Шымкентте қаңғыбастар мен маскүнемдер көп

06.08.2019
Қаралды: 228

Жуырда Шымкент қаласының «МЖК» деп аталып кеткен мөлтекауданында аулада ойнап жүрген 3 жасар қыздың мәйіті қараусыз қалған гараж маңынан табылып, жұрттың жағасын ұстатқан еді. Сол кезде аталған мөлтекауданның қаладағы криминалды және қаңғыбастар да, басқалар да көп жүретін аймағы екені айтылып жатты.

 

Осыдан кейін болар, Шымкентте «Қауіпсіз аула – тұрғындардың сенімі» атты пилоттық жоба іске қосылыпты. Оның мақсаты қаланың проблемалы учаскелерінің қауіпсіздігін күшейту, қылмыс деңгейін төмендету, сондай-ақ аула тұрғындарымен бірлесе отырып ауланы таза ұстау екені туралы әлеуметтік желілерден білдім.     

 

Менің айтпағым, қаланың проблемалық учаскелерінің қатарына Қырғы базар маңындағы Т.Әлімқұлов көшесінің Төле би көшесімен қиылысқан тұсын да жатқызар едім. Т.Әлім­құлов көшесінің бойындағы №6 және №8 көпқабатты үйлер сайда орналасқан. Тасалау дейтін болар, сол жерге қаңғыбастар мен маскүнемдер көп келгіштейді. Арасында еркегі де, әйелі де бар. №8 үйдің бірінші подъезінің есігі домофон орнатылмағандықтан қысы-жазы ашық тұрады. Соны пайдаланған қаңғы­бастар қыс бойы подъезд ішін мекендеді. Қараңғы түсе олар үйдің екінші-үшінші қабаттарына шығып, өздерімен бірге ала келген картон қағазын төсеніп ұйықтайды да, содан соң ертеңіне мең-зең болып есіктен шығып бара жатқанын бір-ақ байқайсың.

 

Өз басым бір рет баспалдаққа түсер жолды жауып жатып алған екі маскүнемнің үстінен аттап өтуге мәжбүр болдым. Қатты ұйықтап жатқандары соншалықты, түк сезер емес. Қыстың суығында цементтің үстінде жататын осылардың жаурамайтынына сол кезде таңқалғанмын. Біз қоңырау шалған соң полиция қызметкерлері келіп әлгілерді алып кеткенімен еш нәтиже шыққан жоқ, араға бірнеше күн салып басқалары келіп түнеді. Кейде отырған жерлерін ластап, қалдықтары мен босаған бөтелкелерін тастап, подъездің ішінің астаң-кестеңін шығарып кететіні тағы бар.

 

Қазір жаз айы болғандықтан енді олар подъездің ішін емес, үйлердің маңайындағы көлеңкені паналап жүреді. Арақ ішіп, өзара әңгіме соққан немесе есін білмей жерде домалап ұйықтап жатқан алқаш та, қайда барарын білмей жүрген қаңғыбас та осы жерде жиі көзге түседі. Ал кейде әлгілердің көше бойындағы бордюрде тізіле жайғасқанын байқайсың. Бар даусымен былапыт сөзді бұрқыратып жатқан еркегі де, шашы дода-дода болып, тілін шайнаған әйелі де өзара топтанып ішімдік ішіп отырады. Олар жүрген жерде қайбір тазалық болсын? Үйлердің маңына қоқыс шашып қана қоймай, кейде дәрет сындырып кететін де осылар деп ойлаймын.

 

Аулада бала-шаға көп жүреді, жазғы уақытта барлығы сыртқа шығып ойнайды. Ал оқу жылы кезінде мектепке жалғыз барып, жал­ғыз қайтатын бастауыштың балалары да аз емес. Сондай кезде әлгіндейлерді  қауіпсіз деп айтуға тағы келмейді.

 

Жалпы, мен сөз етіп отырған №8 үйдің маңайында мәселе көп. Ауланың толық жарықтандырылмағаны мен абаттандырылмағаны, жауынды күндері үйдің алды-артындағы су толған көлшіктерден аяқ алып жүру мүмкін болмай қалатыны, балалар ойнайтын алаңқайдың атымен жоқ екендігі – өз алдына бір мәселе. Дегенмен жоғарыда айтып кеткен пилоттық жоба қарқынды жұмыс істеп, осындай кемшіліктердің түзелуіне жол ашса деймін.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ