Қалбибі Баймышеваға көмек берілді ме екен?

27.07.2019
Қаралды: 119

Жақында «Уатсапқа» бір видео келіп түсті. Арыста тұратын құрбым жіберіпті. Мұндағы әйел қалада жарылыс басталған кезде ауруханада күндізгі ауысымда жұмыста бол­ған екен. Видеода былай деп сөйлейді:

 

«Саламатсыздар ма, халқым! Сол қаралы, 24-маусым күні мен күндізгі ауысымда болдым. Жарылыс біз жұмыста жүрген кезде болды. Сол жерде қасымдағы жүкті медбикемен бірге жансақтау бөлімінде жатқандарды далаға шығарамын деп ана операция бөліміндегі әйелді, кішкентай баланы шығардық. 

 

Жұрт құжаттарын алып қашып жатқан кезде мен ауруханада жүрдім. Жарылыспен жағаласып, үйге аяқ-қолым тырысып зорға жеттім. Үйде жасы 100-ге жақындаған шешем мен кішкентай екі балам ғана бар. Күйеуім де жоқ сенетін. Жүгіріп зорға дегенде жеткенімде үй қирап жатқан. Дереу анамды «коляскаға» салып, екі баламды екі жағыма алып шыққанда көшеде адам да қалмаған екен. Стадионға қарай жүгірдік. Артымыздан, жанымыздан снарядтар түсіп жатты. Біресе олай, біресе былай қашып жүріп стадионға жеттік.

 

Көмегін аямаған қарапайым халыққа рақмет! Жұртты көлікпен тасып жүрген ешқандай бастықты көрген жоқпын.

 

Біз стадионға жеткен кезде Арыста адам да, машина да қалмаған. Менің алдымда – «коляска», екі жағымда екі балам, сонымен далбасалап келе жатқан кезде полицейлер жолығып, ол жерден алып кетті. Шешемді «жедел жәрдем» әкетті. Құдайына қараған бір орыстың машинасында сағат түнгі 3-4-ке дейін «41-разъезде» жасырынып тұрдық. Шешем сол жерде тұрғанда шыдамас еді.

 

Енді Шымкенттен әкеп тастағалы бері далада жатырмыз. Үйді көріп тұрсыздар, міне, не бір құжатым қалмаған, не бір ақша алмағанмын. Басымның аман қалғанына қуанып кете бергенмін. Келгелі бері қалай жағдайың деп сұрап келген бір адамды көрген жоқпын. Депутаттар өтіп жатыр көшеден беттері жалпая қарап-қарап.

 

Е-е-е, одан да сөз жәрдеміңді айтсайшы. Беретінің жоқ па, ана қарапайым халық тістеп-тіртінектеп қолындағысын беріп отыр ғой, соны осындай қиналған жерге беріп көмектессейші.

 

Қазір «шок» болып отырмыз. Ең болмаса бір қайғыма ортақтасып, ең болмаса баласын демалдырып әкелейік деп әкетпейсіңдер ме? Ең болмаса халықтың жіберіп жатқан көмегін аямаңдар бізден!»

 

Осылай деген әйел ызаланып кетіп, әлдекім­дерді тілдеп те жібереді, соңында жылап қалады. Бұл әйелдің есімі Қалбибі Баймышева екен. Алты баланың анасы, күйеуі қайтыс болған. Перзентханада «санитарка» болып жұмыс істейді екен.

 

Біз бұл кісінің телефон нөмірін тауып алып, жағдайын білмек болғанбыз. Құжаттарын қайта жасапты ма, үйін жөндеп жатыр ма екен? Жұртқа беріліп жатқан көмектен құр қалып кеткен жоқ па? Осыларды білмек болып едік. Алайда телефоны сөндірулі. Хабарын алу мүмкін болмады.

 

Қысқасы, Қалбибі Баймышеваның жариялаған видеосын көріп жүрегіміз ауырды. Арыстықтар, еліміздің әр аумағынан көмекке барған аға­йын, сіздерден өтініш, осы әйелді тауып, мәселенің жай-жапсарын анықтап, көмек қолын созыңыздаршы!

 

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ