Қайыршақты ауылының болашағы зор болатын сияқты

01.08.2019
Қаралды: 126

Жақында ауданымыздағы Қайыршақты ауылына осы елді мекеннің тумасы, Сары­ағаш ауданының әкімі, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Қайрат Әбдуалиев арнайы келді. Ол көпшілік қауымға  құдайы тамақ беріп, өмірден озған марқұмдардың рухына құран бағыштады.

 

Бұл ауылдан талай жан түлеп ұшқан

 

Қайрат Аманкелдіұлы кіндік қаны там­ған, балалық шағы өткен ауылының болашағы қалай болатынын ойлай келіпті. Ал Қайыршақты ауылының тарихы тым тереңде жатыр.

 

Сонау 1928-1932 жылдары бұл ел алдымен ұсақ артельдерге бірік­тірілген. Кейін олар уақыт өте келе іріленіп колхоздарға айналған. Әр жерде шашыраңқы орналасқан Қарадөң, Қайыршақты, Қарабастау, Калинин секілді төрт колхоз орнап, Қайыршақты ауылдық кеңесі құрылады. Сол жылдары  ауылда түтін басы 400-ге  жеткен екен. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта халықтың 60 пайызы қырылып, біразы босқынға ұшыраған.  Олардың бір тобы Ташкент шаһарына, соның маңайындағы қыстақтарға барып қоныс­танған.

 

Сол бір қиын-қыстау кезеңде бүкіл қазақ жұрты бастан кешкен құқайды  шал­ғайдағы Қайыршақты өңірінен шыққан азаматтар да көріп жатты. Колхоз бастығы болған Қаржаубай Сармантаев, ғылым жолында жүрген лингвист-ғалым Ордабай Ағыбаев, Созақ аудандық комсомол комитетін басқарған Қыстаубай Нұрманов, оның інісі Әбдібек нақақтан-нақақ жалаға ұшырап, халық жауы ретінде шейіт болып кетті.

 

Жақсы аты шығып, қарапайым халыққа қорған болған азаматтардың арасынан ұзақ жылдар колхоз бастығы бол­ған Мырзатай Пармантаевты, аудандық ішкі істер бөлімі мен жер бөлімінде қызмет атқарған Қамашай Серікбаевты, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған Қошмақан Тоғызбаевтарды айрықша атап өтуге болады.

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше көзге түскен қайыршақтылық азаматтар да  жетерлік. Осы ауылдың тумасы Жолан Айтуманов  ең алғашқылардың бірі болып «Қызыл жұлдыз» орденін өңіріне қадаса, қатардағы жауынгер Жолдас Өскенбаев 1943 жылы жау ұшағын  атып түсіргені үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Дәл сондай ерліктің үлгісін танытқан Әбдіқадір Құралбаев та екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

 

Сондай-ақ Кеңес Одағы кезінде әйгілі «Киров» каналын қазуда үздік еңбегімен көзге түскен Қонысбай Зияев «Қазақстанның 30 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды. Оның ұлы Мықтыбек Қонысбаев та ұзақ жылдар ауданымыздағы «Алғабас»,   Киров атындағы колхоздарды басқарды.

 

Белгілі спортшы, Мәскеуде өткен ауыл спортшыларының спартакиадасына қатысқан Шәймерден Исаховты, еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, СССР спорт шебері Құлжабай Алтынбековті, «Оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Айғаным Туғанбаеваны, медицина ғылымдарының докторы Әмірхан Баймағанбетовті, «Ленин» орденді бригадир Нұрпапа Айғараевты және басқа да Қайыршақты ауылынан шыққан тұлғаларды жерлестері ешқашан да ұмытпайды.

 

«Болашағы жоқ» деп танылып еді

 

Міне, осындай тарихи кезеңдерді бас­тан өткеріп келе жатқан Қайыршақты елді мекені соңғы жылдары болашағы жоқ ауылдардың қатарына еніп, басынан бағы тая бастағаны шындық еді. Мұнда тұрғандар тіршілік қамымен жан-жаққа көшіп кетіп, ауыл жағалауда ескерусіз қалған ескексіз қайықтай жабырқап қалған болатын.

 

Әрине, бұның бәрі кіндік қаны там­ған, балалық шағы мен жастық кезеңі осында өткен азаматтарға оңай соқпағаны анық. Мұндай көңілсіз ой Қайрат Аманкелдіұлына да маза бермегені анық. Осы орайда ол өсіп-өнген жерін құрдым­ға жібермеудің жолдарын қариялармен, жалпы жұртшылықпен кеңесіп жүрді.

 

Бұл ізгі ниет қазіргі таңда өз нәтижесін бере бастады.  Өткен жылы көпші­ліктің талап-тілегіне орай Қайыршақтыға Көк­бұлақ ауылы арқылы электр желілері тартылды. Осы өңірде дүние есігін аш­қан еңбек ардагері, ел ағасы А.Шымырқұловтың демеушілігімен Қайыршақты өзеніне көпір салынып, пайдалануға берілді. Ауылдың жолдары жөнделіп, Қайрат Аманкелдіұлының тікелей ықпалымен осындағы ескі мазарат жаңартылып, жан-жағы қоршалды. Болашақта ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін мектеп, балабақша, медициналық тірек, дүкендердің жобасы жасалынып, спорт алаңының орны белгіленді.

 

Бүгінде Қайыршақтыда тұратындардың саны елу-алпыстан асса, табиғи газ тартудың жолдары да қарастырылуда. Егер Қайыршақтыда тұруға ықылас біл­діретін жас отбасылар табылып жатса, оларға жер учаскелері де тегін берілетін болады. Олардың егін, бау-бақшалары ешқашан ағын судан тарықпайтыны да қарастырылған. Бұл жердің мал ұстауға да қолайлы екенін ескерсек, болашағы жоқ деген ауылдың екінші тынысы ашыларына ешқандай да күмәніңіз қалмайды.

 

Міне, бұл мәселелердің бәрі Қайыршақты ауылының төл тумасы, Сары­ағаш ауданының әкімі, ауданымыздың Құрметті азаматы, жерлесіміз Қайрат Әбдуалиевтің көпшілікке берген құдайы тамағында кеңінен сөз болды. Мұнда жиналған қария­лар да, жастар да қанша қарбалас жұмысы болса да  туған жерін түлетуге атсалысуға бел буып отырған азаматтың бұл ниетін қуана қолдайтындарын жеткізді. Өз кезегінде Қ.Әбдуалиев те ауылға ең алдымен инфрақұрылым жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін, келешекте Қайыршақтының көркейе беретініне нық сенімді екенін айтып өтті. Қайыршақты ауылының байырғы тұрғындары Сарыағаш ауданы әкімінің бұл ізгі ниетін қуана құптаса, ақсақалдар жағы өз ризашылықтарын аталық ақ батасын берумен білдіріп жатты.      

 

Болашағы жоқ деген ауылдарымыз туған жеріне туын тіккен патриот азаматтардың арқасында түтіні түзу шығып, ырысымызды кеңейтіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?                                                                      

            

Орынтай  КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ