Зейнеткер апа қала әкімінен көмек күтеді

29.07.2019
Қаралды: 165

Кешегі аптада редакциямызға Гүлжамал Асқарова есімді апа келді. 61 жастағы зейнеткер Шымкент қаласының Еңбекші ауданына қарасты «Көксай-3» көшесінің тұрғыны екен. Ол кісі бізге өз басындағы жайтты былай деп баяндады:

 

«Мен өз жағдайымды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахы­мовқа «Замана» газеті арқылы жеткізсем деп едім. Айтайын дегенім баспанаға қатысты. Қазіргі үйімізде 1997 жылдан бері тұрамыз. Соғыстан кейін салынған үй екен. Кезінде бір орыстан сатып алған едік. Ескі болғандықтан сол үйіміз құзданып, қабырғалары түбінен үгітіліп, кей жерлері ойы­лып, құлап жатыр. Біз шамамыз келгенше жамаудамыз. Бәрібір түсіп қалады. Бір күні үй құласа астында қаламыз ба деп уайымдаймын», – дейді ол кісі.

 

Апаның өзі 2002 жылдан бері облыстық жүйке аурулары диспансерінде есепте тұрады екен. Оған қоса қан қысымы да мазалайтын көрінеді. Өзі таяққа сүйеніп жүреді, себебі осыдан екі жыл бұрын беліне ота жасатыпты. Дәрігерлер жүректе ақау барын да айтқан.  

 

«Қолымда 37 жастағы жалғыз ұлым бар. Екеуміз ғана тұрамыз. Ол да мен секілді жүйке аурулары диспансерінде есепте тұрады. Біз отбасымызбен ауыратын едік. Осыдан біраз уақыт бұрын сол ауыратын екі інім де қолымда тұрды. Өкінішке орай, олар қайтыс болып кетті. Олар да кезекке тұрған болатын. Қайтыс болған соң кезектен шығарылды. Біз түнде ұйықтай алмаймыз, өте күшті дәрінің көмегімен ұйықтаймыз. Сондай кезде үйіміз опырылса не болатынын қайдан білеміз. Бұрын бұл алты бөлмелі үй болған. Қазір кіре берісін қосқанда төрт бөлмесінде отырмыз. Екі бөлмесі құлап тын­ған. Ендігі сұрайтыным, кезегім келгенше бізге уақытша болса да бір баспана берілсе деймін. Тұрақты тұратын үй берілсе тіпті жақсы.

 

Менің бұл мәселем бұған дейін де бірнеше мәрте айтылған. Аудан әкіміне де, үй беретін жерге де бірнеше рет жазғанмын. Ондағылар кезегің келгенде аласың дейді. 2013 жылы кезекке тұрғанмын. Алдымда әлі 2000-нан астам адам бар. Соның өзінде есептеп қарасам, үй алуыма әлі 5-6 жылдай уақыт бар. Мынау сол басқармадан келген жауап хат», – деген ол қолымызға бір парақ қағаз ұсынды.

 

Гүлжамал апаның өтінішіне байланысты Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан келген бұл хатта: «Жоғарыда көрсетілген Заң талаптары азаматтарды тұрғын үймен тек кезек ретімен қамтуды көздейді. Кезектен тыс тұрғын үймен қамтамасыз ету Заң талаптарына қайшы келетіндіктен тұрғын жай мәселеңіз кезек ретімен оң шешімін табады. Уақытша баспана мәселеңіз бойынша бүгінгі таңда коммуналдық тұрғын үй қорында бос бөлмелердің болмауына байланысты Сізді уақытша тұрғын жаймен қамтуға мүмкіндік болмай отыр», – деп көрсетіліпті.

 

Десе де ол кісі үмітін үзбейді. Гүлжамал апа өз мәселесінің қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың құлағына жеткенін қалайды. Осылайша қала әкімді­гінен бір жәрдем болар деген үмітте.

 

Әрине, апаның жайы әкімдік тарапынан шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Қартайғанда қайда барып мұңын айтарын білмей жүрген апаның жан­айқайы тиісті жерге жетсе дейміз.

 

Ол кісі сөз соңында «Замана» газетін үзбей оқитынын да айта кетті.

 

«Өзім «Замананың» тұрақты оқырманымын. Алмасам, ауырып қаламын. Сенбі күні базардан арнайы барып сатып аламын. Менің бұл газетті оқығаныма шамамен 15-16 жылдай болып қалды. Ауруханаға жатып қалсам да «Замана» газетін әкеп беріңдерші деймін. Ондай кезде менің артымнан баратын адамдар да біледі, барса, газет ала барады», – дейді апа.

 

Зейнеткер апаның жайы әзірге осылай. Егер ел арасынан да көмек қолын созамын дейтін қайырымды жандар табылып жатса, Гүлжамал Асқароваға мына телефон нөмірлері арқылы тікелей хабарласа алады: 8-775-482-91-22, 8-771-382-85-00.  

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ