«Бояу мерекесі» бізге неге керек?

01.08.2019
Қаралды: 403

Таяуда ақпарат құралдарында Нұр-Сұлтан қаласында «Яркокросс - JUNGLE» жазғы шарасы өткені туралы жазылған болатын. (Яркокросс – марафонның жаңа форматы, «түрлі-түсті» марафон). Бұл шараның басты мақсаты – адамдарға жақсы көңіл-күй мен күлкі сыйлау екен.

 

Аталған ақылы марафонға қатысқан адамдар мәре сызығына жеткенге дейін оларға ұйымдастырушылар түрлі-түсті бояу шашып отырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бояу­лар экологиялық таза және қауіпсіз көрінеді. Марафонның басты ерекшелігі – қатысушылардың жүгіру жылдамдығы өлшенбейді, сәйкесінше жеңімпаздар мен жеңілгендер де болмайды. Енді аталған бояу мерекесі таяу күндері еліміздің басқа қалаларында да өтпек екен.

 

Дегенмен осы тектес шараларды аса қолдамайтындар да жетерлік. Солардың қатарында Кентау қаласының тұрғыны, тарих және сая­саттану пәнінің мұғалімі Абдумалик Абдуллаев (суретте) та бар. Ол кісі мұның үнділердің діни мейрамы екенін, оның біздің салтымызға жат дүние екенін айтады. 

 

«Жалпы, мұндай мерекелердің артында үндінің діни салт-дәстүрі тұр. Біздегі өткізілген бояулар мерекесін үндінің сол мейрамымен салыстырып қарасақ, екеуі ұқсас. Үндінің бұл діни мерекесінде адамдар ақ түсті киім киіп, бір-біріне бояу шашып, кімге бояу көп шашылса және кім көп бояу шашса, соның дұғасы қабыл болады деп түсінеді. Бізге соны әкеліп отыр. Үндінің мәдениеті деп ашық көрсетілмесе де мұның астарында бір саясат жатыр. Батыстан болсын, Шығыстан болсын, қай жағынан келсе де біздің дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, дінімізге кесірін тигізетін нәрселерді қоғам болып қабылдамауымыз керек. Солардың қатарына «Хэллоуин», «Валентин күні» дегендерді де жатқызуға болады. Мұның бәрі ақырындап санамыздың улануына алып келеді.

 

Кей телеарналар онсыз да үндінің сериалдарын үздіксіз беріп жатыр. Онда сол елдің әдет-ғұрпын, дінін насихаттап, көркем етіп көрсетуде. Өз басым үндінің ұзын-сонар сериалдарына түбегейлі қарсымын. Жастар үшін ешқандай мәні, құндылығы, тәрбиесі жоқ. Бұрын кришнаидтер, басқа да дін өкілдері көшеге шығып кітап тарататын еді. Кейіннен оған заңмен ты­йым салынса да олардың орнын осындай кинолар басып жатыр. Меніңше, осыған бір шектеу болуы керек сияқты. Қанша жерден жеке­меншік болса да телеарналарымыз ұлттық құндылықтарды жоғары қоюы қажет. Олай болмаған жағдайда оны заңмен реттеу керек. Экраннан көрсетілген дүниелер ұлттық құндылығымызға кері әсерін тигізбеуі тиіс.

 

Бұл айтып отырғандарымның тек үндінікіне ғана емес, басқа да шетелдік дүниелерге қатысы бар. Осындайларды көріп-біліп жүріп, оны санасына сіңіргендер дін мен дәстүрден ақырындап алшақтай беруі мүмкін.

 

Басқа бір сенімге негізделген мерекелердің елімізге енуі сананы улау үшін жасалған алғаш­қы қадамдар деп түсінуіміз қажет. Солай дабыл қағуымыз керек. Біз жанымыз шығып кетсе де руханиятымызды, мәдениетімізді, дәстүрімізді, дінімізді сақтауға тиіспіз», – дейді ол.

 

Расында да, аты да, заты да бөлек дүние­лердің біздер үшін маңыздылығы қанша? Осындайда елімізде қазақтың ұлттық ойындарына негізделген марафондар неге өткізілмейді екен деген ой туады. Сонда жастарымыздың санасында  салт-дәстүрлеріміз қайта жаңарып отырар еді.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ