Ана тәрбиесін көрген қыз адаспайды

27.07.2019
Қаралды: 259

Жасым қырықтан асқанша анамның мені еркін өсірмегеніне, «қыздың жолы жіңішке» деп көп нәрселерге шектеу қойғанына іштей наразы болатынмын. Қалаған оқуыма түсуге мүмкіндік жасап, сәл еркіндік бергенінде өмірім бұл күнгіден басқаша болар ма еді деп өмірімдегі кейбір сәтсіздіктеріме анамды кінәлаушы едім.

 

Алайда бұл ойымның қате екенін жақында түсіндім.  Оған екі танысымнан естіген әңгіме себеп болды. Анасының қамқорлығын ұрыстыға санап, өзім секілді дұрыс түсінбей жүрген сіңлілерім болса, сабақ алсын деген мақсатта естіген оқиғаларды жазуды жөн көрдім.

 

Бірінші танысыма күйеуі айтып берген оқиға былай болған екен:

 

«Сонау 1990 жылдардағы қиыншылық кезінде күйеуімнің үйінің жанына ауылдан алты балалы бір әйел көшіп келіпті, – деп бастады ол әңгімесін. – Ол әйел күйеуінің қайтыс болғанын, өзі ауылда күн көре алмай қиналғасын қалаға келгенін айтыпты. Балаларының үлкені 14-15 жастар шамасындағы қыз, одан кейін бес ұл екен.

 

Көп ұзамай әлгі әйелдің үйіне бөтен еркектер жиі келе бастаған. Алғашында: «Бұлар кімдер?» – деген көршілеріне оларды «ағам», «қайынағам», «қайным» деп құтылады екен. Бірақ бұл әйелдің еркек туыстары таусылмай кеткесін көрші-қолаң жиылып, бұл жер жын-ойнақ жасайтын жер емес, балаларымыз көріп бұзылады дегенді айту үшін үйлеріне барса, тапа-тал түсте аядай бөлмеде қызы екеуі екі еркекпен жатқанын көреді. Мынадай сұмдықты өз көздерімен көріп шошын­ған тұрғындар милиция шақырып, соңы үлкен дауға ұласыпты. Ұрлығы ашылып қалған әлгі әйел: «Сонда мен қайтіп күн көруім керек? Алты баланы қайтіп асыра дейсіңдер маған?» – деп жылапты. «Қызыңда нең бар?» – дегендерге: «Маған қарағанда оған көп төлейді», – деген екен».

 

Осы оқиғаға куә болған әлгі таныс әйелдің күйеуі содан кейін әйелдерге сенуден қалғанын айтыпты. Өзінің әйелі мен қыздарын да қия бастырмай, ізінен аңдып, тексеріп отыруды әдетке айналдырған. Ал таныс әйел сондай жеңіл ойлы әйелдер еркектердің сенімсіздігін оятып, бүкіл әйел атаулыға қара күйе жағып жіберетінін айтып күйінді.

 

Ал екінші танысымның әңгімесі мынадай:

 

«Отбасымызбен араласып жүрген күйеуімнің досы жасы елуге таяп қалғанда он сегіз жастағы қызға үйленді, – дейді ол. – Сол үшін әйелі мен балаларын тастап кетті. Кейін оның әйелін кездестіріп қалып, не болғанын сұрағанымда, ол: «Көңілдесі барын сезетінмін. Тіпті талай рет үстерінен түсіп, ұрыс шығарып, күйеуімді жетектеп әкететінмін. Бірақ балаларым үшін кешіріп, бәріне көзімді жұмып келген едім. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген рас екен. Әжептеуір бизнесі бар күйеуімді уысынан шығарғысы келмеген әлгі әйел ақыры қызына қосып тынды ғой», – деді.

 

Қазір бірінші әйелі балаларын үйлендіріп, қыздарын ұзатып, немерелі болып отыр. Ал еркек балаларымен мүлдем араласпай қойған. Екінші әйелінен туған балалары немерелерімен жасты. Бір кезде көңілдесі болған әйел енді енесі. Бір-бірінің бетіне қалай қарап жүр екен?»

 

Танысым әңгімесін осындай сұрақпен аяқтады. Ал менің «Сұмдық-ай!» деуге ғана шамам келді. Ақша үшін өз қызын ақшалы еркекке сата салатын осындай әйелдердің барын естігенде өз анамның мені қызғыштай қорып, үйден шығармағанына, қатар-құрбыммен кештетіп киноға, «бешірге», тіпті алыстағы Алматыға, өзім қалаған оқуыма жібермей қойғанына да – бәрі-бәріне риза болып кеттім. Мұның бәрі анамның шамасының келгенінше мені қорғағаны, көз алдымда жүрсін деген қамқорлығы екен-ау. Ал мен ол кісіні өзім ана болып, қыз өсіріп отырсам да осы күнге дейін түсінбей келіппін. «Өмір – сабақ», «Жүре берсең көре бересің» деген осы екен. Құдайым аналарға ақыл-парасат пен қанағат берсін. Парасаты мол, қанағатшыл әйел ғана намысты ұл-қыз тәрбиелесе керек.

 

Г. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ