Шенеуніктің үйіне ұры түсті дегенде...

02.08.2019
Қаралды: 118

Екінші курста оқып жүргенімізде «Сопылық» деген пән болатын. Менің ең сүйікті пәнім еді. Бір күні Стамбулдан профессор келді, профессор деген аты ғой, заты – нағыз сопы. Есімі – Неждет Тосун.

 

Ол кісі біз мамандықты енді-енді үйреніп жүргендіктен сопылықтағы ауыр ұғымдарды, тұжырымдарды айтпайтын. Деңгейге лайықтап әңгімелер, хикметі мол хикаялар айтатын. Әр хикаяны ұмытып қаламын деп қорқып жазып жүретінмін, бірақ ешбірін ұмытпадым.

 

Астанада бір шенеуніктің үйіне ұры түсіпті деген хабарды оқыған соң сол хикаялардан біреуі еске түсті.

 

Хазар теңізі аймағында бір кісі өмір сүріпті. Күндердің бір түнінде үйіне ұры түседі. Ұйқыда жатқан жерінен оянып кетіп қараса, ұры ас үйге кіріп, қоймадан бидай ұрлап жатыр екен. Дереу барады да: «Қолыңдағы бір қап бидайды орнына қой. Кел, мына жерде ұн бар, осыдан ал», – дейді. Ұры аң-таң. Ол ол ма, ұн салынған қапты көтерісіп, арқасына салып жібереді.

 

Ұры түк те түсінбеген күйі үйден шығуға бет алады. Үй иесі дабыл қағып, шу шығармайды, арқасынан қару да кезеніп тұрған жоқ. Қапты жерге қояды да, үй иесіне қайта қарап: «Сіз неге шу шығарып, көршілерді оятып, дабыл қақпадыңыз? Оның үстіне маған бидай емес, ұн бердіңіз. Мұны қалай түсінуге болады?» – деп сұрайды. Сонда үй иесі: «Сен ұрлық жасасаң, онда мына бізде, байларда кінәрат бар. Біздің азықта сендей қарапайым халықтың да ақысы бар. Біз уақтылы зекет-садақамызды беріп, жоқ-жітікке қарайласқанымызда, жағдайларыңды сұрап, мұң-мұқтаждарыңды біліп, көмегімізді бергенде сен де ұрлық жасауға бармас едің, бұл ұрлық та орын алмас еді. Ал бидай орнына ұн ал дегенім, бидайды диірменге алып барасың, оның үгітіліп ұн болғанын күтесің. Сенің алдыңда онсыз да айыптымын, сол үшін дайын ұнды ал дедім», – дейді.

 

Ұрының жан-жүрегі ауырып, сол мезетте ағыл-тегіл жылаған екен. Артынша ол үйдің иесі ұстанатын Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған деседі. 

 

Сондықтан үйге ұры түсіп жатса, өздеріңізді кінәлаңыздар, шенеуніктер! Құдай кімге не тиесілі болса, соны береді. Халықтан алдың, халықтың бір баласы сенен алды... 

 

Назерке АТЫМТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ