Той, той, тойларың...

27.07.2019
Қаралды: 701

Әлеуметтік желіде біреулер өзгеше тойға шақыру қағазы мен сол тойда болатын іс-шаралар реті көрсетілген тізім жариялады. Шақыру қағазында «Той иелері: Болат Әбішұлы, Динара Кемелхан» деп көрсетілген. «Құрметті туған-туыс, ағайын, дос-жаран! Сізді 8-тамыз күні сағат 11.00-де Көктерек ауылында өтетін Еркежан қызымыздың 1 жас тұсаукесер тойына шақырамыз», – деп жазылған.

 

Той түнге дейін жалғасады

 

Мұнда айтылған жайлардың шындыққа қаншалықты жанасатынын білмедік. Ал той өтеді деп көрсетілген Көктерек ауылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарайды екен.

 

Той бағдарламасы мынадай деп көрсетілген:

 

Сол күні таңғы сағат 8-ден 8.50-ге дейін, яғни халықтың бас-аяғы жинал­ғанша радиоконцерт беріліп тұрады. Сосын сахнаға Алматы облысындағы Қарасай аудандық мәдениет үйінің «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі шығады. Тойдың салтанатты ашылуы басталады. Артқы фонда ансамбль ойнап, екі жүргізуші той туралы айтып тұрады немесе Шығыс Қазақстан облысы  мен Үржар ауданы әкімдерінің біріне және тойға келген құрметті қонақтарға сөз беріледі. Той иелері таныстырылады. Сосын той иелеріне арнау айтылып, ансамбльдің концерті басталады.

 

Сағат 10-нан 11-ге дейін құран бағышталып, ас беріледі. Одан кейін бәйге және көкпардың кезегі келеді, ол 3 сағат уақытты қамтиды. Бұдан соңғы 3 сағат спорт түрлерінен, қазақша күрестен жарысқа ұласады. Сахнада тұсаукесер рәсімі басталып, баланың тұсауы кесіледі. ЛЕД экранда Еркежанның бесік тойынан бейнежазба көрсетіледі.

 

Қарасай аудандық фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен өнерпаздар концертін тойға жиналған халық арнайы шатыр астында, ас ішіп отырып тамашалайды.

 

Сағат кешкі 17.00 – 18.00 аралығында радиоконцерт қойылады, лотерея ойындарына дайындық басталады. Одан кейін халыққа алдын-ала тегін таратылған лотерея бойынша ұтыстар үлес­тіріледі.

 

Кешкі 19.00 – 22.00 аралығында тойға Алматыдан барған өнер жұлдыздары мен Қарасай аудандық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің гала-концерті болып өтеді. Оның соңы мерекелік отшашуға ұласады. Оған 20 минут уақыт бөлінген.

 

Кешкі сағат 22.20-дан түнгі 1-ге дейін арнайы жалданған диджейдің жүргізуімен дискотека болады.

 

21 миллион теңгеге автокөлік тігілген

 

Ал бұл тойға жұмсалатын шығын былай деп көрсетілген:

 

1. Кәсіби фото, видео түсірілімдер. (2 фотограф, 3 камера, 1 кран, 1 дрон, 3 альбом). Сағат 9.00-ден 00.00-ге дейін. Жалпы сомасы – 1.000.000 теңге.

 

2. Алматыдан баратын әртістер. (Мақпал Жүнісова, Қайрат Нұртас, Қуандық Рақым, Өмірқұл Айниязов, Жанар Айжанова). 1.000.000 теңгеден, 5.000.000 теңге.

 

3. Жүргізушілер: Гүлмира, Айдар, Медет, Гүлден.

 

4. Сахна, дыбыс, жарық, ЛЕД экран, қазақы үйлер, подиум, шатёр. (Жауапты – Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі).

 

5. Диджей. 150.000 теңге.

 

6. Көктерек ауылының тұрғындарына тегін берілетін лотерея ойыны. (1000 лотерея).

 

Машина «Лада Гранта», 3.000.000х7=21.000.000 теңге.

 

Тоңазытқыш, 2 дана, 80.000 х 2 = 160.000 теңге.

 

Шаңсорғыш, 5 дана, 13.000х5=165.000 теңге.

 

Мұздатқыш, 2 дана, 100.000х2=200.000 теңге.

 

Духовка, 10 дана, 12.000х10=120.000 теңге.

 

Болгарка, 5 дана, 12.400х5=62.000 теңге.

 

Сүт машинасы, 5 дана, 10.000 х 5 = 50.000 теңге.

 

Монғол электрлі қазаны, 5 дана, 12.000х5=60.000 теңге.

 

Термопот, 5 дана, 8х5=40.000 теңге.

 

Ұялы телефон, 5 дана, 50.000 х 5 = 250.000 теңге.

 

7. Айтыс (2 жұп). 4 орын, 4 ақынға да бірдей, әрқайсысы 1.000.000 теңгеден, 4.000.000 теңге.

 

8. Той малы: 1 жылқы (ту бие) – 400.000 теңге; 1 сиыр – 250.000 теңге; кәуапқа – 5 қой, 25.000х5=125.000 теңге.

 

9. Құран бағыштау дастарханы (500 адам). Шелпек, бауырсақ, өрік, мейіз, кәмпит, құрт, ірімшік, қатық, ет, күріш, шай, сүт, қымыз – 1 тонна, 400.000, 3.000.000 теңге.

 

10. Той дастарханы тойбастарымен (500 адам), 5.000.000 теңге.

 

11. Салют, 20 минут, 4.000.000 теңге.

 

12. Жолға 3 үлкен автобус (бензин) 80.000 теңгеден 240.000 теңге.

 

13. Бата бергендерге шапан, 5 дана.

 

14. Ауылға дейінгі жолға, қазақы үйлер тігілген жерге дейін асфальт төсеу.  (ШҚО әкімдігі).

 

15. Барлығы: 45.272.000 теңге. (120.800 доллар).

 

Ұлының тұсаукесер тойын өткізіп еді

 

Міне, Көктеректе өтеді деп айтылып отырған той туралы осындай рас-өтірігі белгісіз дерек жарияланды.

 

Жалпы, Б.Назарбаевтың қанша әйелі бар екені белгісіз. Ол кісінің басқа да тойлары мен балалары, әйелдері туралы видеолар ел ішінде тарап жүр.

 

Біз ғаламтордан Б.Назарбаевтың отбасында болған бір тойдың бейне­түсірілімін көрдік. Яғни оның ұлы – Хантөренің 1 жасқа толғанында жасалған тұсаукесер тойынан көріністер жарияланыпты.

 

Кішкентай Хантөренің тойы ұлттық нақышта, ұлттық салт-дәстүрлер негізінде жасалған екен. Кең залда қазақша киінген қыз-жігіттер өнер көрсеткен. Қолына қыран құс қондырған, жетегіне тазы ерт­кен ұлттық киімдегі жігіттер жүрді.

 

Бұл тойды Тұрсынбек Қабатов жүр­гізді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйледі. Белгілі айтыс ақыны Балғынбек Имашев арнау айтты. Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, эстрада жұлдыздары – Мәдина Сәдуақасова, Абай Бегей, Төреғали Төреәлі ән шырқады. Бұл тойда Жеңіс Ысқақова, Айқын Төлепбергенов, тағы басқа әншілер де  бой көрсетті. Той соңында Б.Назарбаевтың жақын араласатын достарының бірі, белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні орындалды.

 

Хантөренің анасы, яғни Б.Назарбаевтың әйелі Гүлнұрдың да әншілік өнері бар сияқты. Ол осы тойда ұлына арнап шығарылған әнді орындады.

 

Кей деректерге қарағанда, Гүлнұр Назарбаева соңғы бірер жылда жұртшылыққа жақсы жағынан танылған «BN» триосының көркемдік жетекшісі болған деген сөз бар. Ал үлкен қыздары Альбина Назарбаева осы топтың мүшесі ретінде көпшілікке танылған. Ол Алматыда өткен халықаралық ән фести­валінде поп-музыка бағытында ән орындаған, бейнебаян түсірген. Ал анасы осы фестивальге қаржылай демеушілік көрсетіпті. Альбина «BN» тобынан Малайзияға оқуға кететіні себепті қол үзген көрінеді.

 

Б.Назарбаев осыдан екі-үш жыл бұрын өзінің мектепке барған кіші қызының туған күнін де дүркіретіп тойлап өткізіп еді.

 

...Жалпы, бұл кісі туралы әңгіме өте көп. Аңызға айналған адам болып тұр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ