Биліктегілер қазақша сөйлесе, көп нәрсе өзгерер еді

29.07.2019
Қаралды: 204

Димаш «Инстаграмға» кейде қазақша пост салса, орыстар мен басқа елдегі орыстілділер дереу: «Перевод в студию!» деп жазады. Оған жұрт жапатармағай аударып береді. Бір адамның сондай «бұйрығының» астына 15-20 адам аударма жасайды. 

 

Осы жұрт неге біреулерге тегін қызмет көрсетуге әуес екен? 

 

Димаштың шын фанаты болса, қазақша үйренсін. Үйренбесе, тым болмаса «google translate»-ке жүгінсін. Кереметтей аудармаса да мағынасын түсініп алады.

 

Осы біз өзге тілдегі бір сөзді түсінгіміз келсе, аударма сайттарды ақтарып, біраз терлейміз ғой.

 

Ал жарайды, «бәрі бір Димашымыздың фанаты ғой» деп жанашырлық таныта қойсын, бірақ бір адам аударып берген соң болды емес пе? 15-20 адамның бірден бір сөзді бірдей ғып аударып, елпең-елпең ете қалуы не жалпылдақтық?

 

Қазақтілділердің орыстар сияқты «аударып бере салыңдар» деп шіреніп отырар күні бұл дүниеде туар ма екен деп қиялдаймын. Шет елде болмаса да өз елімізде солай шіреніп жүрер күн туса...

 

Қандай керемет болар еді!

 

Сондықтан билікке қандай болса да қазақтілді, жиындарды қазақ тілінде жүргізетін адам келсе деймін. 

 

«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңді өзгерт» деп біз қанша ана тілімізге адал болғанымызбен өзгеріп жатқан, қазақша сөйлеп жатқан жұрт, билік жоқ. 

 

Сондықтан әлемді болмаса да елді өзгерте алатын билігі бар адам қазақша сөйлемей, біздікі құр арамтер болу.

 

Нұрбану КАМАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ