын құрайды. Аналық керіктің буаздық мерзімі 14-15 ай аралығын қамтиды.

 

Керіктің бойы өсуі ол 6 жасқа толғанша жалғасады. Табиғатта олар 25 жасқа дейін, еріксіздік жағдайында 35 жасқа дейін өмір сүреді.

 

Керіктің етін тағамға пайдаланатын тайпа­лар бар. Оның еті қатты, бірақ жеуге жарамды. Бүгінде Африка құрлығында 110 мыңнан 150 мыңға дейін керіктер тіршілік етуде.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ