Шетелде өссек те өзге ұлтқа дес бермеген едік

01.08.2019
Қаралды: 226

Мен – қаны қазақ, жаны қазақ, қарапайым қазақ қызымын. Шетелде туып-өскенмін. Тарихи Отаныма көшіп келгеніме 12 жыл болды.

 

Шет жерде 35 жыл өмір сүрдім. Ол жақта қазақ деген ұлттың атына кір келтірмеу әрқашанда ойымызда жүретін. Ата-анамыз, жалпы, өзгелер де солай өмір сүрді. «Егер де өзге ұлтқа тұрмысқа шықсаңдар, әкем бар, шешем бар, аға-апа, бауырым бар дегенді ұмытыңдар, бұл өмірде біздің бетімізді көрмейсіңдер!» – деп ескертетін. Тәртіптің, тәрбиенің әсері ме, әлде өзіміздің де ұлтжандылығымыздан ба, өзге ұлтқа ешқашан дес бермедік.

 

Жоғары оқу орнында білім алып жүргенімізде небір сымбатты, небір білімді жігіттер артымнан жылап жүгірсе де бетін қайтардым. Айтатыным: «Қазақтың «любой дурагына» шығамын, тек өзге ұлтқа тұрмысқа шықпаймын!» – дегенімде: «Қазақтар, қандай керемет халықсыңдар!» – деп таңдайларын қағатын.

 

Ол кезде баламыз ғой, мен ұлтымды қадірлей­тінімді қалайда жеткізу мақсатында әзілдеп осылай айтатынмын. Біздің группада Асқар деген қысық көз, аузын ашса көзі жұмылып қалатын жігіт болатын, кейде группадағы жігіттер соны қолынан сүйреп маған әкелетін. «Мысалы, мына Асқар любой дурактың бірі, осыған тұрмысқа шығасың ба?» – деп шулататын. Мен Асқарды төмен көрсетпеу үшін ойланбастан: «Иә, шығамын!» – дейтінмін. Ол байғұс ұялып, қызарып кететін.

 

Бір институтта оқитын қазақ жігіттеріне өзге ұлттың қыздары қызығып, маған таныстыршы деп жалынатын, бірақ мен: «Таныстырайын. Тек үміттенбеңдер, бізде өзге ұлттан келін алу деген жоқ», – дейтінмін. Сонда олар қызығып: «Қазақтың тілі қандай әдемі! Сендер сөйлесіп тұрғанда бізге өте ұнамды естіледі. Үйретіңдерші қазақ тілін!» – деп қазақ жігітіне жақындау үшін қазақша үйренетін еді.

 

Соңғы кездері өз жерінде жүріп қытайға тұрмысқа шығып жатқандарды көріп өзегім өртеніп кетті.

 

Біз өзге елде жүріп ұлт тазалығын сақтадық. Өзгеге ұлтымызды жақсы жағынан көрсетіп, ата-бабамыздан қалған сапалы ұлттық қасиетімізбен, мақтанышпен басымызды биік ұстап, қазақ деген атқа кір келтірмей жүрдік. Сол себепті қазақты өте құрмет тұтатын.

 

Айтайын дегенім: ағайындар, әрбір отбасында ұлға да, қызға да қазақи тәрбие берсек, жақсы болар еді. «Баланы – бастан» деген ғой дана халқым, ұсақталмайық! Ірі болайық, тірі болайық!

 

Гүлзира ӘБДІКӘРІМОВА.

Қарағанды қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ