Ғабидолла, Ғабидолла...

06.08.2019
Қаралды: 249

Бағы жанып, Шымкент қаласына екі рет әкім болған Ғабидолла қандай жігіт? Біз оны жаман дей алмаймыз. Адамгершілігі, мінезі, жүріс-тұрысына байланысты тағар ешбір кінәміз жоқ.

 

Бірақ ол Шымкент сияқты қаланы бас­қаруға әлі дайын емес еді. Шымкент облыс орталығы болып тұрған кездің өзінде оған қала тізгінін беру сәл асығыстық және ағаттау болды. Әуелі ауылды, ауданды, тіпті үлкен бір шаруашылықты басқарып көрмей тұрып облыс орталығын қалай басқарасың? Оның үстіне бұрын бұл жақта қызмет істеп көрмесең. Әрине, жарытып басқара алмайсың.

 

Дегенмен Ғабидолланың маңдайының жұлдызы бар жігіт екен. Шымкент республикалық бағыныстағы қалаға айналған кезде тағы да оған әкім болу бақыты бұйырды. Ол бұл қызметке қалай келді, кім арқылы келді? – бұл бөлек тақырып, әрине...

 

Мегаполис әкімі болған кезде ол Шымкентке басқашалау, биіктеу тұлға болып  орала алды ма? Жоқ, олай болмады. Сол баяғы деңгейінде қалып қойған болып шықты. Кейбір тірліктері байыпты, байсалды адамның емес, жас баланың тірлігіне ұқсап кете беретін.

 

Мысалы, Арыстың адамдары отанының ойраны шығып, бас сауғалап Шымкентті паналаған кезде ол не істеді? Еркектерге әкіреңдеп, ұрысты, «Әйелдеріңе ие болыңдар!» деп. Осы әңгіме әкім айтатын сөз бе?

 

Арыстың халқы Үкіметтен, мемлекет басшыларынан: «Бізді көшіріп алыңдар!» деп талап еткенде Ғабидолла болса бұған оның өзінен үй сұрағандай қылып қарады. «Менде беретін үй жоқ» деп әңгімені басқа жаққа қарай бұрды.  «Бұл талаптарыңызды жоғары жаққа айтамыз» деудің орнына олармен сал­ғыласып кетті. Бұл үлкен қаланы басқарып отырған адамға лайық іс пе?

 

Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағын берер кезде де Ғабидолла оңбай сүрінді. Қайрат Нұртас мүмкін жақсы әнші шығар, алайда оған осындай мәртебелі атақты жөн-жосықсыз бере салу жас баланың тірлігі емей, немене? Ол әнші жігітке әзірге Шымкент түгілі, бір ауданның Құрметті азаматы атағын берудің өзі ерте ғой. Ол өте ұят тірлік қой.

 

Ал енді соңғы оқиғаны қараңыз: Мынау тұрған Арыстың жұрты жылап-еңіреп жүргенде, халықтың билікке деген қыжылы барған сайын қайнап  тұрған кезеңде, ел іші онша тыныш болмай тұрған уақытта сонау Европа төрінде алаңсыз ойнап-күліп, Лондонның «Гайт-паркіне» барып кітап оқып жату – естияр адамның ісіне жата ма? Оны тағы жарияға жар салып айтып, күнделікті нанын зорға тауып жеп жүргендерді мазақ еткендей болған бұл қылығы билік өкілі деген атқа лайық па?

 

Әрине, осы сияқты «поведениелерінің» бәрі де халыққа ұнай қоймасы айтпаса да белгілі. Бұл жағдай халық түгілі, Ақордадағы адамдардың да ашу-ызасын қоздырып жіберген сияқты.

 

Ақыры, міне, осылай аяқталды.

 

Ғабидолланың ешкімге де өкпелейтін жөні жоқ. Ол қайта көп қателіктері үшін халықтан кешірім сұраса жарасады.

 

Ғабидоллаға кектеніп жатқан ешкім жоқ. Оны табалайтын да ойымыз жоқ. Оған тек амандық тілейміз. Жақсы жігіт болып жүре берсін! Егер ол билікке қайтып оралып жатса, өз қателіктерінен өзі сабақ алғаны жөн дегенді айтқымыз келеді.

 

Эх, Ғабидолла...

 

Б. БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ