Қытай қазақты неге менсінбейді?

30.07.2019
Қаралды: 126

Мен бұл жігіт ағасымен кездейсоқ танысып қалдым. Қытайдан келген қандас бауырымыз екен. Қытайшаға судай.

 

Екеуміз оны-мұны жағдайды әңгіме қылдық. Бір кезде ол өзінің қайда жұмыс істегені туралы айтып қалды. Біраз уақыт Қазақстанның батысындағы облыстардың бірінде Қытайдың мұнай компаниясында аудармашы болыпты. Жұмыстың қиындығын айтты. «Үй-күйіңді көрмей, алыс далада еңбек етесің», – деді. Сосын қытайлардың қазаққа қалай мәміле жасап, қалай жұмыс істететінін айта бастады.

 

«Бір күні мұнай бұрғылап жатқан 60 шақырым жерден қалаға келдік, – дейді ол. – Көлікті мен жүргіздім. Қасымда бір жас қытай бастық бар. Содан ол дүкеннен бірдеңелер алатын болды да, ішке кіріп кетті. Күн бұлтты еді. Ол шығамын дегенше жаңбыр жауып, қытай бастық машинаға жеткенше үсті аздап су болды. Кіре сала ол әй-шайға қарамай: «Көлікті неге тура дүкеннің аузына тақап апармайсың?! Менің үстім су болды!» – деп кіжіне жөнелгені.

 

Мен ашудан жарылардай болып отырған соң бірер ауыз қатқыл жауап берген болуым керек, жыл соңында сыйлық ақша берген кезде әрбір қытай 10 мың  долларын алды да, маған 3 мың доллардай ғана берді. Міне, теңсіздік. Бұл секілді мысалдар көп...

 

Бәрінен қорлығы – бір қытайдың  қазақтардың бәрін «анаусыңдар» деп қойып қалғаны болды. Мен бар қазақты бұлай атағанына намысым келіп тұрса да себебін білейін деп: «Неге олай айтасың?» – дедім. Сонда ол маған былай деді:

 

«Мен екі жыл Араб елдерінің біріндегі Қытай компаниясында үлкен бастықтардың бірі болып жұмыс істедім. Сол кезде біз мұнайға жауапты арабтардың кеңселеріне кіре алмай зар болатынбыз. Сондықтан оларға кезігудің ең бір сәтті уақыты арабтардың жұмыстан шығып, көлігіне отыратын кезі болатын. Егер сол кезде де көлігіне отырғанша үлгеріп, айтатын шаруаңды айтсаң, жолың болғаны. Олай болмағанда оларды машинамен қууға тура келеді. Тіпті 70-80 шақырымға дейін ілесіп отырып, үйлерінің, не басқа демалыс орындарының қасына барғанда сөйлесіп қалатынбыз. Сол кезде олар келген бізді көріп көліктерінен түсе де қоймайды. Терезесінен көз салып: «Не жұмысың бар?» – деп иек қағады. Бізді инвестор екен, шетелдік, басқа елдің адамы деп елемейтіндей. Біз олардың артынан осылай жүгіріп жүріп шаруаларымызды реттеуге тырысамыз.

 

Мен сол үшін оларды құрметтеймін, олар өзін сыйлата біледі, басқалардың алдында өздерін өр ұстайды. Ал Қазақстанда мен секілді бастықты көрсе осы жердегі мұнайдың иесі, соның айналасындағы бастықтар жалбаң қағып, қаумалап жүріп, кәукелектеп қалады. Сол кезде біз жаңағы арабтарға ұқсап, өзімізді керемет сезінеміз.

 

Ал жалпақтап жүрген қазақтарды құны жоқ, қадірі аз, өзін сыйлата да, бағалата да алмайтын халық секілді көремін. Сол үшін осы сөзді айтамын», – деді. Мен бұған қарсы дау көтере алмадым. Өйткені оның бетіме басып отырғаны өзім де көріп жүрген жайттар еді. Жер боласың, өтірік намыстанғаннан басқа амалың не?»

 

Міне, аудармашы жігіт осылай деді. Қазақтың қадірі неге қашты? Ақша мен мансапқа құлдықтан ба, әлде жаншылған рухын оята алмай, рухани, сана құлдығына әлі ойсыздықпен бас иіп отыруынан ба? Неге біз басқалардың табанында таптала береміз?

 

(Мақсат Қобдабаевтың «Мағыналы сөздер» парақшасында жариялаған материалынан).

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ