Білім саласында Африкадан да артта қалыппыз

29.07.2019
Қаралды: 226

Оңтүстік Африка Республикасының Стелленбос қаласындағы Стелленбос университетінің кіре берісіне мынадай жазу орнатылған екен:

 

«Кез келген ұлтты жойып жіберу атом бомбасын немесе алыс қашықтыққа жететін зымырандарды қолдануды қажет етпейді. Ол үшін білім сапасын төмендетіп, оқушылардың сынақтан өту кезінде алдауына жол ашып қойса, сол жетіп жатыр.

 

Науқастар осындай білім саласынан шыққан дәрігерлердің қолынан өледі. Үйлер осындай саладан шыққан инженерлердің кесірінен бүлінеді. Ақша – осындай экономистер мен бухгалтерлердің қолынан, әділеттілік осындай заңгерлер мен судьялардың кесірінен жоғалады.

 

Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі».

 

Білім берудегі осындай ұстанымының арқасында болар, Стелленбос университеті бұл елдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны дәрежесіне жеткен. Ол дамушы елдердегі  ең мықты деп танылған 24 университеттің рейтингінде 14-орынды иеленген. Бұл білім ордасында бүгінде 30 мыңдай студент оқиды.

 

Ал Оңтүстік Африка Республикасы – Африка құрлығындағы ең дамыған ел. Ол әлемнің экономикасы өркендеген 20 жетекші мемлекетінің («G-20» – «Үлкен жиырмалық») қатарында тұр.

 

Сөзі мен ісі бір жерден шығып тұр деп осындай елдерді атаса болатын шығар.

 

Ал бізде ше? Бізде білім сапасы қандай?

 

Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі уақытта осымен 13-ші министр ауысты. 27 жылға шаққанда әр екі жыл сайын жаңарып тұрды десек болады. Ал биылғы жылдың өзінде ғана Күләш Шәмшидинова мен Асхат Аймағамбетов министр лауазымына тағайындалды.

 

Бұл саланы кімдер басқармады дейсіз? Білім саласын көркейтпек болғандардың қатарында бүгінде түрлі салаларда еңбек етіп жүрген Владимир Школьник, Қырымбек Көшербаев, Жақсыбек Құлекеев, Бірғаным Әйтімова, Жансейіт Түймебаев, Бақытжан Жұмағұлов, Ерлан Сағадиев сынды азаматтар бар.

 

Бұлардың әрқайсысы білім саласына өзінше тың жаңалықтар енгізбек болды. Саланы алуан-алуан сынақтардан өткізді. Ойына келгенін, шетелден көргенін ендірмек болды.

 

Осындай «жаңалықтардың» себебінен еліміздегі білім саласының, білім сапасының сілікпесі шықты десек болады.

 

Бұл саланың шулы жемқорлық оқиғалармен де ерекше көзге түсіп тұрғаны ойлантпай қоймайды. Министрдің бірнеше орынбасарлары мен басқа да лауазымды азаматтар, облыстар мен қалалардағы көптеген басқарма, бөлім басшылары сотты болды. Бюджет қаржысын талан-таражға салған, қалтасына басып, иемденіп кеткен, диплом, ҰБТ жауаптарын, грант, ғылыми атақ сатқан, тағысын-тағы, толып жатқан сыбайластық, парақорлық, жемқорлық оқиғалары нақ осы салада әшкере болып жатты. Бірі түрмеге қамалса, енді бірі абақтыдан миллиондаған теңге айыппұл төлеп құтылғандардың шұбал­ған тізімін келтіруге болады. Бұл сала әбден былыққа батты.

 

Осы орайда Білім және ғылым министрлігінде орын алған соңғы оқиғаны айтсақ та жетіп жатыр. Министрдің орынбасары Эльмира Суханбердиева сотталды, 6 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Бүгінде министрдің тағы бір көмекшісіне айып тағылғалы жатыр.

 

Ал осындай былыққа толы саладан жыл сайын  басым бөлігі сауатсыз мыңдаған мамандар оқу бітіріп шығуда. Яғни үлгерім көрсеткішін, білімді, біліктілікті, дипломды сатып алатындар аз емес. Ал олардан қандай маман шығады? Жоғарыда айтылғандай, сапасыз қызмет көрсетіп, талай нәрсеге кесірі тиетін, әділдікті жо­йып, тіпті адам өліміне себепкер болатындар осылай өсіп шықпай ма?

 

Үлкеннің де, кішінің де ойында тек қана сату, сатып алу, сатып жіберу тұрса, бұл енді білімнің күйреуі емей, ұлттың күйреуі емей немене?

 

Африка университетінде көрнекі жерге орналастырылған жоғарыдағы жазуды оқығанда бізді осындай ойлар толғандырды. Мән бере қарасақ, бұл салада қорқатындай жайлар жетіп-артылады екен.

 

Біздегі білім саласы қашан бір ізге түсіп, көркейеді? Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі болатынын ешкім де есінен шығармаса екен.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ