Айтахановтар жайлы айтар сөз

06.08.2019
Қаралды: 450

Сонымен, Шымкентте әкім ауысты. Ойламаған жерден. Табан астында десе де болады.

 

Әкім болып Ерлан Айтаханов тағайындалды. Қуаныш Айтаханов емес, оның баласы.

 

Шымкенттіктер Қуаныш Айтахановтың өзін жақсы біледі. Баласын онша біле бермейді.

 

Егер Шымкентке Қуаныш Айтахановтың өзі әкім болып келсе барша халық тақиясын аспанға атқан болар еді. Дәл осы жасында, нақ осы қалпында. Ол кісіден бес-он жас үлкен адамдар да жоғары билік басында отыр ғой. Ал Қалекең осы жасында қалаңызды шыр айналдырып басқарып, гүл жайнатып жіберер еді. Өйткені ол кісіде тәжірибе де, іскерлік қарым-қабілет те, ерік-жігер де, пайым-парасат та жетіп жатыр.

 

Қуаныш Айтаханов Оңтүстік жұртына өзін 30 жасында-ақ мойындатып, 40-50 жасында кемеліне келіп үлгерген адам. Ол 60-70 жасында республикалық деңгейде көзге түсе білді. Парламенттің парасатты депутаты болды.

 

Бір ғажабы, Қуаныш Айтаханов үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін адам. Сенат депутаты болған кезінде текке жүрмей, сол тұстағы Сенат төрағасымен өте жақсы қарым-қатынаста бола алғандығы ешкімнің де таласын туғызбаса керек. Қале­кеңнің 70 жылдық мерейтойы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тойға арнайы ат басын бұрғанының өзі көп жайдан хабар бергендей.

 

Міне, осы жағдайдың өзі-ақ Қуа­ныш Айтахановтың ұлы Ерлан Айтахановтың Шымкент сияқты үлкен мегаполиске әкім болып кездейсоқ келе салмағанын сездіртеді. Яғни бұл арада баланың үлкен лауазымға ие болуына әкесінің ықпалы болмады деп айта алмайсыз.

 

Әрине, бұл үшін біреуді айыптаудан аулақпыз. Әрбір әке осындай болсын! Әрбір әке өз ұлын биіктерге жетелей білсін, жеткізе білсін!

 

Оның үстіне өмірбаяны, білім-білігі, ой-өрісі, мінез-құлқы сай келіп тұрса, кім де болса өз перзентіне жол ашып беруге құқылы. Тек ол перзент сол мүмкіндікті мүлт жібермей, қалықтап қанат қағып, биікке самғай жөнелсе дейсің.

 

Дәл осындай үмітті біз Ерлан Қуа­ныш­ұлы Айтахановтан да күтеміз. Солай болғанын қалаймыз! Солай болуы­на тілекшіміз! Тіпті әкесінен озып кетіп жатса, қуана қол соғуға дайынбыз.

 

Шынын айтқанда, дәл қазір кіші Айтаханов туралы қалың көпшілік арасында ерекше бір қоғамдық пікір қалыптасып үлгерген жоқ. Әзірге оның шешендігімен немесе көсемдігімен көзге түсіп үлгерген жері жоқ. Сол сияқ­ты бірдеңені бүлдіріп не қисайтып кетіпті деген де әңгіме естіген емеспіз. Ол осы күнге дейін ұлы жаңалықтар, ұланғайыр істер атқарып тастамапты деп те айып тағар жөніміз жоқ. Өйткені шағын аудан көлемінде жүріп қарышты қадам жасай алмасың анық.

 

Демек, енді, міне, оған ерекше жұлдызды сәт туып отыр. Миллион халқы бар күрделі де іргелі қала енді Ерлан Айтахановқа қарайды. Бұл дегенің тамаша мүмкіндік! Бір ғана адамның ұйғарымымен миллиондық қалаға бір-ақ күнде сарт етіп әкім болып шыға келу деген – керемет бақ емес пе? Ал егер демократиялық жолмен сайлау өтетін болса, мұндай жағдай туар ма еді, тумас па еді? Сондықтан ол бақты бағалай білген дұрыс!

 

Иә, бұл факті – қазір орын алған факті: Қалаға жаңа әкім келді.

 

Сөз соңында не айтуға болады? Тек жақсы тілек айтамыз. Сәттілік тілейміз! Жаңа әкімнің қадамы құтты болсын! Әкім болсын, халыққа жақын болсын!

 

Т. НҰРАЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ