Талап пен тәртіп төмен екен

27.07.2019
Қаралды: 73

«Замана» газетінің электронды почтасына әріптесіміз, журналист  Серікбай Тұржаннан осындай тақырыпта мақала келіп түсті. Ол кісі Сарыағаш қаласындағы шипажайлардың біріне қатысты сын айтыпты. Мақаланың толық мәтіні мынадай:

 

«Сарыағаштың «Салма-Караван» шипажайына жолдама алғанымды естіген бір танысым: «Ой, Сәке-ай, ол жерге бекер барасыз ғой. Сарыағаштағы нағыз нашар шипажайдың бірі сол «Салма-Караван». Қызметкерлері дөре­кілеу, басшысы болса, демалушылармен пікірлесіп, әңгіме­лесуден қашып жүреді. Ал асханадағы адам төзбес жағдайды енді өзіңіз бар­ғанда бір-ақ көрерсіз», – деген еді.

 

Расында да «Салма-Каравандағы» жағдайды бара көріп, шошып кеттік. Біз орналасқан 4-корпустың күнбатыс беті алба-жұлба, көзге бірден  ұсқынсыз көрінді. Қызмет­керлерінің айтуына қарағанда, күн сәулесінен қорғаныш ретінде арнайы тұтылып қойыл­ған ақ маталары жыртылып, желмен бірге  желп-желп еткенде көзге тіптен оғаш көрінеді екен.         

 

Айтып отырған 4-корпус пен тамақтанатын асхананың арасы біраз жер болғандықтан тынығып, демалушылар мен ем алушылардың үлгергені арнайы тасымал үшін қойылған машиналармен, ал үлгермегендері жаяу-жалпылап дегендей күннің 40-50 градус ыстықтығына күйіп-пісіп, ары-бері қатынап жатқаны сол. Басқа не істейді, айдың күннің аманында аш қалсын ба?

 

Мынадай өркениетті заманда «Салма-Караванның» асханасындағы жағдай біреуге күлкі, біреуге түрпідей көрінеді. Ас ішетін үсте­ліңіздің үсті бірде сүртіліп, бірде сүртілмейді. Кейде сол үстел үс­тіндегі ауыстырылмастан, сол күйі қалып қойған қатып қалған нанды көргенде демалушылардың арасындағы айқай-шу мен наразылықтардан құлағың тұнады. Кейбіреулер үстел үстіне қолындағы темір қасығын ұрғылап, дая­шыларды әзер дегенде шақырып алып, кезек-кезек мұңдарын шағып жатқаны. Ал енді кейбір демалушылардың мұздап қалған шай ыдыстарын алып, асхана жақ­қа қарай қаптап кетіп бара жат­қанын көргенде, әрине, еріксіз қынжыласың.     

     

Жан-жағымыздағы әлгіндей келеңсіз көріністерге таңырқай да жатырқай қарайтын біз отырған №32 үстелдің де жағдайы бір күні кенеттен тым күрт нашарлап шыға келді. Таңертеңгі асқа қойылған нан кешегіден қалған күйі ауыстырылмағандықтан қатып қалыпты. Ол аз дегендей, қант салғыш ыдыстың түбіндегі қалған құмше­керіміз де әлгі нанның күйін кешіп тұр екен, оны қасықпен ұрғылап жүріп әйтеуір қалпына келтіріп алдық-ау. Тіс тазалағыш пен қол сүртетін ақ қағаз да қо­йылмапты. Жанымызға арнайы шақыртумен келген бас аспазға көпті көрген Мырзан Асабаев деген азамат асхана меңгерушісін шақырып келуді тапсырып еді, өкінішке орай, бізге келіп, жағдай сұраудың орнына сонадай жерде алды-артына қарамай зытып қалыпты. Қашып бара жатқан егделеу әйелді көрші үстелде отырған әріптестеріміз: «Кетті, қашып бара жатыр! Администраторымыз сол кісі ғой», – деп нұсқай күліп көрсетіп жатты.     

    

Жалпы, «Салма-Каравандағы» асхана жағдайы қашан біз қайт­қанша осылай айқай-шудан бір арылған жоқ. Ас таратушылардың қалай болса солай киінісіне реніш білдірген шардаралық бір келіншек: «Айналайындар-ау, ас таратушылардың талапқа сай киінетін бір арнайы үлгісі болмаушы ма еді? Асханадағы тазалық, тәртіп пен талап осыдан басталмайды ма? Шаштарың қалай болса солай жалбырап, тағы да ас таратасыңдар. Қайда бас киім, арнайы орамалдарың? Сендер шашты жайып жіберетіндей көшеде жүрген жоқсыңдар ғой. Сонымен бірге қарым-қатынаста мәде­ниетті сөйлеу деген болмаушы ма еді?» – деп ойындағысын айтып салғанда өзге демалушылар да жан-жақтан оның сөзін қостап-қолдай кетіп жатты.    

 

Асханадағы мынадай жағдай кім-кімді болмасын қанағаттандыра қоймасы екі бастан белгілі. Ал әлгі біз айтқан 4-корпустағы емдеу ісі де анау айтқандай көңілге қона бермейтін болып шықты.  Минералды су ваннасындағы тиісті температура әркімге тиісінше бә­рін­де бірдей сақтала бермейтіндігі тағы да сол емделушілердің наразылығын тудырумен болды. Бұл корпуста электр тогының жиі өшіп қалуы салдарынан қажетті физио­терапиялық ем қабылдау жағы да емделушілерге айтарлықтай қиыншылықтар әкеліп жатты.    

 

Өкінішке орай, шипажай басшысы А.Мелдеева ханымның біз қайтқанша, яғни 12 күн ішінде арамызға бірде-бір рет келіп, демалушылар мен ем алушылардың жай-күйімен танысып, ілтипаттық танытпауына таңқалдық. Сары­ағаштағы «Салма-Караван» шипажайының тәртібі мен талабы  онда демалушылардың сөзі мен өзіміз көрген жағдайға қарағанда кім-кімді болмасын онша көп қанағаттандыра қоймасына  көзіміз жетті.

 

Сол сияқты шипажайдың демалушыларына мәдени-көпшілік  қызмет көрсету ісі де тиісті дәрежеде болмай шықты. Тек даңғаза биден басқа көркемөнерпаздар қызметін, көпшіліктің көңіл-күйін көтеретіндей  іс-шараларды ұйымдастыруға тиіс арнайы маманды біз бұл жерден көре алмадық. Соған қарағанда, шипажай басшылары тек ай сайын түсіп тұратын  қаражатты ғана көңілдеріне медеу тұтып, тек соны  ғана тоқ санайтын болса керек. Ал соншалық қаражат әкеліп, шипажайдың табыс көзін арттырып отырған демалушыларға талапқа сай қызмет етуді осалдатып жіберіп отырған шипажай басшыларының бұл қылығы бізге ұнай қойған жоқ.     

 

Бір топ демалушылар атынан:                                        

Серікбай ТҰРЖАН, Қазақстанның Құрметті  журналисі».

 

Редакциядан: Серікбай Тұржан осылай дейді. Сын орынды болса, одан нақты нәтиже шығарылып жатса, одан ешкім де ұтыла қоймас деп ойлаймыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Серікбай Тұржанның байланыс телефоны: 8-702-503-74-12.

 

Пікір қалдыру

1000 символ