Жұманәлі мен Маратқа жұрт риза

27.07.2019
Қаралды: 219

Арыста жарылыс болғанын Дермене елді мекенінің әкімі Жұманәлі Қадиевке (суретте) ауыл инспекторы Марат Шынқожаев телефон арқылы хабарлады. Ол қала әкімдігінде селекторлық жиналыста отыр еді.


Артынша-ақ қала әкімі телефонын құлағына ұстаған күйі асығыс сыртқа шығып кетіп, іле-шала есікті қайта ашып, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығын ымдап шақырды. Санаулы минуттар өтпей-ақ гүрсілдеп атылған снарядтардың дауысы есітіліп, көпшілік абдыраған күйі төменге ұмтылды. Әлсін-әлі сынған терезелердің жағымсыз үні жаңғырып, жерге саулап түсіп жатқан дауыстары естілді. Тосын апаттың келгенін түсінген жұрт төменгі қабатқа жиналды. Жақын маңдағы үйлерден жанталаса қашқан халық әкімшілікке қарай жүгіріп келіп жатыр екен. Дәл осы жағдайда халықты ғимаратқа кіргізу қауіпті болатын. Күзетшілер ішке ешкімді кіргізбеді. Сәл саябырсыған сәтті пайдаланып, көпшілік мәдениет үйіне қарай қашты.

 

Жұманәлі асығыс көлігіне отырып, жанұшырған көпшіліктің арасынан жол теріп, орталық мешітке қарай беттеді. Сеңдей сапырылысқан халық пен көліктер бірін-бірі соғып өтсе де оны елеп жатқан ешкім жоқ. Құмырсқадай қаптаған машиналар кептелісі алға жүруге де мүмкіндік бермеген соң көлігін мешіттің жанына қойып, өзі ары қарай жаяу кетті.

 

Көше-көшені қуалай ұшқан снарядтардың қорқынышты дауысы мен от шашқан жарылысынан шошынған халықтың жанұшыра айқайлағаны жүректі қан жылатады. Әркім әрқилы жолмен қауіпсіз жерге шығып кетуге асығады. Жұманәлі қиналған кәрі аналар мен балаларға жылы сөзін айтып, жігерлендіріп, көппен бірге стадион мөлтек аумағы арқылы қырға шықты. Қыр үстіндегі халықтың қарасы өте көп. Қаладан жеткен оқ-дәрі исі қолқаны жарып, тынысты тарылтады. Күн ыстық. Жұманәлі жылаған бала дауыстарынан су іздеп жатқанын байқап,  жүрегі сыздады. Елге қажет суды жеткізудің жолын қарастыруды ойлап, қалаға, су айдайтын қойманы бетке алды. Осы жерге келген өрт сөндіру машинасының экипажына жолықты.

 

«Жігіттер, анау қырда халық ауыз судан қиналып жатыр. Әсіресе бала-шаға шыдай алатын емес. Машинада су болса, халыққа қызмет жасасақ сауап іс болар еді», – деді. Экипаж бастығы, капитан Нұрғали Мырзахметов екен. Жанында аға жүргізуші, аға сержант Ербол Әбжанов, аға техник Нұржан Пірімқұлов, өрттен құтқарушы Әлжан Дүйсен бар – экипаж мүшелері тез орындарына жайғаса сала машина жөңки жөнелді. Аз уақыттың ішінде биік қырға шығып, қалжыраған адамдарды аралап жүріп, ауыз су берді. Самайынан тері сорғалаған сары ауыз сәбилерді көрген жігіттер көңілі жыласа да көздеріне жас алуға арланып, жылы сөздерімен жұбатып жатты. Шамамен 5000-ның төңірегінде шоғырланған халықты тегіс сумен қамтамасыз етіп болғанда өрт сөндіру экипажына арнайы бұйрық түсті. Олар соны орындауға аттанып кетті.

 

Осыдан соң ауыл әкімі Дерменеге қайтты. Ол Дерменеге жеткенде ондағы халық тегіс көшірілген болатын. Ұшқан снаряд ауылдан үш шақырым асып барып түскен екен. Инспектор Марат күтіп алып, екеуі ауылды аралап, «Теміржолшы», «Орманшы» бөлімдерін, бау-бақшалықты аралып шықты. Ауылда суыт жүрген жеңіл көлікті көріп қалып, ізіне түсіп еді, олар қара үзіп кетті.

 

«Марат, біз ауылдан кетпейік. Мына машина тегін келмеді. Халыққа тигізген пайдамыз болсын, түнімен ауылды күзетіп, кешігіп келген малды жайғап шығайық», – деді ол. Сонымен Марат екеуі түн бойы кірпік ілмей, ауылды ұры-қарыдан күзетті.

 

Ауыл адамдары кейін бұл екеуіне алғыстарын білдіріп жатты. Иә, қолдан келіп тұрса, алғыс алғанға не жетсін!

 

Темірхан ӘБДІКОВ.

Арыс қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ