Браконьерлер тағы бір адамның өмірін қиды

29.07.2019
Қаралды: 130

Кешегі аптада Ақмола облысында браконьерлердің қолынан тағы да бір азамат қаза болды. Тағы да бір» деп отырғанымыз, осыдан біраз уақыт бұрын Қарағанды облысында да заңсыз аң аулаушылар бір адамды мерт қылғаны белгілі.

 

Яғни биылғы қаңтарда Қарағанды облысында аңшылық шаруашылығының 52 жастағы инспекторы Ерлан Нұрғалиев кісі қолынан қаза тапқан болатын. Аяусыз соққыға жығылған азамат алған жарақаттардан ес жимаған күйі астана ауруханасында көз жұмған еді.

 

Сол кезде Ішкі істер министрлігіндегілер қылмыскерлерді тез арада тауып, қатаң жазаға тартуға уәде берген болатын. Өкінішке орай, ол сөз күйінде қалып отырған сияқты. Себебі одан бергі жарты жыл ішінде кінәлі адамдардың табылғаны, жауапқа тартылып жатқаны немесе сотталғаны туралы ештеңе айтылған жоқ.

 

Бұл жай құқық қорғау орындарына деген сенімнің азаюына себеп болары сөзсіз. Себебі сол кездің өзінде екі джиппен жүрген, инспекторларды таяққа жығып, қыстың күнінде айдалаға тастап кеткен браконьерлердің қылмыстық жазадан құтылып кетуі әбден мүмкін екенін айтып жүргендер болған. Ықпалды адамдардың араласуымен, ақшаның күшімен жазадан құтылған оқиғалар бұрын-соңды талай рет орын алып жатқандықтан жұрттың көкейінде күмән болған еді. Сол күмән әлі де сейілмей тұр.

 

Аң түгілі адамды да аяуды білмейтін сондай браконьерлер енді Ақмола облысында ауыр қылмыс жасады. Олар бір отбасын асыраушы азаматынан айырды.

 

Бұл жолы браконьерлер өздерінің ізіне түскен инспекторлардың көлігіне оқ жаудырған. Соның салдарынан Қаныш Нұртазинов есімді 42 жастағы инспектор қаза тапқан, оның серігі Самат Оспанов кеудесі мен иығынан ауыр жараланып, ауруханаға түскен.

 

Бүгінде бұл қылмыс бойынша күдікті ретінде Арқалық қаласының әкелі-балалы екі тұрғыны ұсталғаны туралы айтылып жатыр. Әкесі 45-те, баласы 20 жаста екен.

 

Енді олардың ауыр қылмыс үшін тиісті жазасын алары анық. Ал қарағандылық инспектордың өмірін қиған қаныпезерлер ше? Олар әділ жазасын ала ма?

 

Құқық қорғау органдары осындай қылмыстар бойынша істі ашық жүргізіп, қылмыскерлердің кімдер екенін, олардың қандай жазаға кесілгенін жария етіп отырса, мүмкін мұндай жайлар орын алмас па еді...

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ