Ұлттық күнтізбе жасаған жігіт

30.07.2019
Қаралды: 121

Ұлттық құндылықтарды барынша жандандыруға тырысып, кей дүниелерді қазақыландыруға тамшыдай болса да өз үлесін қосып жүрген жандардың жұмысы көңіл сүйсінтеді. Солардың қатарында Қарағанды қаласының тұрғыны Нұржан Сұршаұлы да бар. Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын алған ол тілшілік те қызметтер атқарыпты. Қазіргі таңда Нұржан «Қазақ халқы мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясының және жуырда ғана тұсауы кесілген Ұлттық күнтізбенің авторы.

 

«2012 жылы «Қазақ халқы мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясы» деген жоба бастап, қоғамдық жұмыс ретінде бос уақытымда айналысып жүрдім. Сол кезден басталған жобаның нәтижесінде 20 шақты кітаптар сериясы жарық көрді. Оның ішінде қазақтың тарихы, салт-дәстүрі, қолөнер, ұлттық спорт, қазақтың ас мәзірлері, құсбегілік, атбегілік, төрт түлікті баптау, халық күйлері, халық әндері туралы жинақтар бар. Әр кітапша әр бағыт бойынша шығарылған. Бас-аяғын қосқанда 3000 дана кітапша шықты. Соңғы жасағанымыз – ұзақтығы 6 сағаттан асатын және 1465-1991 жылдар аралығын қамтитын «Қазақтың 526 жылдық тарихы» атты аудиокітап.

 

Көбіне тарихымызға, мәдениетімізге байланысты мемлекеттік қолдаумен жарық көретін кітаптардың бағалары жоғары болады. Мысалы, «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан «Қазақтың 1000 күйі» деген күйлер жинағы 10 мың теңге тұрады екен. Қазақтың тарихына байланысты кез келген кітап құны жоқ дегенде 1000-1500 теңге. Егер орташа жалақы 70 мың теңге деп есептесек, отбасылы адамдар, оқушылар, студенттер үшін бұл бағалар аса қол­жетімді емес. Біз кітапшалардың бағасын 250 теңге деп қойдық. Осылайша жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды барынша қолжетімді ету арқылы олар­ға ұлттық бітім-болмысымызды насихат­тағымыз келді», – дейді ол. 

 

Аталған жобаның авторы да, демеушісі де Нұржан Сұршаұлының өзі.  Жоғарыда атап кеткен Ұлттық күнтізбе де осы жобаның жалғасы ретінде жарық көрді. Күнтізбенің ерекшелігі сол, оған Ұлт денсаулығы күні, Батырлар күні, Қазақ тарихы күні, Ақсақалдар күні, Қазақ тілі күні, Ұлт қайраткерлері күні, Салт-дәстүр күні, Туған жер күні сияқты 20 атаулы күн енген. 

 

«Ұлттық күнтізбе туралы ой осыдан бір жылдай бұрын келген болатын. Сол идеямыз іске асып, жақында жаңа күнтізбенің тұсаукесерін жасадық. Мұндағы мақсат – атаулы күндерді атап өту арқылы ұлттық дүниелерімізді ай сайын жаңғыртып отыру. Ұлттық күн­тізбенің осыған үлкен әсері болады деп ойлаймын. Өзіміз де осы атаулы күндерге байланысты шараларды тұрақты түрде өткізіп тұратын боламыз. 

 

Қазір қарасаңыз, Оңтүстік өңірде қазақтың қарасы мол, қазақылық басым шығар, ал біз жақта, еліміздің орталығынан бастап, солтүстік облыстарға қарай демографиялық үлесіміз аз. Өз басымнан өткен жайт, бес жылдан астам уақыт аралас-құралас болып жүрген қазақ жігіттермен орысша сөйлесіп жүретінбіз. Оларды мен қазақша білмейді деп ойлайтынмын. Бірде ойда-жоқта қазақшаға тартайыншы деген ниетпен бір жолдас балама қазақша сөйлеп көріп едім, сөйтсем, ол қазақ тілін біледі екен. Байқасақ, орталық-солтүстік аймақтарда мемлекеттік тілдің мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген. Көптеген факторларға байланысты мемлекеттік тіл саясаты баяу жүріп жатыр деуге болады. Жиналыстар да көбіне ресми тілде өтеді.

 

Мәселен, Қарағанды облысында қазақ тілінде жарық көретін екі-ақ газет бар: біреуі облыстық, біреуі қалалық. Осы тұрғыдан алғанда біз қазақылығымызды, тарихи санамызды жаңғыртуымыз қажет. Қазақ тілінде сөйлеу үшін адам өзінің қазақтығын ұғынуы керек. Ол үшін әрбіріміз тарихымызды, салт-дәстүрімізді білуге, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге тиіспіз. Біз осылайша тілімізді сақтай аламыз. Жастарға онсыз да сырттан әсер етіп жатқан дүниелер көп. Біз қолға алып жатқан жұмыстардың барлығы сол мақсатты көздейді», – дейді Нұржан мырза.

 

Ұлттық дүниелерді ұлықтағандар ғана ұлт болып қала алады. Келешек ұрпақ үшін оң шаруалар атқарып жүрген осындай азаматтарға сәттілік серік болсын дегіміз келеді.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ