Журналистерге шабуыл неге жиілеп кетті?

29.07.2019
Қаралды: 88

Соңғы уақыттарда журналистердің жұмысына кедергі келтіретін жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе «Азаттық» тілшілерінің ақпарат таратуына қарсылық көрсетіп жүргендердің қарасы аз байқалған жоқ.

 

Осыған дейін белгісіз біреулер телеоператордың бейнекамерасын қағазбен жауып, түсірілім жасауына кедергі келтірсе, одан кейін де бетін медициналық маскамен тұмшалағандар тілшілердің алдын кес-кестеп, камераны қолшатырмен көлегейлегендер болған еді. Енді таяуда ғана Алматыдағы қазақстандық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросына баспасөз жиынына қатысуға барған БАҚ өкілдеріне шабуыл жасалды. Оның ішінде «Азаттық» радиосының, «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің және «Алматы» телеарнасының да журналистері бар. Жиырма шақты әйел тілшілердің камераларына зақым келтіріп, смартфондарын тартып әкеткен. Осының салдарынан аталған баспасөз жиыны өтпей қалды. «Азаттықтың» телеоператоры Тоқмолда Құсайынов болған жайтқа қатысты былай дейді:

 

«Мен түсіре бастаған кезде  еңгезердей әйел жүгіріп келіп, камерамды ұстады. Арғы жағынан екіншісі келді де тәпішкесін лақтырды. Үш-төртеуі мені бұрышқа тықсырды. Камерамның микрофонын жұлып, екіге бөліп лақтырып тастады. Әйелдерге шамам келеді деп ойлап едім, олар да мықты болады екен, камераны қолымнан жұлып алды. Қай жерінде тұратынын қайдан білетінін қайдам, оның «батарейкасын» да шығарып тастады».

 

Осы жағдайды естіген көпшілік бұл әйел­дерді «титушкалар», яғни әдейі ұйымдастырылған жалдамалы адамдар деп атады. «Әлдекімдердің тапсырмасымен жүргендер болуы керек» деп топшылағандар аз болмады.

 

Осыдан біраз уақыт бұрын өзін бірнеше әйел соққыға жыққан қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызы  әлеуметтік же­лідегі  өз парақшасында былай деп жазды:

 

«Иә, мені ұрған – осы «титушкалар». Үндемей-ақ қояйын десем, жан-жақтан сұрақ қоюшылар көбейіп кетті. Олардың ішінде мені ұрғандардың екеуін таныдым. Суреттегі семіз екеу. Тағы екі әйелдің жүзін таныдым, бірақ олар мені ұратын инцидентте анау екі семіз сияқты белсенді болмаған, массовкада көптің ішінде жүрген. Негізгі «титушкалар» армиясының қатарын осы сияқты әйелдермен күннен-күнге толықтырып жатқан сыңайлы. Бұл армия кімдікі – мәселе сонда.

 

«Титушкаларды» да іздеп, тауып, жауапқа тартады деп үміттенбеймін. Өйткені жеке өз басым сол күні ол қатындардың ісі туралы арыз жазғанмын. Онда да екі полицай ауруханаға өздері келіп арыз жаздыртып алып кеткен. Содан жым-жырт».

 

Дегенмен тілшілер құқық қорғау орындары­на арыз жазған соң бір топ әйел «Азаттықтың» кеңсесіне барып, сол кезде қақтығысқа қатысқан барлық әйелдердің атынан келіп тұрғандарын тілге тиек етіп, тілшілерден кеші­рім сұрады. Олар «әдейі ұйымдастырыл­ған» деген жорамалды жоққа шығарып, ондағы қақ­тығыстың аяқ астынан орын алғанын, өз араларынан да бір-екі әйелдің зардап шеккенін айтты.

 

Осындай шулы жағдайлардан соң журналист әрі құқық қорғаушы Инга Иманбай қол қусырып қарап отырудың жарамайтынын жет­кізді.

 

«Бұл бассыздық соңғы кездері шектен шықты деуге болады. «Азаттыққа» қатысты бұл бірнеше мәрте болған жағдай, ал адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросының пресс-залында болып тұрған төртінші немесе бесінші жағдай. Соңғы болған оқиғалар­ға қатысты ресми органдардың ешбірінен ешқандай шараның қолданылмауына, жазалан­ған адамның болмауына байланысты енді біз тек қана полицияға арыз жазумен шектелмей, құзырлы органдардардың осыған қатысты сал­ғырттығын тексеру фактілерімен де айналысамыз.

 

Біз дәл қазір полицияның ешқандай іс-әрекет жасамай отырғанын сенімді түрде айта аламыз. Себебі бұл бірінші рет емес. Осы жағдайдан кейін бізге полиция, құзырлы органдар көмектеспесе барлық журналистер бірігіп, өзіміздің кәсіби қызметімізді қорғау ісімен айналысу керек деп ойлаймын», – дейді ол.

 

Ал кедергі келтіргендерге заң бойынша қандай жаза бар? ҚР Қылмыстық Кодексінің 158-бабына («Журналистің заңды кәсіби қыз­метіне кедергі жасау») сәйкес, журналистің кәсіптік қызметіне кедергі жасау 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс­тарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған, сол сияқты журналистке күш қолданып не олардың мүлкін бүлдіріп немесе жойып жа­салған іс-әрекет – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айы­ра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзім­ге бас бостандығынан айы­руға жазаланады. 

 

Журналистерге кедергі келтіру әрекеті енді қашанға дейін жал­ғаспақ?

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ