Атамбаев неден қорқады?

01.08.2019
Қаралды: 99

Қырғызстанның бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаевтың экс-президент ретінде дербес тиіспеушілік құқынан айырылғаны, біраздан бері Ішкі істер министрлігінің тергеу басқармасына шақыртылып жатқаны белгілі. Ол өзіне жеткізілген бірнеше шақыртуға жауап бермеді, аталған басқармаға бармады.

 

Кешегі аптада А.Атамбаевтың үйіне Ішкі істер министрінің орынбасары Мирлан Қаниметов жанына бірнеше қызмет­керлерді ертіп барды. Бірақ ол Атамбаевтың үйіне кіре алмады. Келгендерді біраз күттіріп қойып барып шыққан социал-демократиялық партия өкілінің бірі оларға Атамбаевтың заңгері Соловьевтің Конституциялық палатаға хат жазғанын, одан жауап келмей тұрып Атамбаевтың ешқандай да сұрақ-жауапқа бармайтынын жеткізді. Яғни А.Атамбаев өзін ешқандай істе кінәлі сезінбейді, өзінің дербес тиіспеушілік мәрте­бесінен айы­рылуын заңсыз деп санайды. Ол өзіне депутаттардан құрыл­ған арнайы тексеру тобы таққан айыптарды мойындамайды.

 

Ал А.Атамбаевтың тергеу басқармасына шақырылу себебі кезінде жаза мерзімі аяқталмай жатып түрмеден босатылған белгілі қылмыскер Әзиз Батукаевқа байланысты екен. Атамбаев әзірге тергеу басқармасына куәгер ретінде шақырылуда. Дегенмен, кей сарапшылардың пікірінше, ол  кез келген уақытта күдікті деп танылып, қамауға алынуы мүмкін. «Атамбаевта осыған байланысты қандай да бір қорқыныш бар», – дейді сарапшылар.

 

Қырғызстанның бұрынғы президентінің жақтастары аз емес. Оның Қой-таш ауылындағы үйінде де арнайы штаб құрыл­ған. Жақтастары оны жауға бермеуге бекініп отыр.

 

Ал Атамбаев кешегі аптада Ресейге барып, Президент В.Путинмен кездесті. Айтуынша, Путин оны өзі шақырған. Екеуі Қырғызстандағы қазіргі саяси ахуалды талқылапты.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ